Зұлмат кезеңдегі атыраулықтар тағдыры

Биыл 1937-38 жылғы сталиндік зобалаңға – 80 жыл. Атыраулық тарихшы-ғалымдар тарапынан да репрессия мәселесі сырт қалған жоқ. Олардың арасында Ғ.Нығмет пен Х.Табылдиевтің, Ш.Нағымұлының, А.Ахметтің еңбектерін атап өтуге болады. Ғ.Нығмет пен Х.Табылдиев Атырау өңіріне белгілі тұлғалар Нұғыман Залиев, Қазмұқаш Ыбырашев, Коморовский және қуғын-сүргін көрген дін қызметкерлері туралы зерттеулер жүргізсе, А.Ахмет атыраулық алашордашылар мен соғыс тұтқындарының өмірін, Ш.Нағымұлы Атырау жерінде халық ағарту саласында ерекше еңбек еткен, педагог қызметкерлердің 1930-жылдары нәубетте 10-ы атылып, 30-ы әртүрлі мерзімге сотталғанын деректер арқылы баяндайды.

Зұлмат кезең

Зобалаң шеңгелінде – мұнай саласы мамандары

Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібінің бастауы болған Атырау өңірінде, мұнай-газ өндірісі саласында да сталиндік нәубет салған жара өте ауыр болды. 1930 жылдардағы мұнай өндірісінің дамып, жаңа кен орындарының көптеп ашылғаны мен кадрлар даярлаудағы жетістіктерге қарамастан, 1937 жылғы нәубет білікті мамандарды жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыратты.

«Халық жауы» айдарымен мыңдаған адамның тағдырын тәлкек еткен қуғын-сүргін тауқыметі мұнайлы өңірді де қатты күйзелтті. Саяси репрессиялар апаттарына ұшырағандардың қазақстандық қауымдастығы Атырау облыстық филиалының мәліметі бойынша 11134 адам сталиндік зұлматтың құрбандары болған. Олардың 730-ы атылған, 2665-і  бас бостандығынан айырылып, 246-сы жер аударылған, 6993 адам еріксіз көшіріліп, Қазақстанға келтірілген, 500-і «халық жауларының» балалары мен әйелдері болған. Кінәсіз күнәлілердің арасында 421 мұнайшы бар.

Қазіргі Доссор, Мақат мұнай-газ өндіру басқармалары, «Доссор мұнаймаш» ЖШС, сол жылдарда солтүстік аудан (Ақтөбе облысы мұнайшылары) аумағында болған бұрғылау, көлік жабдықтау кәсіпорындары мен мекемелерінде жұмыс жасаған 171 адам қуғын-сүргінге ұшыраған.

Бұлардың қатарында Қазақ АКСР-інің тұңғыш әділет министрі Боран Айтмағанбетов, алғашқы қазақ мұнайшы инженерлерінің бірі Әлғазы Ілиясов, Доссорда алғаш комсомол ұйымын ұйымдастырушылардың бірі Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері Василий Урясов, Доссор компрессор стансасының машинисі Сәбит Аманқұлов, алғашқы қазақ мұнайшылары Аққали Аустниязов, Баймолда Шырдабаев, Мақат кәсіпшілігінің аға есепшісі болып жасаған Молдаш Бейсенғалиев, атақты жерасты жабдықтарын жөндеудің шебері Атшыбай Нұрсейітов сияқты арыстар бар. Олардың бәрі бірдей атылмағанмен, сенімсіз мамандар есебінде болғанына тарих куә.

Мұрағат деректері арасында Ембі мұнай тресі басшысы С.Гутин, көлік кеңсесі басшысы Д.Хангереев, мұнай рабфагі директоры И.Адаев туралы тарихи мәліметтер бар.

Семен Гутинды 1937 жылы «Грозненский нефть» журналының №9 санында «Грозмұнай» комбинатындағы жау қызметі» деген мақалада «жау» есебінде көрсетеді. Себебі, Орталық мұнай өнеркәсібі басшысы «жау» ретінде жазаланған М.Баринов оның досы болып шығады. Кеңестік саяси жүйенің қуғынына шыдамаған С.Гутин өзін-өзі өлтіреді. Ол туралы Сафи Өтебаев «Орта бойлы, толықша келген, шекесі торсықтай, көзіне пенсіне киетін, өте ибалы, кішіпейіл адам» деп баға берген.

Ал, оның досы, мұнай өнеркәсібін басқарған М.Баринов кім еді? Көп жылдар КСРО мұнай өнеркәсібін басқарған Н.Байбаков өз жазбаларында 1920 жылдары Әзербайжан мұнай тресінен өсіп шыққан білікті мұнайшы-мамандар деп А.Серебровский, М.Баринов, Я.Лаврентьевті атап көрсетті.

Михайл Баринов (1888-1937) Баку техникалық училещесі механикалық факультетін, 1920 жылы Тау-кен академиясының өндіріс-механикалық факультетін бітірген. 1922-1926 жылдары Әзербайжан мұнай бірлестігі басшысы А.Серебровскийдің орынбасары болған. 1926-1933 жылдары Әзербайжан мұнай бірлестігі басшысы, 1933-1937 жылдары Бас мұнай басқармасын басқарды. 1928-1930 жылдары Баку тау-кен академиясы ректоры міндетін қоса атқарды. Серго Орджоникидзе, Валериан Куйбышев ақыл-кеңестерімен екі рет 1929, 1936 жылдары АҚШ мұнай өнеркәсібінде тәжірибеден өткен. 1937 жылы қыркүйек, қазан айларында мұнайлы Ембі ауданына келіп, жаңа кеніштер жұмысымен танысады. Сафи Өтебаев оның 1937 жылы Мақат кәсіпшілігінде болғанын көрсетеді.

Атырау облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті мұрағаттық анықтамаларында Дәрібай Хангереевтің 1890 жылы туғандығы, әкесінің бай адам болғандығы жазылған. Ол 1922-1923 жылдары Қырғыз милициясы бөлімшесі бастығы, Ақтөбе губерниясы атқару комитеті төрағасы, Қазақ КСР әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссары, жеңіл өнеркәсіп халық комиссары, Гурьев облысы, Маңғыстау ауданы партия комитетінің хатшысы, Ембімұнай тресі көлік кеңсесі директоры қызметтерін атқарған. 1937 жылы 23 қыркүйекте контреволюциялық қызметі үшін, яғни, «…Қазақ КСР-дегі кеңес өкіметі билігін құлату және қазақ буржуазды мемлекетін құруға мақсат қойған контрреволюциялық, буржуазды-ұлтшылдық, бүлікшіл-террористік және диверсиялы-зиянкестік ұйымның құрамына еніп, мүшелікке адамдарды тартып, оларды соғыс кезінде бүлікші жұмыстарға дайындаған және кеңес үкіметі мен ВКП(б) басшыларына қатысты күрес ұйымдастыруға ортақтасқан, ауданда мал басын жою және колхоздардың экономикасын бәсеңсіту мақсатында зиянкестік жүргізді» деп айып тағып, қамауға алған. 1938 жылы 2 наурызда Алматы қаласында Д.Хангереев атылған.

Ұстаздар  да – «жау» сапында

Мұрағат деректеріне сай, сол кездегі баспасөз беттерінде 1936 жылдан бастап білім беру мекемелері мен мұғалім мамандарын себепсіз сынау, кей жағдайда негізсіз қаралау мәліметтері беріле бастады. 1938 жылы 14-і ақпанда өткен Гурьев облыстық білім бөлімі арнайы отырысында 74 мұғалімнің ісі талқыланған. Қорытындысында 30 мұғалім ақталып, қызметтеріне қайтарылып, қалғандары кері тексеруге берілген. Арыз немесе баспасөздегі хабарлама бойынша мұғалімдер жұмыстан босатылып, жеке бастары толық тексерілген. «Халық жауы» ретінде ең жоғары – ату жазасына кесілген мұғалімдер: Адаев Иманғали, Дүйсенғалиев Мергенғали, Адлер Франц, Ибрашев Қазмұқаш, Исмурзин Өмірзақ, Ким Чан Се, Сон Хи, Сухарев Сергей, Таңқыбаев Әбілғали, Тыншимов Рахманберді.

1935 жылы қарашада өткен КСРО Ғылым академиясы жалпы жиынында «Үлкен Ембі» перспективті даму жоспары жарияланып, маман кадрларға деген сұраныс өскен соң Гурьевте арнайы тау-кен академиясын ашу жоспарланды. Осы бағытта 1934 жылы қыркүйекте Ембі мұнай тресі жанынан Құрамысов атындағы рабфак ашылып, оны басқару педагог Иманғали Адаевқа (1901-1938) міндеттелді. Мұрағат анықтамасында көрсетілгендей, ол Гурьев уезі Қарабау болысында туған. 1920 жылдары Қарабаудағы бастауыш мектепті бітіріп, өлкедегі басқару ісіне араласқан. 1923 жылы Әліби Жангелдиннің ұйымдастыруымен Қопада өткен қазақ болыс өкілдерінің жиынына қатысып, Дәрібай Хангереевпен кездескен. Соның кеңесімен 1924 жылы Орынбор қаласындағы қазақ халық ағарту институтына оқуға түседі. Бұл жерде де белгілі мемлекет қайраткері Сейітқали Меңдешов көп көмек көрсеткен. 1928-1933 жылдары Доссорда, Гурьевте  орта мектеп директоры, кеңес партия мектебі басшысы, 1933-1936 жылдары Маңғыстау аудандық білім бөлімі меңгерушісі, 1936-1937 жылдары Гурьев мұнай жұмысшылар факультеті директоры қызметтерін атқарған. 1937 жылы 17 қарашада Д.Хангереев пен С.Меңдешовті студенттер алдында жақтап сөйлегені үшін қамалып, 1938 жылы 24 ақпанда Гурьев қаласында атылған.

Дүйсенғалиев Мергенғали 1899 жылы туған, Есбол ауданы, №1 ауыл тұрғыны, гимназия түлегі. 1958 жылы ақталды.

Таңқыбаев Әбілғали 1903 жылы Жилоқоса ауданы, №5 ауыл орта шаруа жанұясында дүниеге келген. 1937 жылы округтік білім бөлімінің №158 бұйрығымен «Алашорда» мүшесі ретінде жұмыстан босатылады және НКВД органдары тергеуіне алынады. 1938 жылы 10 ақпанда қамауға алынып, 1938 жылы 14 ақпанда ең жоғары жазаға кесіледі. Үкім 16 ақпанда орындалған.

Жоғары жазаға тартылған өлке мұғалімдері әр ұлт өкілдері еді. Атырау облыстық ішкі істер департаменті арнайы мұрағатының мәліметі бойынша айтсақ. Ким Чан Сен Қытайда туған. Бақсай ауданы, Сарайшық селосы, «Павловский» колхозы, №5 корей орта мектебі мұғалімі, білімі орташа. 1955 жылы ақталды.

Франц Адлер, туған жері Одесса облысы, Клейнлибенталь селосы, Доссор орта мектебінің неміс тілі мұғалімі, білімі жоғары. 1943 жылы ақталған.

Сон Хи – Гурьев қаласы, Красноармейская көшесі, №109 үй тұрғыны. Генхыпунчи аймағында туған. 1960 жылы ақталды.

Тыншимов Рахымберді – Бақсай ауданы, Алға ауылы, №17 ауыл мұғалімі. 1887 жылы туған, білімі төмен. 1963 жылы ақталған.

Сергей Сухарев – мұнай техникумының химия пәні оқытушысы. 1894 жылы туған. 1938 жылы 21 қазанда атылған.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*