Әйтеке бидің батасы

Алаштанушы белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес басқаратын «Арыс» баспасынан 2003 жылы керемет бір кітап жарық көрді. «Әйтеке би» тарихифилософиялық дилогия авторыХалықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, қарымды қаламгер Мұқадес Есләмғалиұлы. Өкінішке орай, Мұқаң бүгінде арамызда жоқ. Осы ерен еңбегін аяқтаған соң, 58 жасында бақилық болды. Мұндай толыққанды томның талғампаз оқырманымен орайлы қауышуыел тәуелсіздігінің жемісі.

30c6255610e26e744c06ee7e221524c7

Романда қамтылған Әйтеке би бастаған тарихи тұлғалар ғұмырнамасы нақты деректерге негізделіп жазылған. 345-беттегі «Бата» деген тарауға ән шығаруға ниеттендім. Әрине, оңай шаруа емес. «Сонда не істеуім керек?» деп, өзіме сұрақ қойдым. Өзбекстанның Науайы облысының жерінде «Нұр-Ата» тауының баурайында Әйтеке би жерленгені баршаға аян. Сол өңірге ат ізін салуға белімді бекем будым. Кең даланың кермаралындай жүйткитін, жолаушылар таситын «Икарус» деген жанға жайлы автобусқа отырып «Науайыға» тарттым. Облыстың әкімі ұлты қазақ Әбдіхалық Айдарқұлов деген кісі екен. Алғашқы қадамымды сол кісіге сәлем беруден бастадым. Аман-саулық сұрасқан соң, әңгімемнің негізгі төркінін Әйтеке би бабамызға тіредім. «Барлығын түсіндім. Сапарың сәтті болар!» деп меймандостық танытты.

Ертесіне Әбекең: «Тындырымды азаматтарға тапсырсам да болар еді. Бірақ, сен алдыңа үлкен мақсат қоя білген өнерлі інім екенсің. Бабамыздың басына өзім бастап барғанды жөн көрдім. Алдымен, бағзы Самарқандқа бұрылып, ондағы тарихи нысандарды тамашалап, осы қаладан 25 шақырым қашықтықтағы «Дағбид» қышлағында жатқан әйгілі Жалаңтөс баһадүрге тағзым еткен жөн. Өйткені, ол Әйтеке бидің әрі атасы, әрі ұстазы!» деп, жүретін жолымыздың бағытын анықтады. Сөйтіп, «Нұр-Атаға» да жеттік. Кейіннен, кемеңгер Әбіш Кекілбаев барып, кіріспе сөз сөйлеп ашқан Әйтеке бидің күмбезі ол кезде салынбаған еді. Тек, Сейтқұл баба мазарының кісі бойына жақындайтын бір бөлшегі ғана тұр екен. Бастысы, Жаратқан жар болып, үмітім ақталды. Олай дейтінім, көкірегімді кернеген керімсал әуен кеңістікке қанат қақты. Тоқетері, «Батаға» ән туды. Бірақ, мен асықпадым, тұра жүгірмедім. Әр жылда бір үстінен қарап, әбден кемеліне келтірдім.

Томағасын сыпыратын сындарлы сәтті күттім. Сөйтіп жүргенде, Атырау облысы, Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласының маңында, Жем өзенінің жанында «Бақашы» деген қорымда жатқан Әжібай мен Аралға кесене тұрғызғанын естідім. Оған мұрындық болған Әйтеке биден бата алған осы даңқты бабалардың тікелей ұрпағы, ел сыйлаған абыз ақсақал Қапез Ыбыраев екенін білдім. Енді, Әжібай мен Арал кім? Соған тоқталайын. 1700 жылдың тамыз айында «Нұр-Ата» тауының баурайындағы қыстағында қатты науқастанып жатқан Әйтеке бидің көңілін сұрауға Сыр бойынан арнайы келген ағалы-інілі өрімдей екі жас, Кете Болпыш бидің ұлағатты ұлдары еді. Болпыш, Әйтекемен бір дастарханнан дәм татып, сыралғы досқа айналған кісі. Жоғарыда айтқан Болпыштың қос перзенті келгенде Әйтеке бидің денсаулығы күрт төмендеп кеткен кезі екен. Дегенмен, өзі аса қадірлейтін Болпыштай замандасының қос тұяғы алыстан ат сабылтып келді деген соң, әлгі екеуін алдына шақыртады. «Қарақтарым, мен жинамай өзі келіп, өзі артта қалып бара жатқан дүние жетеді осы үйде, қалағандарыңды алыңдар!» дегенде, келгендердің жасы үлкені Әжібай: «Біз дүние үшін келген жоқпыз. Әкеміз Болпыштың Сізге Алладан саулық тілеген жалыныш сәлемін алып келдік. Егер, мүмкін болса, ақ батаңызды алсақ!» дейді. «Ендеше, жайыңдар алақандарыңды!» деп, асқынған дерттің құрсауында қалған, қайран, қайыспас мұзбалақ бар күшін жинап, соңғы рет бата береді (Бата мәтіні жарияланып отыр).

Сөздің пірі, өзі ірі, айыртілді Әйтеке бидің қыдырлы батасы дарып, Әжібай ұзақ ғұмыр жасаған. Қара қылды қақ жарған би атанып, 110 жасқа жетіп, бақиға аттанған. Інісі Арал жаужүрек батырлығымен ел есінде қалып, 107 жыл өмір сүрген. Ағалы-інілі екеуіне «Бақашы» қорымынан топырақ бұйырып, бір күмбездің ішінде қатар жатыр.

Мені Атырау айлағынан күтіп алып, Әжібай мен Аралдың басына бастап апарған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Атырау облыстық филиалының төрағасы Әбілхан Төлеуішов көкірегі ояу, көне тарихты көп білетін кісі екен. «Бақашы» қорымының тарихын осы кісіден анықтадым. Бақа теріп жеп күнелтіп жүрген кембағал кемпір екен. Құба қалмақты қуып, осы тұстан Әжібай мен Арал бастаған нөпірлі топ өткенде: «Қарақтарым, мен, сендерді зарығып күттім ғой!» деп, хас батыр Аралдың тұлпарының шылбырынан ұстаған. Содан, бұл кейуана «Қыдырға» баланған. Сөйтіп, қорым кейіннен ел аузында «Бақашы» атанған екен.

Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбайұлының бағзы бабасы есімі ру атауына айналған Жаңай әулие де осы «Бақашы» қорымында жатыр. Қорымның күншығыс жағында, қозыкөш жерде Пір-Бекеттің кіндік қаны тамған айбынды «Ақмешіт» тұр. Осы Ақмешіттің имамы Ислам қажы Мырзабекұлы, Әбілқайыр ханның бәйбішесі Бопай ханымның бейітін Орынбор жерінен іздеп тауып, топырағын әкеліп, дәл Әжібай мен Арал кесенесінің жанына жерлеген.

Ендігі барар бағытымыз – «Тұрғызба» ауылы. Онда 93-те жасы бар, кәрі де, жас та жылы лебізін естуге асығар абыз ақсақал Қапез Ыбыраев тұрады. «Батаны» күйтабақ етіп шығарғанмын. Қапекеңнің қарашаңырағына тарту еттім. Сол мезетте дария қария көсіле, шешіле сөз маржанын жарқ еткізді. «Шәміл шырағым, тазасың, дарасың, данасың да. Жүрегіңе киелі күй ұялаған жансың. Ол Сенің басыңдағы бағың, баянды болсын! Сенің Елбасыға арнаған «Қазақстан-Нұрсұлтан» деген керемет күйіңді теледидардан тыңдап, марқайып қалдым. Күйің құтты болсын!» деп ақ батасын берді. Мерейім тасып, шабытым асып, қанаттанып арайлы Алматыма оралдым.

Алматы – Атырау – «Бақашы» – «Тұрғызба» – Алматы.

 

Жетем деген асылдың бәрі алыста

«Біреу күн сәулесіне малынса, біреу ай сәулесіне

зәру шақта екеуің бірдей атқа мініпсіңдер.

Атқа мінгенің азапқа да мінгенің.

Азапсыз ердің аты шықпас.

Азап дегенің тынымсыз еңбек.

Өйткені, сен жетем, сен алам деген

асылдың бәрі алыста,

Таңсықтың бәрі тасада тұрады әрдайым.

Ең дәмді деп татқаның,

өз еңбегіңмен тапқаның.

Сонда ғана еңбегің дәулетің,

беделің сәулетің бола алады.

Сонда ғана шыраққа айнала аласың.

Жанған шырақ жарық берер.

Жарық берген шырағын халық көрер.

Тек лап етіп жанып,

жалп етіп сөнуден сақтасын, өздеріңді!

Еңбексіз өткен өмір де бір,

ерте келген өлім де бір.

Еңбегің жанса қуанарсың.

Бірақ, қуаныш келсе таспа,

Қасірет келсе саспа.

Жетпей жатып болдым деме,

Толмай жатып толдым деме.

Жетпей жатып болдым деген,

Толмай жатып толдым деген,

Төменде күйбеңдейді.

Ал, төменде күйбеңдеген

төбенің басын көрмейді.

Қолдан келген биікке ұшар.

Асқақ ұшсаң абайлап қон.

Өйткені, төбеге шықсаң күндейтін,

төменде қалсаң тілдейтін

жамағайын-сымақтар да

толып жатыр бұл өмірде.

Сондықтан, төбең көкке жетсе де,

табаның жерде тұрғанын ұмытпа!

Жоғарыға ұшқан даңққа бөленер.

Бірақ, ауру батпандап кіріп,

мысқалдап шықса,

даңқ мысқалдап кіріп,

батпандап шығатынын ұмытпа!

Даңқ жүрген жерде әзәзіл боп нәпсі жүреді.

Даңқ өзі келмесе артына шырақ алып түспе.

Шырақ алып іздегенің – нәпсіге бой алдырғаның.

Шикі тері илесең ұлтан болады,

Нәпсісін тежей білген сұлтан болады,

Нәпсі тойымсыз.

Аспандағы құсты да жердегі жем ұятқа қалдырады.

Тойымсыз нәпсі де ер азаматты ұятқа қалдырады.

Даңққа тұлпар дүлдүлдігімен жетеді,

Ер азамат білгірлігімен жетеді.

Кейде сен жетпеген биікке өзге бұрын жетеді.

Ондай жағдайда, өзіңнен биіктегіні күндей көрме,

өзіңнен төмендегіні жүндей көрме.

Жарлылық пен байлықтың қандайы да

жазылмаған ешкімнің мәңгілік маңдайына.

Сұрғылт тұман торламаған аспан жоқ,

сор мен шерге шырмалмаған данаң жоқ.

Даңқтың жолы даңғыл емес,

абыройдың жолы арналы емес.

Дана мен кемеңгерді күндеуші көп,

өйткені, құнарсыз жеміске құрт та жуымайды.

Үнемі жақсыларды жанай жүргейсіздер.

Өзен теңізге қарай ағады.

Жақсы, жұрт мақтаған, ел жақтағанға қарай барад.

Жақсының нәрін ал, тәлімін ал,

сосын бақиға кеткенше сыйлап өт!

Нәрін ішкен бұлаққа тас лақтырма, құм атпа!

Ұлының жеткен биігіне жетем деп ұмтыл.

Бірақ, әлмисақтан келе жатқан:

«Аяз би әліңді біл, Құмырсқа жолыңды біл!» дегенді зерделе.

Өрең жетпейтінге ентелеме, жетпегеніне өкпелеме.

Әйтпесе, қаз боп алшаңдағысы келген қарға

аяғын сындырады дегеннің керін құшасың.

Не босқа үрген төбетті бөрі әкетедінің кебін құшасың.

Досқа күлкі, дұшпанға таба болу деген сондайдан шыққан.

«Жібек тозса есекке жабуға да жарамайды!» деген балаларым.

Уақытымның озған, сөзімнің тозған кезіне тап келдіңдер.

Көне сөзден әрі озбады деп, лапылдап,

лаулап жанбады деп сөге кетпегейсіздер, тастүлектерім!

Кәрі де бол, жас та бол, сыйлас бол көппен тіріде.

Қалады бір күн алтын бас қазылған көрдің түбінде.

Жүрген жерлеріңнің бәрі жазық болсын.

Ар мен абырой өмірлеріңе азық болсын!

Бірің ту ұстаған қолбасшы,

бірің сөз ұстаған би басшы болыңдар, қанаттарым!

Тұяқтыда тұлпар атаныңдар,

қанаттыда сұңқар атаныңдар, шырақтарым!

Бердім батамды, Аллаһу әкбар!»

Шәміл ӘБІЛТАЙ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

күйші-композитор.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*