«ӨЗ ДАЛАҢДЫ АСҚАҚТАТЫП, ТАУЛАРДЫ АЛАСАРТПА!»

Мақсат – аудан және облыстың орталық кітапханаларын Алматыда жаңадан ашылған «Олжас кітапханасы» баспасынан жарық көрген әлемнің аса көрнекті авторлары мен Қазақстан жазушыларының кітаптарымен ақысыз қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасының өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, белгілі көркемсөз оқу шебері Хамит Мәмбетов «Кең Жылыой» мәдениет үйі жанындағы кітапханада жергілікті кітапханашылармен әдеби-сазды кеш өткізіп, бір көсіле толғанды. Рухани кемелденудің кілті кітапта екеніне парасатты пайым, тағылымды ой түйіндеулерімен тағы бір көз жеткізді.
Алғы лекте Абайдың «Көңілімнің санасы», Ә.Кекілбаевтың «Ханшадария хикаясы», М.Мақатаевтың «Өмірдастаны», С.Санбаевтың «Белая Аруана» кітаптары келіп жетті, кітапханалар баспа туындыларымен бұдан былай да толыға беретін болады. Ал, бұрынырақта Қазақстан Республикасы бұқаралық ақпарат құралдары және баспа жұмысы жөніндегі Ұлттық агенттігінің РПО «Кітап» баспасынан 50 мың данамен жарық көріп, жоғарыдағы жауһар шығармалармен қатар тарап отырған Г.Толмачевтің «Повесть об Олжасе» кітабын да әдебиетсүйгіш қауым қызығып оқитыны даусыз.
Лекция-концерттердің Қазақстан тарихы мен әдебиетіне, біздің Президентіміздің антиядролық саясатымен байланысты сипаты бар.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин тұсауын кескен, Атырау облысы әкімі Бақтықожа Салахатдинұлынан қолдау тапқан бұл рухани әлеміміздегі сілкіністі қадам бүгінгі жас ұрпақтың жан дүниесіне, ой-санасына сәуле түсіретіндей құндылығымен ерекшеленеді.

РУХАНИ
КЕМЕЛДЕНІП, ҰЛТЫҢДЫ ӨРГЕ СҮЙРЕ!

«Өз далаңды асқақтатып, тауларды аласартпа!». Алаштың ақиық шайыры, тіл білімінің маманы Олжас Сүлейменовтің осы бір әйгілі фразасы әр оқыған сайын кеңдік пен өрліктің, өршіл рух пен елдік мұраттың символ-нышанындай әсерге бөлейтіні бар. Бейне бір бастамашыл патриоттың бойтұмары іспетті.
Кеңістік пен биіктік… Бұл даладай шежіреге, таудай тарихқа бай қазақы әлемнің өмірлік өлшемі емес пе?!
Дала қандай!
Даладағы ат қандай!
Нөсер шөпке белшесінен батқандай.
Құйғытсам бір,
Дала,
Қала
Болады-ау
Көз алдымда аунап бара жатқандай.
Бұл – ақынның «Арғымақ» деген өлеңінен үзінді. («Атамекен». Қ.Мырзалиев аудармасы).
Арғымақ-ғұмырдың жалына жармасқан алаш ұлының көз алдында дөңгеленген дүние. Көз-айнасына сыйса да, көңіл-құшағына сыймайды-ақ.
Сол дөңгеленген дүниенің тылсым сыры мен тұңғиық құпиясына бүгінгі ұрпақ бойлай алып жүр ме? Кейінгі толқынның кітап оқуға құлқы болмай, қолы қалт етсе, ғаламтордың көгілдір шынысына арбалып қалатыны әдетке айналып бара жатқаны айтудай-ақ айтылып, жазудай-ақ жазылып жүр емес пе?!
Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әндерінің шырқалуы кештің реңі мен көптің көкірегін ашып жібергендей болды. Хамит Исаұлы құлақтан кіріп, бойды алар тамаша мақамды даусымен Абайдың, Мұқағалидың, Олжастың өлеңдерін нәшіне келтіре, тебірене оқығанда рухани жан дүниеміз риясыз бір аунап түскендей күй кешкеніміз рас. Ұлтымыздың руханиятын, тарихи тағылымдарын мектеп қабырғасындағы шәкірттер де осы деңгейде мейлінше терең ұғынса-ау дейсің.

КҮЛТЕГІН
ЕСКЕРТКІШІ –
БАБАЛАР АМАНАТЫ

Түркістандық ғұлама әулие, өзінің «Диуани хикметінде» жиі ауызға алынатын Арыстан бабтың шәкірті Қожа Ахмет Яссауидың ілімі түркілік дүниетанымның негізгі категориясы болып табылатын әмбебаптыққа сай дамыды. Оның мәні – «адамның өзін-өзі тануы» арқылы «Хақты тануы». Ал, біз өзімізді-өзіміз әріден тани алып жүрміз ба? Сақтардың түпкі тегі – түріктер. Түркі халқы екенімізді Олжас Сүлейменов әйгілі «Аз и Я» кітабы арқылы әлемге жариялады. Түп бабаларымыздың Дешті Қыпшақ даласын иісі қазақ ұрпағына мұраға қалдырғанын бұлтартпас дәлелдер әйгілейді.
Ежелгі түркі жазба ескерткішінің тарихи танымын, тәрбиелік тағылымын терең түсініп, оның көшірмесін жасап, аса құнды жәдігерді елдің болашақ іскер жастары оқып жатқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің залына қою жөнінде алғаш ұсыныс жасаған Олжас Омарұлы еді.
Біртуар тұлғаларды табыстыратын да ел мен жер мүддесі, ішкі рухани үйлесім, жан дүние үндестігі болар, сірә! Тюрколог, лингвист О.Сүлейменов Бейбарыс туралы өткен ғасырдың елуінші жылдары аяғында мұрағаттық зерттеулері арқылы тың ой, пайымдауларын паш еткен. Ал, Махамбет туралы фильм түсіруге ақындық, қайраткерлік тұрғыдан ықпал етуі, руханият әлемімізге алмас қылыштай жарқылдаған өткірлік, өрлік пен ерлік сипатын ала келді. Бұл – кейінгі жас буын жеткіншектерімізді қасиетті жеріміздің қадірін біліп, елдік мұраттарға үндейтін, патриоттық тәрбиенің нағыз үлгісі боларлық татымды дүние.

ТҮЙІН

Шығармашылық топтың алдағы жаңа оқу жылынан бастап, «Олжас кітапханасы» баспасынан жарық көрген Абайдың үрдісін үлгі тұтып, руханиятымызға тамаша туындылар беріп келе жатқан талантты ақын-жазушыларымыздың, қала берді әлемдік әдебиеттің жауһар үлгілерін оқып-үйренуге үндеуі өздері алға қойған мақсаттарына бір табан да болса жақындай түскенінің айғағы болса керек.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз.
Жылыой ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*