ЗАҢДЫ БҰЗҒАН ЖАЗАСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

ЕҢБЕК ЗАҢДЫЛЫҒЫ НЕГЕ ЕЛЕНБЕЙДІ?

Ата Заңда әркімнің заңдылықты сақтаумен қатар, адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен ар-намысын құрметтеуге міндетті екендігі жазылған. Өкініштісі, күнделікті өмірде бұл айтылғандай бола бермейді. Аудан прокуроры Асланбек Жолановтың баяндауынша, еңбек заңдылығын қадағалау бойынша жыл ішінде 15 тергеу жүргізіліп, нәтижесінде 1509 заң бұзушылық анықталған. Прокурорлық ықпал ету нәтижесінде 58 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жұмысшылардың 80,1 млн. теңге еңбекақылары төленіпті. Мысалы, жергілікті прокуратураның азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуына жүргізген мониторингі кезінде «Теңізмұнайқұрылыс» АҚ-ның заң бұзушылыққа жол бергені анықталды. Акционерлік қоғам 2011 жылдың желтоқсан айы бойынша 280 қызметкердің 22,1 млн. теңге еңбекақыға берешегін өтемеген. Соған байланысты компания президентіне, сондай-ақ, Атырау облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментіне заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс беріліп, «Теңізмұнайқұрылыс» АҚ-на айыппұл салынды. Еңбеккерлердің жалақылары толық төленді.

КӨШІ-ҚОНДАҒЫ КЕЛЕҢСІЗДІК

Еңбек, халықтың көші-қоны туралы және адамдарды жұмыспен қамту жөніндегі заңнаманың сақталуына қатысты жүргізілген тексерулер 37 заң бұзушылықты айқындады. «Наборз Дриллинг Интернэшнл Лимитед» мекемесінің заңсыз ісі – соған мысал. Аталған құрылым рұқсаттар бойынша қосымша жұмыс орындарын құрып, ерекше шарттар талаптарының орындалғаны туралы Атырау облысы бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына жалған ақпарат берген. Осылайша, жаңадан рұқсаттар алуға немесе оларды ұзартуға қол жеткізіп отырған. Шынтуайтында, аталған ерекше шарттар серіктестік тарапынан мүлдем орындалмаған көрінеді. Осы негізде прокуратура тарапынан ұсыныс енгізіліп, нәтижесінде Атырау облысы бойынша шетелдік жұмыс күшін тарту комиссиясының 12.10.2012 жылғы №12 хаттамасымен мекемеге қойылған ерекше шартты орындамағаны үшін «Наборз Дриллинг Интернэшнл Лимитед» филиалына берілген 36 рұқсат кері қайтарылды.

ТІРКЕУСІЗ ЖҮРГЕН МИССИОНЕРЛЕР ТҰСАЛДЫ

Қоғам діни жат ағымдарға, олардың іс-әрекетіне қай кезде де сақтықпен қараса, ол бірқатар жастардың адасып, түрлі жағдайларға ұшырамауына септігін тигізер еді. Діни бірлестіктер заңдылығының сақтала бермейтін жағдайы әлі де кездесіп қалады. Прокуратураның осы бағытта жүргізген бір ғана тексеруінің нәтижесінде 15 заң бұзушылық анықталды. Алматы қаласы Талғар ауданының, Қарағанды қаласының, сондай-ақ, атыраулық тұрғынның, жалпы саны бес адамның әкімшілік жауапкершілікке тартылуы – соның куәсіндей. Олар Құлсарыға келіп, тіркеусіз миссионерлік қызметті жүзеге асырған. Бүгінде әлгілердің ісін сот қарап, әрқайсысына үлкен көлемде айыппұл салды.

ҚЫЛМЫС НЕГЕ ӨСІП КЕТТІ?

Өткен жылы 638 (2011-492) қылмыс тіркеліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда жалпы қылмыстардың саны 29,7 пайызға өскен, ал, ауыр қылмыстар 11,8 пайызға төмендепті.
Аудандық прокуратура алдын ала тергеу және анықтама заңдылығын қадағалау барысында қылмыстар мен оқиғалар туралы арыздарды, хабарларды, шағымдарды және өзге ақпараттарды қабылдау, тіркеу және қарау кезінде заңдылықтың сақталуына баса назар аударып отыр. Соған себеп болатындай, талданып отырған мерзім ішінде төрт есептен жасырылған қылмыстық іс қозғалған. Есептен жасырылған қылмыстық істердің барлығы да негізсіз қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы құжатты бұзу арқылы қозғалған істер болып табылады.
Мысалы, өткен жылы аудандық ІІБ-не азаматша А. келіп, өзін заңды некедегі, бірақ қазіргі мезгілде бөлек тұратын жолдасы А. еш себепсіз ұрып-соғып, дене жарақатын салғандығы туралы жазбаша арызданған. Аталған факті бойынша аудандық ІІБ-нің учаскелік полиция инспекторы тергеуалды тексеру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде қылмыстың құрамы жоқ болуына байланысты қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылдаған. Бұл шешім заңсыз және негізсіз қабылданғандықтан, аудандық прокуратураның ықпалымен оның күші жойылып, қылмыстық іс қозғалып, қазіргі күні ол аудандық сотқа жолданып отыр.
Жалпы айтқанда, әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау бойынша аудандық прокуратура өткен бір жылда 73 тексеру жүргізіп, 2338 заң бұзушылықты анықтаған. Прокурорлық ықпал ету бойынша бүгінде 1609 адамның конституциялық құқығы қорғалып отыр.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілші,
Жылыой ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*