ҰЗАҚ ӨМІР СҮРУ – ӨЗ ҚОЛЫМЫЗДА

«Қазақстан әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін біздер белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар болуымыз керек», – деп Жолдауда атап көрсетілді. Дүние жүзі қауымдастығы ел мен  елді салыстырғанда тек экономиканы ғана емес, әлеуметтік көрсеткіштерді де басшылыққа алады, оның ішінде денсаулық сақтау саласының да көрсеткіштері бар. Сол себепті де әкімдердің рейтингілік көрсеткіштеріне елдегі тұрғындардың орта өмір сүру жасы, ана өлімі, бала өлімі, қатерлі ісік, туберкулез ауруларымен аурушаңдық  көрсеткіштері енгізілген. Осы көрсеткіштерге бірінші кезекте тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануы, оның ата-тегі, денсаулығы, гені, тұрған ортасының экологиясы әсер ететін болса, денсаулық сақтау саласында Жолдауда көрсетілгендей басты басымдық – алғашқы медициналық-санитарлық көмектің  даму деңгейі. Олай болса, «бұл тұрғыда Денсаулық сақтау министрлігі қандай іс тындырды?» деген сұраққа келсек, «Денсаулық сақтау саласын дамытудың ұлттық бағдарламасы» аясында тұрғындарды аурудың кең тараған түрлерін алдын алу мақсатында оларды скринингтік  тексеруден өткізу көлемін жылдан-жылға кеңейтуде.

Егер 2013 жылы аурудың жеті түрін алдын ала зерттеуді жүзеге асырсақ, 2014 жылы аурудың он  түрін алдын ала зерттеуге мүмкіндік алдық. Бұл – мемлекетіміз тарапынан тегін жүзеге асырылатын, көп көлемде қаржы жұмсалып, шет елдің озық технологиясын қолданып, ауруды алдын ала анықтауға мүмкіндік беретін әдіс. Егер бұрын-соңды Ақтөбе, Алматы, Астана клиникаларына барып емделу қолжетімділігі төмен, оған тек мүмкіндігі бар адамдар бара алатын болса, ендігі жерде науқастар сол клиникаға барып, емделуге жататын болса, оған кез келген емхана квота бере алады, тіпті, ауыл емханалары да квотамен науқасты тегін емдеу үшін Астанаға жіберуіне мүмкіндігі бар. 

Ал, бұрын-соңды жүрек, бауыр, бүйрек, болмаса буын алмастыру үшін тұрғындар шет елге баратын болса, енді ондай операциялар өзімізде жасалатын болды, тіпті осы өзіміздің Атырауда жүрекке қосымша тамыр жалғау, жүрек, бүйрек тамырларын кеңейту, мидың ішіне, жұлынға операция жасалғанын тұрғындар ақпарат беттерінен оқып танысты, бұл істер біздер үшін кеше жай арман болатын. 

Облысымыздағы жеті ауданның алтауында ғылымның соңғы жетістіктерімен жарақтандырылған емханалар іске қосылса, кезекте Индер ауданы тұр, олар ауыл тұрғындарына ғылымның соңғы жетістіктерін пайдаланып, көмек көрсете алады.

«Денсаулық сақтау саласына өзіміздің қосқан үлесіміз қандай?» деген сұраққа келсек, біреулер «оған біздің қатысымыз қандай?» деуі мүмкін.  Мәселен, емхананы қаржыландыру оған бекітілген тұрғындар санына байланысты екенін, оларды емхана өз бетімен бекіте алмайтынын, оған тұрғындардың арызы мен куәлігінің көшірмесі болуы керек екенін  бәрі бірдей біле бермейді, білсе де мән бермейді. Мысалға, біз қызмет көрсететін аумақта 42 000 тұрғын тұрса, оның емханаға тек қана  33 870-і  тіркелген. Соның салдарынан емхана 8 млн. теңгеге кем қаржыландырылып отыр, болмаса тұрғындарды  скринингтік тексеруге бөлінген қаржы тек осы тексеруден өткен тұрғынға ғана берілетін болса, бұл тұрғыда тізімге алынған тұрғындардың тек 95,1% өтіп, өтпей қалған тұрғындарға бөлінген қаржыны мемлекетке кері қайтаруға мәжбүр болдық.

Куәліктің көшірмесін беруден бас тартып, екі-үш шақырғанда тексерілуге келмейтін тұрғындар әлі де болса баршылық. Скринингтік әдіспен тұрғындар алдын ала ауырмай тұрғанда медициналық тексеруден өтсе, жүрек, қан тамырлар аурулары, обыр, туберкулез, қант диабеті ауруларының алғашқы белгілерін күн ілгері, тіпті бірнеше жыл бұрын анықтап, ем жасап, жазып жіберуге қазіргі таңда мүмкіндік бар. Дамыған елдерде меншіктің түріне қарамастан, өзінің қарамағындағы қызметкерлерге қызмет беруші ерекше жауапкершілікпен қарайды. Олардың жылма-жыл медициналық байқаудан өтуін жіті бақылауда ұстайды, сау болуын, спортпен шұғылдануын, зиянды әдет, арақ пен темекіден бас тартуын қаржылай ынталандыратынын Елбасымыз өз Жолдауында кеңінен атап өткен. Өкінішке орай, біздің өндірістер, мекемелер басшылары бұл үрдіске немқұрайлы қарайды. 

Елбасы өзінің Жолдауында тұрғындарды жұмыс берушілер есебінен міндетті медициналық сақтандыруды енгізу ісін ғылыми түрде қарауды жүктейді. Ол екі жақтың да жауапкершілігін күшейтетіні сөзсіз. Дамыған елдер әуел бастан бұл іске мән берген.

Соңғы уақытта біздер мемлекет пен жеке кәсіпкердің серіктестігі бағдарламасы аясында емхана ғимаратынан орын бөліп, заманауи үлгідегі, дүниежүзілік стандартқа сай сапамен қызмет жасайтын «Олимп» клиникалық биохимиялық лабораториясын аштық, ол күрделі анализдердің барлық түрін жасайды. Осы сияқты тұрғындарға, науқастарға арнап «Артериалды қан қысымы» мектебін аштық, оған оқымыстыларды шақырып, дәрігерлерді де, науқастарды да аурумен қалай күресу керектігін оқытудамыз, оның тұрақты жұмыс жасауына «Шеврон» компаниясы қаржылық көмек көрсетуде.

Емханада жарақтандырылған балаларға, ересектерге арналған сауықтыру-емдеу орталығын аштық. Емхананың мамандары жекеменшік клиникалар мамандарынан бір де бір кем емес, онда да қосымша жұмыс  атқаратын осы біздің дәрігерлер, құрал-саймандары да жеткілікті. Ал, тұрғындардың орынды ренішін тудыратын мәселе  – дәрігердің алдындағы кезек, әсіресе күндізгі сағат 11-лер шамасында, ал сағат 8-де, болмаса 16-сағаттан кейін дәрігерлерге кезек мүлдем жоқ, осы жайтты ескеріп, дәрігерге күні бұрын уақытымен жазылуды ұйымдастырдық. Жасыратыны жоқ, дәрігерлердің уақытында келмеу фактілері де болды, ол жағдайды ескеріп, дәрігерлер бөлмелері алдында бейнерегистратр қойдық, енді олардың еңбекақысы тікелей жұмыс регламентін сақтауына байланысты төленетін болды. 

Емхананың www.7clinic.kz   арнайы сайтын аштық.  Емхана  жұмысының сапасын жақсартуға сіз де өз үлесіңізді  қосыңыз ағайын, сіздің оң бағаңыз да, кері бағаңыз да ендігі жерде дәрігердің жалақысына тікелей әсер етеді. Ал, ұсыныс-пікірлеріңіз болса, бейтарап қалмаңыз. Денсаулық – басты байлық, оны нығайтуға баршамыз мүдделі болуымыз тиіс.

Ғазиз ЕСҚАЛИ,

№7 емхананың 

бас дәрігері,

Атырау қаласы.                  

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*