«Өз елінде жүріп, тіл білмеу – қасірет»

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Германияның Мюнхен қаласында тұратын қазақ азаматы Сүлеймен Шадкам. Ол Иранның Түркімен қаласында туып өскен. Орта мектепті тәмамдаған соң, жоғары білім алғысы келеді. Бірақ, елдің Заңына сәйкес,  Иранда туғанымен, ата-тегі қазақ болуы себепті  әрі қарай оқуын жалғастыра алмайды. Тегі өзгеше азамат ол елде «Екінші сортты  отандас» атанған. Сондықтан, қара жұмысқа және елді жаудан қорғау секілді шараларға  ғана араласа алған. Мұндай шектеу арманы асқақ жас жігітке ауыр  соққы болып тиеді. Осыдан кейін  өзінің ата-тегі жайында біліп, үлкендерден сұрастырып, іздестіре бастайды. Саяси көзқарасы қалыптасады.

Сүлеймен ШАДКАМ,

Германиядағы қазақ азаматы:

%d3%a9%d0%b7-%d0%b5%d0%bb%d1%96%d0%bd%d0%b4%d0%b5-%d0%b6%d2%af%d1%80%d1%96%d0%bf-%d1%82%d1%96%d0%bb-%d0%b1%d1%96%d0%bb%d0%bc%d0%b5%d1%83-%d2%9b%d0%b0%d1%81%d1%96%d1%80%d0%b5%d1%82

Иранда  оқусыз,  жұмыссыз жүргенде елде саяси жағдай шиеленісіп, соғыс басталып кетеді. Бұл соғыста толықтай қаруланған әскер мен жігерлі революцияшыл жастар бір-біріне қарсы шығады. Олардың арасында қазақ азаматы Сүлеймен Шадкам да бар еді. Соғыс салдарынан Үкімет басшысы ауысып, халықтың тұрмысы нашарлады. Қатысқан әскерлер лаңкес атанып, өлім жазасына тартыл-ған. Саяси жағдайдың құрбаны бола жаздаған қазақ азаматының  сол кезде ата-бабасының  еліне емес, Германияға қарай бас сауғалай баруы кімді де болсын  толғандырады.

Жуырда Атырауға келген сапары барысында біз қандасымыздан қалайша Германияның азаматтығын алғаны, сол кездегі саяси ахуал жайлы әңгімелескен едік.

– Алдымен өзіңізбен танысып алсақ. Германияда қашаннан бері тұрасыз?

– Ата-бабамның қазақ екенін әкемнен біліп өстім. 1928 жылы бай-кулактарды тәркілеу кезінде олар Маңғыстаудан Түркіменстан арқылы Иранға көшіп кеткен. Нақтырақ айтқанда, аталарымыздың Атырау облысының Құлсары қаласында тұрғанын біле алдым. Құлсарыда қазір нағашымыз Жұбан атамыздың мешіті бар. Қоныс аударған кезде әкем тоғызда, анам төрт жаста болған екен. Кеңес Одағы кезінде Қазақстанмен байланысу мүмкін емес еді. Әкеміз бізге Атырау жақта жалғыз апасы қалғанын жиі айтатын. Бауырымен көрісу ол кісінің арманы болды. Алайда, екі елдің арасындағы саяси қарым-қатынас әлі де реттеле қоймағандықтан, әкеміз туған жеріне жете алмай, арманда  кетті. Бірақ, кейінгі кезде апамыздың балаларымен кездесе алдық. Үш атамыздан тарайтын ұрпақтар болып басқосу бақыты бізге бұйырды.

Өзім Иранда ер жеттім. 1978-1979 жылдары үкіметке қарсы жаппай бас көтеру орын алып, нәтижесінде елді басқарып келген үкімет құлап, Иран Ислам Республикасы жарияланды. Соғысқа қатысқан біздер өлім жазасына тартылдық. Қиын шақта қайда барарымды білмедім. Оған дейін Германияның Алмания қаласында тұратын қазақтармен байланысымыз жақсы еді. Сол кісілерді іздеп,  өзім Германияға жол тарттым. Сөйтіп, немістердің арасында тұрақтап қалдым. Ал, Қазақстанға келу үшін сол кезде бізді шекарадан өткізбеді. Ағайындарымның бәрі Иранда қалды. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін 1995 жылы елге қарай көш басталып, қазір көпшілігі Маңғыстау облысына қоныс аударды. Тоқсаннан асқан шешем Маңғыстауда тұрады. Бес ағайындымыз. Үлкен ағам дүниеден өткен, екеуі – Түркияда, өзгесі Қазақстанда тұрақтаған. Өзім 1986 жылы Германиядағы қазақ қызы Динамен бас қостым. Екі ұлымыз бар.

Сексенінші жылға дейін біз үшін Қазақстан жабық мемлекет саналды. Қазақ еліне өту үшін он мемлекетке хат жаздым. Ол кезде бізге Маңғыстаумен байланыс та, жол да жоқ. Сөйтіп, 1986 жылы Мәскеу арқылы Алматыға жеттім. Кеңес Одағы кезінде орысың да – орыс, қазағың да – орыс еді. Қай елде жүргенімді білмей таңғалғаным бар.

Елге жеткен алғаш сәтті ұмыту мүмкін емес шығар. Оған қоса, елім, жерім деп келгенде, ағайынның алдыңыздан өзге тілде сөйлесіп, қарсы алғаны қиын екен…

– Біз шет елде тудық, жат жұртта өстік. Әке-шешеміз – қара танымаған адамдар. Жазбаша қазақ тілін білмедік. Бар білетініміз – ауызекі әңгіме. Әкемнен, үлкен кісілерден естігенім бар, өзімнің білетінім және бар – Абайдың ағылшын тіліне аударылған дүниелерін тірнектеп жинап жүрдім. Маған қазақтың ғажап, бай тілін үйреткен ұстазым – Абай. Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдары төте жазу үлгісімен «Отан» газеті жарыққа шықты. Соны ежіктеп оқып жүріп, бірталай дүниені емін-еркін оқи алатын дәрежеге жетіп алдым. «Отаннан» Абайдың «қара сөздерін» оқимын. Сөйтіп, Абайдың тілінде, өзімнің ана тілімде оқуды, жазуды меңгердім. Сондықтан, бүгінгі күні өз елінде отырып, талай бауырларымыздың тілді білмеймін, үйрене алмаймын дегенін түсінбеймін.

1990 жылы еуропалық алты студентті Қазақстанға оқуға әкелдім.  Олардың  ішінде он үш жастағы тұңғышым Олжас та бар еді. Ол Алматыдағы қазақ-түрік  лицейінде оқып, түрлі халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы болды. Лицейден соң, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетінде оқыды. Қазір Қазақстанда мамандығына сай жұмыс табылмай, Түркияға кетті. Бірақ, ұлымның бар мақсаты – Қазақстанда тұру, өз елінде үлкен компания құру. Кіші ұлым – Мюнхенде, өзіміздің қасымызда. Оқиды.

Шет елдің өз дәстүрі, салты, өмір сүру деңгейі бар. Адами, іскерлік қарым-қатынастары да басқаша болар. Бөтен елде өмір сүру мен бауыр басудың қиындығы неде?

– Менің балалығым өткен Иран мен Германияның айырмашылығы жер мен көктей. Германияда жергілікті халықтың деңгейіне жету үшін олардың ділін өзіме сіңіруім керек болды. Немістердің тәртібі мықты. Жиырмадан жаңа асқан шағымда өзім тілін, ділін білмейтін елге бардым. Қалтамда – аз-мұз ақша. Оның өзі жылдам таусылды. Жұмыс істеуге – тіл білмейтінің кедергі. Бөтен ел. Бірлі-жарым қазақтың үйін білесің. Олар да – күнкөріс қамымен жүргендер. Ертемен жұмысқа кетіп қалады. Кешке келгенше, үйінің алдында күтіп отырамын. Жұмысқа кіру үшін  құжаттарды толтыруым керек, «мына құжатты аударып берші» деп әрқайсысына жалынамын. Басымнан небір түрлі қиындықтар өтті. Ирандағы саяси жағдайға орай мені алғашында Германия елі қабылдамай қойды. Австрияға жіберді. Бірнеше рет сот болды. Ақыры Жоғарғы сотқа шағымданып,  бас бостандығымды алдым. Қоғамда титтей де орның жоқ екенін сезінуден ауыр не бар?!

Сенделіп жүргенде біреудің шарапаты, қолұшы тисе, соның өмір бойы құлы болып кетуге даярсың. Ираннан кетерде, әке-шешеме «қазақ қызын жар етем» деп уәде беріп едім. Сөйтіп,  қазақ қызымен танысып, әрі қарай үй болып кеттік. 1986 жылдан бастап Қазақстанға келіп-кетіп тұрамын. Еліміз тәуелсіздік алғанда Қазақстанға көшіп келгім келді. Бірақ, орысша білмегендіктен, келе алмадық. Тіл білмей келсек, күнкөрісіміз қиындап кететін еді.

– Өзіңіз  қай салада қызмет етесіз? Рас болса, немістерді уақытында жүретін, бір өтірігі жоқ халық деп білеміз. Жұмыста қателессеңіз, олар кешірімді ме?

– Орта тек немістер болған соң, солардың деңгейіне жету үшін  жатпай-тұрмай жұмыстандық. Жоспардан артық қызмет еттім. Алғашында маған үйреткен адамдар енді менің қарамағымда жұмыс істейтін болды. Осы күні Қазақстан және Қырғызстанның Германиядағы Консулының кеңесшісімін. Қазақ қай елде тұрса да, қабілетті халық қой. Тез сіңісіп кетеді. Тек өзінің, ұлтқа тән құндылығын жоғалтып алмаса болғаны. Қазір инвесторларды Қазақстанға тарту, ағайындарға жағдай жасау, көмектесу, оқуға келген жастарға жөн көрсету секілді қызметтерді атқарамын. Парсы, неміс, ағылшын, түрік, қазақ тілдерін меңгергенмін.

Мюнхенде неше қазақ отбасы тұрады? Қазақ тілді білетіндері бар ма? Елді сұрастырып, сырттай хабардар болып отырасыздар. Тілді үйренуге деген еуропалық жастардың талпынысы қандай?

– Мен барған кезде он үш үй қазақ бар еді. Қазір олар 150-ге жетті. Германияда тұратын қазақтардың көпшілігі – Түркиядан барған наймандар мен керейлер. Өзімның руым – Адай. Ағайындар Наурыз мейрамы мен Құрбан айт кезінде  бас қосып, туған күндерді, тойларды атап өтіп тұрамыз. Жыл сайын қазақтар құрылтайы да ұйымдастырылады.

Менің ойымша, тілге деген құрмет әр үйден бастау алады. Әке-шешесі ұл мен қызына қандай тәрбие берсе, олар соны бойға сіңіреді. Ал, қазақстандықтар тілге құрметке келгенде кемшін тәрбие беріп отыр-ау. Осыдан үш жыл бұрын Мюнхен қаласына үш жүзден астам қазақ азаматы құрылыс басына жұмысқа келген. Ағайындармен танысқан соң, қазақ жігітіне: «Сіз Қазақстанда туып өстіңіз, Германияда жүрсең де, менімен қазақша сөйлесуің керек» деп едім. Әлгі қазақ жігіті: «Аға, кешірерсіз, мына үш жүз қазақтың қайсысы өз тілінде сөйлеп жүр? Көбі орысшаға бейім. Өз ана-тілін керек қылмаған қазаққа не деуім керек?»  дейді әлгі жігіт. Бұдан жүрегім ауырып қалды. Қалың қазақтың ортасындағы жастың сөзі осы болса, еуропалық қазақ жастарынан не күтеміз? Ортақ тілдері – түрікше.

Осы жерде ашығын айтайын, шетелдіктер біздің тілімізде сөйлей алмайды. Қазақ елінде тұратындардың өзі дұрыс сөйлей білмейді. «Білемін» дегенінің өзі сөздің мәйегін тамызып көсіле қоймас. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Америкада, Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберінен қазақ тілінде жасаған баяндамасы қатты әсер етті. Шет елдерде осылай сөйлессек, тіл мәселесі шешілер еді.

Сіздер бізге сырттан көз салып жүрсіздер ғой, Қазақстанды қазір әлем тани ма? Артықшылығымыз бен кемшілігіміз қандай деп ойлайсыз?

– Жиырма бес жыл бұрын Қазақстанды әлем танымайтын еді. Қазақты шетелдіктер казакқа, орыстарға теңейтін. Кеңес Одағының бір мүшесі деп білетін. Ал, қазір әлем мойындап отыр. Сыртқы саясатымыз жаман емес. Өйткені, Қазақ елі барлық салада шет елдегі алпауыт мемлекеттермен бірлестікте, біте қайнасып жұмыс жасауда. Бірақ, мүйізі қарағайдай елмен жұмыс жасаудамыз деп арқаны кеңге жайып отыруға болмайды. Қазақстанға тартылып жатқан шетелдіктердің өздеріне бір керегін алу үшін келетінін естен шығармауымыз керек. Біздің кемшілігіміз – ашық қолдығымызда, дархан пейілімізде деп ойлаймын. Ал, дамыған елде бәрі есеппен жүреді.

Тағы нені жоспарлап қойдыңыз? Мүмкін, Қазақстанға, ата-жұртқа оралу ойыңызда бар шығар?

– Елге бүгін-ақ келер едім. Бірақ, орыс тілін білмеймін. Сол себепті, тіл білмегендіктен, тұрмысым да нашарлайды ғой. Әзірге келуге асықпаймын.

Қазір менің Германияда тұрғаным дұрыс. Өйткені, Қазақстаннан емделуге, демалуға келетін қандастарым көп. Соларға көмектесемін. Көпшілігі тіл білмей келеді, үйіме қонақ етемін, көлігіммен  алып жүремін. Осылайша, қоғамға титтей де болсын пайдамды тигізермін.

– Уақыт бөліп, емен-жарқын әңгімелескеніңіз үшін рахмет!

 Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

 Тәртіпке бағынған құл болмайды. Заңға да, жұмысқа да салғырт қарамайтын немістер қазір барлық салада алда келеді. Тұрғындардың орташа табысы – 1500 еуро. Дәрігер мен ұстаздардың жалақысы – 10 000 еуродан жоғары.

Мектепте бірінші сыныптарда сабақ тек неміс тілінде өтеді. Екінші тілді үйретуді бастауыш сыныптан кейін бастайды. Балабақшаларда мұсылман балаларға бөлек тамақ даярланады. Балабақшаға қабылданар сәтте мұндай артықшылықтар сұралады екен.

Медициналық сақтандыру жүйесі де өте ертеде қалыптасқан. Тұрғындар сақтандыру кітапшасы арқылы тегін ем алады.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*