ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН ЕЛМІЗ

  Бірлікке бастар жол

Жиналғандарды жаңа құрылымның тұсаукесерімен құттықтаған Президент жанындағы Орталық Коммуникациялар қызметінің модераторы Ерлан Тоқмағамбетов ендігі жерде облыста бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің ресми ақпарат көздеріне қол жеткізу мүмкіндігі анағұрлым жеделдей түсетінін айтты. «Өздеріңізге белгілі, бүгінгі таңда бүкіл республика бойынша символы «Тайқазан» болып табылатын «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс» атты эстафета бастау алды. Қоғамды жақсы істер атқаруға үндейтін Тайқазан Атырау өңіріне 28 наурызда келеді деп күтілуде» – деген ол елдегі бірлік пен тыныштықты одан әрі сақтауда биылғы жылдың маңызы зор екендігін айтты.  

Қазақстан халқы Ассамблеясының Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Еркін Қадырғалиев Ассамблея жылына байланысты аймақта атқарылатын шаралар жөнінде баяндады.

– Елбасының тапсырмасына сәйкес, облыс көлемінде құрылған қоғамдық келісім кеңестеріне қалың бұқараны ортақ мүддеге топтастыру міндеттеліп отыр. Аталмыш кеңес әлеуметтік бастамалардың ұйытқысы ретінде де жұмыс істеуде. Нәтижесінде бір мыңнан астам белсенді отандасымыз Ассамблея мүшелігіне енді.

 Өскелең ұрпақты дәстүр сабақтастығы арқылы тәрбиелеу және толеранттылық сананы қалыптастыру мақсатында жоғары оқу орындарында мәдени орталықтар мен Қазақстан халқы Ассамблеясы институты ашылды. Осындай құрылымдар бүгінгі таңда  көптеген жастарды төңірегіне топтастыра білді, – деген ол Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған 1 наурыз күні «Президенттік шақырым» көпшілік спорттық жүгіру шарасы өтетіндігін мәлімдеді. Бұл шараны, облыс орталығымен қатар, аудандарда да өткізу жоспарлануда. Және бір айта кетерлігі, қатысушылардың жас ерекшеліктері мен қызметіне шек  келтірілмейді.

Қазақ елінің әлемнің ең дамыған озық отыз елінің қатарына енуді көздеп отырғаны белгілі. Осы орайда, Еркін Забирұлы ауызбіршілігімізді одан әрі нығайтып, ұлтқа, тілге, дінге бөлінбей, бірлікте, татулықта өмір сүрудің маңызды екендігін, Ассамблея жылына орай, түрлі жобалардың кезең-кезеңімен іске асырылатынын айтты. «Мейірімділіктен – бірлікке», «Армандаған мамандық», «Мың бала», «Жүректен-жүрекке», «Жаңа ойлар табысқа жетелейді» атты жобалар әлеуметтік, ағартушылық, инновациялық бағыттарда жүзеге асатын болады. 

Жаңа құрылым – жаңа мүмкіндік

Өзге өңірлердің жоғары оқу орындарында Ассамблея кафедралары жұмыс жасайтын болса, біздің өңірімізде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанынан институт ашылып, өз жұмысын бастады. Жаңа құрылым түрлі ұлт өкілдерінің салт-дәстүрін, даму тарихын одан әрі тани түсуге, әртүрлі ұлт өкілдерінің бір-бірімен қоян-қолтық байланыс орнатуына үлкен мүмкіндік туғызып отыр. Осы мәселелерге тоқталған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, облыстық Ассамблея мүшесі Бейбіт Мамраев Қазақстан кемел келешекке өнеркәсіп пен технологияны дамыту арқылы ғана емес, елімізде өмір сүретін барша ұлт өкілдерінің салт-санасын жаңғырту, ата дәстүрін дамыту арқылы қол жеткізетінін айтты.

«Университет білім берумен ғана шектелмейді, Елбасының қоғам алдына қойып отырған мақсат-міндеттеріне, болашағымыз үшін маңызы зор мәселелерге басымдық береді.  Біз көпұлтты мемлекетіміздің ынтымағын сақтауда айтарлықтай орны бар Ассамблеямен бірлесе жұмыс жасауға тырысудамыз. Бізге қазақстандық патриотизмді қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жандандыру маңызды», – деді ол.

 «Видергебурт» неміс этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Александр Думлер бірегей институттың қоғамдағы маңызына тоқталды. Елдің бірлігін нығайтуда мемлекеттік тілдің маңызы ерекше екендігін, ұлттардың бір-бірінің тіліне деген құрметі арқылы да өзара қарым-қатынасты дамытуға жол ашылатынын атап айтты.

– Қазақ елінде барлық ұлттар тең құқылы, олардың әрқайсысы заңмен қорғалған. Бұл қадам еліміздегі барлық ұлт өкілдерінің толыққанды өмір сүруіне жағдай жасап отыр. Біздің еліміздің даналығы сол, кезінде солақай саясаттың зардабын тартып, жер аударылып келген өзге ұлт өкілдеріне қазақтың рухани құндылықтарын меңгеру міндеттелмеді. Бірақ, уақыт өте келе сан алуан ұлт өкілдері мемлекеттік тілді меңгерудің маңыздылығын ұғынды. Үйренуге тырысты. Нәтижесінде, еліміз бірлігі жарасқан қуатты мемлекетке айналды, Ассамблеяның 20 жыл ішінде атқар ған жұмысы құрметке лайық екендігін ол атап айтты.  

«Татулық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Гүлсина Байкенованың айтуынша, өзі басшылық ететін орталық мәдениет саласында ғана емес, әлеуметтік бағыттағы жұмыстарға да айтарлықтай атсалысып келеді. «Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі балаларға қамқорлық жасауды, олардың қоғамға толыққанды сіңісіп кетуіне қол ұшын созуды басты міндет деп санаймыз» деді ол.

Баспасөз мәслихаты соңында сала мамандары журналистердің сауалдарына жауап берді.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Суретті түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*