Заң бәріне бірдей

Атырау қалалық әкімдігінің мамандары ішкі істер басқармасының полиция қызметкерлерімен бірігіп, арнайы рейд ұйымдастырды. Мұндағы мақсат – жеке кәсіпкерліктегі үйлер мен нысандардың айналасындағы тазалықты қадағалау.  Тексеріс барысында облыстық мәслихаттың 2016 жылғы 15 қыркүйектегі №47 «Атырау облысын абаттандыру ережелері туралы» шешімін өрескел бұзған бірнеше жағдайларға қанық болдық. Атап айтқанда, қала аумағында құрылыс қалдықтарынан қоқыс алаңын «жасап» қойған заң бұзушылықтар анықталды.

қала тынысы+1

Қалалық ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметінің бөлім басшысы Радмир Балтаевтың мәлімдеуінше, әр нысанның айналасындағы бес метрге дейінгі жер – кәсіпкердің иелігінде. Сондықтан, ол бұл учаскені таза күйде сақтауға міндетті. Бірақ, бұл талапты кәсіпкерлердің барлығы бірдей орындамай отыр екен. Бір ғана мысал, «Нұрсая» мөлтекауданындағы көлік жуу орталығы қоршауының жанында 32 бетон жабындысы шашылып жатыр.

– Біз бұл орталықтың иесіне бұған дейін ескерту бердік. Бірақ, «баяғы жартас сол жартас», ескерту сөз жүзінде қал-ғанын көріп отырмыз. Енді әкімшілік хаттама толтыруға толық негіз бар. Мұндай жа-ғдайларда «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 505-бабына сәйкес, жеке тұлғаларға – 20 айлық есептік көрсеткіш (60 мың теңге), ал, заңды тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш (68 мың теңге) көлемінде айыппұл төлеуді міндеттеу қарастырылған, – дейді Радмир Балтаев.

Құқық қорғау қызметкерлері мен кәсіпкердің арасындағы сөзталас екі сағатқа созылып, әр тарап өзінің дұрыстығын дәлелдеуге тырысып бақты.

– Мен еш құжатқа қол қоймаймын. Біздің құқығымызды бұзып отырсыз. Бұл ескерту жайлы бірер күн бұрын ғана хабардар болдым. Уақытты ұзартуды сұрау мақсатында сәулет және қалақұрылысы бөлімі қызметкеріне телефон шалдым. Ол тұтқаны көтермеді. Бұл – ақылға сыйымсыз жағдай. Кеңсе құрылысын жүргізіп жатқандықтан дәл қазір бұл жабындыларды қайда апарамын? – деп, кәсіпкер мәселенің мәнісін түсіндіруге тырысты.

қала тынысы

Осы орайда сөзталасқа Атырау қаласының сәулет және қалақұрылысы бөлімінің маманы Азамат Дәулетияров араласты.

– Бұл өтінішіңізбен хат арқылы шығуыңыз керек еді. Сонда мұндай мәселе туындамауы да мүмкін, – деді ол.

Көлік жуу орталығының иелері қалада салынып жатқан бірқатар нысандардың айналасы құрылыс қалдықтарына толы екендігін, оларға осы талап неге қойылмайтынын айтып, уәждерін жеткізді.

–  Заң алдында бәрі бірдей. Бұл жерге нақты заң бұзушылық орын алғандықтан келіп тұрмыз. Егер айыппұл төлегіңіз келмесе, түсініктеме жазыңыз. Ал, біз бас тарту жөнінде акт толтырамыз, – деді полиция қызметкері.

Байқағанымыздай, мұндай жағдай алғаш рет болып тұрған жоқ екен. Азамат Дәулетияров наурыз айында анықталған 50 фактінің ішінен 17 кәсіпкер  айыппұл төлегісі келмегендігін айтады. Ал, сегізіне әкімшілік хаттама толтырылса, соның ішінде жетеуі – жеке тұлғалар.

Айта кетсек,  «Арнаулы автобаза» ЖШС директоры Самат Тұрниязов жуырда облыс орталығында мобильді топ жасақталатынын айтқан болатын. Топ мүшелерінің «Нұрсая», «Самал», «Жұмыскер» мөлтек-аудандарына шығуы жоспарлануда. Әсіресе, түн мезгілінде қоқыс тастаған автокөлік-тердің нөмірін, заң бұзушылардың іс-әрекеттерін суретке, видеоға түсіріп, тиісті органдарға жіберіп отырады.

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА.

Суретті түсірген: Максим СТАДНИЧЕНКО.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*