ҒЫЛЫМ МЕН ӨНДІРІС ӨЗЕКТЕС ДАМЫСА…

 

Инвестордың қаржысы да, технологиясы да маңызды 

Исатай БАлмағамбетов:

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған кезекті Жолдауында әлемдік экономикада белең алып отырған дағдарысқа қарсы күрестің нақты бес бағытын белгілеп берді. Аталмыш құжатта қаржы секторын тұрақтандыруға, соның ішінде теңгенің имиджін көтеру, экономиканы долларсыздандыру мәселесіне баса назар аударылғаны белгілі. Осы ретте теңгенің еркін айналымға жіберілуінің ел ішінде түрлі пікірлерді тудырғаны, әркелкі көзқарастардың да пайда болғаны жасырын емес. Әңгіменің әлқиссасын осы мәселеден бастасақ… 

Бекет Кенжеғұлов:

–  Жолдау  – мемлекеттің стратегиялық жоспары. Бұл жолғы Жолдауда болашаққа бағдар беріліп қана қойған жоқ, отандық экономикада ұтылған және ұтқан тұстарымыз халыққа түсінікті жеткізілді. Қаржы секторын  тұрақтандыру мен оның бес бағыты да кешегі стратегиялық құжатта айқын көрініс тапты. Осы жерде «ендігі қадамымыз қандай болуы керек?» деген нақты сауал туындайды.

Ең алдымен, өндіріс орындарын көбейту қажет. Өндіріс болмайынша, өзіміздің ұлттық валютамызда сатылатын тауар шығармайынша, теңгені тұрақтандыра алмаймыз.     

Теңгені тұрақтандырудың тағы бір механизмі – сырттан инвестор тарту. Бірақ, біз инвесторлардың өз ішімізде жүруі мүмкін екендігін де ескеруге тиіспіз. Мәселен, өзіміздің қалталы азаматтарымыз белгілі бір салаға инвестиция құйып, нәтижесінде өндіріс орны салынып, ол өнім берсе, бұл жеке инвестиция болар еді.

Ал, күрделі инвестиция, әрине, әдетте сырттан тартылады. Олар өзінің жаңа технологиясымен келіп, өнім шығарады. Бастысы, Қазақстан жерінде өндірілгеннен кейін ол отандық өнім болып есептеледі. Және өнім экспортқа шығарылған жағдайда, халықаралық валюта деңгейінде сатылады да, ішкі нарықта  теңгемен сатылып, халыққа ыңғайлы бағамен жетеді. Бұл – бір. Екіншіден, өз азаматтарымызға жаңадан жұмыс орындары табылар еді.

Тағы бір қосарым, инвесторлар өз технологияларын жетік меңгерген кадрларын ала келеді. Олармен бірге біздің жергілікті мамандар жұмыс жасайды. Міне, белгілі бір уақыт өткенде отандық мамандарға шетелдің кадрларымен тәжірибе алмасуға жол ашылады.

Мемлекет басшысы бұл жолғы Жолдауында жылына 10 миллиард теңгеден астам көлемде инвестиция тарту қажеттігін айтқан болатын. Кезінде 210 миллиард теңгеге дейін қаржы түскен де еді. Инвесторлардың бізге қызығушылық білдіруі елдегі тыныштық пен тұрақтылыққа да байланысты. Сондықтан, инвестиция тарту жұмысының нәтижелілігін арттыру үшін де қоғамдық тұрақтылықты сақтаған тиімді. Жер бөлініп, инфрақұрылым тартылып, инвесторларға мейлінше кеңінен жағдай жасалуы да керек.

 

Исатай Балмағамбетов:

– Бүгінгі таңда қалыптасқан картина ғылым мен өндірістің арасындағы байланыстың әлі де болса әлсіз, тіпті төменгі деңгейде екенін көрсетіп отыр. Патент алынғанымен, ғылыми жаңалықтардың, өнертапқыштар ойлап шығарған дүниелердің көп жағдайда қолданысқа енбей, қағаз жүзінде қалып қоятындығы туралы да қоғамдық пікір бар. Осынау олқылықтарды реттеудің жолдары қандай деп ойлайсыздар?

 

Азамат Асылбеков:

– Бүгінде елімізде жаңа өндіріс орындарын ашу мәселесі өткір тұр. Және де теңгенің құнын арттыру, отандық экономиканы тиімді жолмен дамыту мәселесіне келгенде, импортты қазақстандық өніммен алмастыруға тиіспіз. Өйткені, теңге құнының артуы елден шығатын өнімге байланысты болады. Егер Қазақстаннан әлемдік экспортқа өнім шықпайтын болса, ұлттық валютаға да ешқандай сұраныс болмайды.

Осы орайда импорт пен экспорттың кестесін алып қарайтын болсақ, Атыраудың өзі жылына шетелден бірнеше миллиардтаған доллармен өнім алады екен.  Соның ішінде ауыл шаруашылығына қажетті құрал-жабдықтарды да қомақты көлемдегі долларға, еуроға сатып алып жатыр. 

Әрине, импортты алмастыру үшін көптеген жұмыстарды кешенді түрде қарастыруға тура келеді. Бір ғана ауыл шаруашылығы саласындағы импортты  алмастыру үшін бес жыл уақыт керек болуы да мүмкін. Рас, бүгінде Атырауда құс фабрикасы, жылыжайлар салынып, белгілі бір деңгейде жұмыс атқарылып жатыр. Дегенмен, біз Қазақстанда мүлдем жоқ өндірісті дамытуға күш салуымыз қажет.  Мысал ретінде Қазақстанда өндірілмейтін насос түрін алайық. Әрине, дәл сол өнімдерді шығаратын зауытты бірден іске қосып, тауар өндіре қоямыз деуге болмайды. Себебі, Қазақстаннан шығатын ол өнімнің сапасы, әрі тұтынушылар аудиториясы болуы керек. Міне, осы жерде біз инвестицияның қажеттілігін көреміз. Яғни, шетелдің қаржысына қызығудан гөрі, олардың ғылыми жаңалығын, жаңа технологияларын қолданысқа енгізу әлдеқайда тиімді болмақ. Және біз сол дүниеге ұмтылуға тиіспіз. Сондықтан, қаржы секторын тұрақтандыруда ең алдымен импортты отандық өніммен алмастыруды ұсынамын.

Агроөнімдер «брендке» айнала ма? 

Исатай Балмағамбетов:

– Айтып отырған мәселеңіз қызықты көрінеді. Осы тақырыпқа тереңірек тоқталсаңыз. Мәселен, еліміз әлемдік рынокқа бренд ретінде нендей өнімдерді ұсына алады? Жалпы, ұлттық бренд қалыптастыру үшін нендей тетіктерді іске қосу керек деп ойлайсыз?

 

Азамат Асылбеков:

– Бұл ретте бізге экологиялық тұрғыда таза ауыл шаруашылығы өнімдерін «қазақстандық бренд» ретінде пайдаланған тиімді деп ойлаймын. Екіншіден, импортпен алмастыру мүмкін емес, инвестиция тартуға тиімсіз салаға мемлекеттік қолдау көрсетілуі қажет. Мәселен, Атырау облысының ауыл шаруашылығы саласына инвесторларды бірден әкелу қиынға соғады. Оның экологиялық, климаттық, бәсекелестік сынды түрлі себептері бар. Сондықтан да, бізге инвестицияға тартымды саланы дамытып отыруға тура келеді.

Жеке басымды мысалға алар болсам, инвестор тартумен айналысып келе жатқаныма біраз уақыт болды. Аптасына кем дегенде бір инвестормен кездесіп отырамыз. Сондықтан, «инвестор бізден нені талап етеді?» деген мәселеге тоқталайын. Екі жақты кездесу кезінде біз оларға инвестиция туралы арнайы заңның бар екендігін, заң бойынша инвесторларды он жылға дейін корпоративтік, мүлік туралы және жер салығынан босатуға кепіл берілетіндігін айтамыз. Жер учаскесінің бөлінетіндігін, инфрақұрылым мәселесін де мемлекеттің шешетіндігін алға тартамыз. Әрине, инвесторлар мұндай ұсынысқа қызығады.  Бірақ, оларға ең алдымен сұранысы бар нарық және тұрақтылық керек. Осы жағынан келгенде бізде проблемалар бар. Бір ғана сұраныс мәселесін дұрыс зерттеу үшін инвесторларға ақпараттық тұрғыда көмек жоқ. Яғни, инвестиция салынатын салада қанша бәсекелес компания бар, сол саладағы импорт көлемі қандай немесе тауарды экспорттау мүмкіндігі сынды ақпараттарға келгенде олар қиналады. Біздің елімізде инвесторларға кешенді қызмет көрсету механизмі де қаралмаған.

 

  Бекет Кенжеғұлов:

– Расымен де, «ғылым экономикаға пайдасын тигізіп жүр ме?» деген сұрақ жиі туындайтын болды. Әрине, ғылымсыз, ілімсіз алға өрлеу жоқ.  Жоғарыда айтып өткенімдей, инвесторлар қаржымен бірге, елге міндетті түрде жаңа технологияны алып келеді. Ол технология өз елдерінің ғылым жүйесімен іске асқандықтан, кейде  біздің географиялық ерекшеліктеріміз ескерілмей жатуы да мүмкін. Мысалы, шетелден әкелінетін мұнай айдайтын тұрбаларды алайық. Тасымалдауды іске асыру үшін жергілікті жердегі мұнайдың химиялық қасиетін білу маңызды. Әттеген-айы сол, шет елден әкелінген тұрба біздің елдегі мұнайдың қоспаларынан тотығуға ұшырайды. Сонымен қатар, сыртқы климат та әсер етеді.

Міне, осы мәселеге келгенде шетелдіктер бізбен санасады. Сол себепті, «Қазақстанның ғылымы өндіріске жарамай жатыр» деуге болмайды. Екіншіден, ғылыми жаңалықтардың өндіріске енбейтінінің тағы бір себебі бар. Бізде ірі өндіріс орындары тапшы. Мысал келтіре кетсек, кезінде Атырау мұнай өңдеу зауытының тұрбаларынан шыққан түтіндегі зиянды заттарды ұстап қалатын фильтрдің түрін өзгерту бойынша зерттеу жүргізген болатынбыз. Әрине, стандартты фильтр бар. Біз «сол фильтрге тағы қандай өзгерістер енгізгенде өзіндік нәтижесі болады?» деген мәселе бойынша жұмыс жасадық.  Бұл өндіріс үшін де, ғалым үшін де тиімді қадам  болды деп ойлаймын.

 

Азамат Асылбеков:

-Бекет Зейнешұлының пікіріне мен де қосыламын. Мәселен, Атыраудың мұнай секторында химиялық реагенттерге деген сұраныс өте жоғары. Бірақ, ғылыми орта мен отандық өндірушілердің де үлкен проблемасы сол, «Қазмұнайгаз», «Теңізшевройл» сынды алпауыттар кез-келген құрылғыны таңдаған кезде шетелдік өнімге басымдық беріп тұрады. Өйткені, олар шетелдік тауарды әлдеқайда сапалырақ деп есептейді. Бірақ, көпшілік назар аудара бермейтін бір кілтипан бар. Айталық,  шетелден алынған химиялық реагент стандарт бойынша барлық талапқа жауап бергенімен, жергілікті жерлердегі кен орнының өзіне ғана тән химиялық, физикалық жағдайына сәйкес келмей жатуы мүмкін. Ал, Атыраудағы химиялық реагент өндіруші компания алдымен кен орындарына зерттеу жүргізіп отырады. Сөйтіп, әр кен орнының өзіндік ерекшелігіне сай өнім шығарады. Міне, осы жерде отандық ғылым мен өндірістің арасында байланыс бар екендігін көруге болады. Бастысы, оны тиімді пайдалана білу керек.

 

Исатай Балмағамбетов:

– Осы ретте сіздің компанияның инвестиция тарту қызметі туралы таратыңқырап айтсаңыз…

Азамат Асылбеков:

– Бізге әлемдік деңгейдегі Техникалық дамудың ұлттық академиясымен байланыста жұмыс істеуге тура келеді. 2009 жылдан бері аталған оператор инновациялық жаңалықтарға 9,5 миллиард теңге көлемінде грант бөлген екен. Бұл – ғылыми өндіріске мемлекет тарапынан берілетін тегін қаражат. Өкінішке орай, сол қаржының бірде-бір бөлігін Атыраудан еш ғалым алмаған. Іс барысында аталмыш орталыққа Атыраудан бірде-бір ұсыныстың келіп түспегендігі анықталды. Бұдан соң біз іріктеп отырып, онға жуық өтінішті апарып тапсырдық. Қызығы сол, қаңтар айынан бастап, мамырға дейін академия өтініштерді қарастырған жоқ. Маусым, шілде, тамыз айларында қарастыратын менеджерлер еңбек демалысына кетіп, жұмыс тағы жүрмеді. Ұсыныстар қыркүйек айында ғана қаралып, қысқа мерзім ішінде «қаражат бітті» деген жауап алдық.

Әрине, бұл механизм әлде де дамытуды қажет етеді. Дегенмен, әсіресе, Атырау мұнай және газ институтының профессорлары тарапынан көптеген жаңалықтардың, қажетті жобалардың бар екендігін атап өткім келеді. Инновациялық жаңалық иелері үшін аталмыш орталыққа өтініш жіберу жұмыстарын толықтай өз мойнымызға алғанымызды да хабарлаймын.

Отандық өнімді әлемдік брендке айналдыру мәселесі дегеннен шығады, жақында біз Ресейдің Орынбор қаласында өткен халықаралық көрмеге қатысып келдік. Сол көрмеге «Бірінші мамыр» компаниясының, Владимир Розметов қожалығының өнімдерін алып барғанымызда, тауар екі күн ішінде сатылып кетті. Сөйтсек, ресейліктер қазақстандық өнімді жоғары бағалайды екен. Олардың пікірінше, ресейлік тауарлар толықтай экологиялық таза өнім талабына жауап бере алмайды. Ал, бізде керісінше стереотип қалыптасқан. Сату орындарынан отандық өнімді таба алмай жатамыз, болған күннің өзінде тұтынушылардың таңдауы ресейлік тауарға түседі. Осындайда отандық өнімге ірі сауда орталықтары қолдау көрсетіп жатса, құба-құп болар еді…

Жаңалықтар өндіріске жетпей жатыр!.. 

Әбілсейіт Мұхтар:

– Елбасы Жолдауы дер кезінде жарияланды. Себебі, әлемдік экономикалық дағдарыс мемлекет өмірінің барлық саласына дендеп енді. Осыған байланысты жаңа экономикалық саясатты ұсынған Елбасы техника, білім мен ғылым саласын дамытуды міндеттеді. Расымен де, Қазақстанды дағдарыстан жаңа өндірістер мен ғылыми технологиялар ғана алып шығады.

 Айта кететін жайт, Қазақстанда ғылыми жаңалықтарға жылына 300 патент алынады екен. Бірақ, олардың бірде-біреуі өндіріске енбейді. Себебі, ғалымдар оны өндіріске енгізудің жолын білмейді. Ал, өндіріс сынақ жүргізу мәселесіне есігін ашпайды. Бүгінде Атырау мұнай және газ институты осы мәселені реттеу жолдарын қарастырып жатыр.

Институтымыздың ғалымдарында бүгінде 17 патент бар. Бірақ, ол жаңалықтың бірде-біреуі қолданысқа енген жоқ. Осыған байланысты институт ректоры Әли Әжімұлы Әбішев патенттеу бөлімін ашуды және ол жаңалықты сату мәселесін жолға қоюды тапсырды.

Жақында біздің Ғилажев, Сағынаев атты екі ғалымымыз Санкт-Петербургтың технологиялық институтына барып қайтты. Сол институт біздің ғалымдарымыздың құрамына қоспа қосу арқылы бензиннің сапасын арттыруға арналған жұмыстарын жоғары бағалады. Нәтижесінде патент Санкт-Петербург қаласында сыналады деп күтілуде. Осы мысалдың өзі қазақстандық ғылымның, ғалымдар идеясының өз елімізде қалмай, сыртқа кетіп жатқандығын көрсетеді.

Біздің ғалымдарымыздың бұдан басқа да ойлары бар. Жақында «Атырау-Жарық» мекемесінде кездесу өткіздік. Жиын барысында саладағы проблемалар, оны шешуде жергілікті ғалымдардың нені ұсына алатындығы сынды мәселелер қаралды. Сонда көшелерге тартылған кабель мәселесі көтерілді. Қыс мезгілдерінде ток бойына қатқан мұз бір кездері Атырауды жаппай жарықсыз қалдырғаны белгілі. Ғалымдарымыз соны болдырмаудың, яғни кабельдің бойына мұз қатырмау жолдарын қарастыруда. Әзірге идеялар бар. Бірақ, патент алынған жағдайда дайын жобаны сынақтан өткізу мәселесін шешіп алуға тура келеді.

Сондай-ақ, институт ғалымдары қалдықты кәдеге асыру мәселесін де қарастырып жатыр. Мәселен, КТК компаниясы арқылы тасымалданған мұнайдан жылына 12 тонна қалдық шығады екен. Осыған орай, біз компания басшылығымен келісіп, қалдықты жаңа өндірістік бағытта пайдалану мәселесін ғылыми тұрғыда қарастыра бастадық.

Тағы бір проблема кемелерге байланысты. Кеме біздің Атырауда да бар. Бірақ, оларға қажетті жанар-жағармайды біз шетелден сатып алады екенбіз. Осыған байланысты, ғалымдарымыздың жеңіл кемелерге жанар-жағармай өндіру мәселесі бойынша патенті бар. Енді ауыр кемелерді қамтамасыз етуге байланысты идеялар қарастырылуда.  Бірақ, бизнес мұндай жобаларға ақша салмайды. Ол құрылымға дайын өнім керек. Сондықтан, бұл жерге де мемлекеттің көмегі керек болады. Мүмкін, ғылымды қолдайтын бизнесті белгілі бір дәрежеде салықтан босату мәселесін қарастыруға болатын шығар.

 

Бекет Кенжеғұлов:

– Әңгіме барысында «отандық бренд» мәселесі сөз болып жатыр ғой. Кезінде біздің сапалы өнімдеріміз болды. Бұрын жерімізде қаракөл  өндіріліп, оны мұхит артындағы Америка, көршілес Ресей елдері кеңінен  пайдаланған болатын. Күздің кезінде қозы айырып, еті де жоғары қарқынмен сатылды. Сөйтсек, адамның бойындағы қалыпты температура 36 градус болса, бағланның майы 34 градуста еріп кетеді екен. Яғни, май адамның организмінде түйдек-түйдек болып қатып қалмайды, тез сіңеді. Бұл бағланның еті де, майы да зиянсыз дегенді білдіреді. Сондықтан, өз заманындағы осындай ірі жаңалықтарды қайта жаңғырту керек деп ойлаймын. 

Ғылымға да, ғалымға да қолдау керек

 

Әбілсейіт Мұхтар:

– Дағдарысқа байланысты биыл ғылымға қаржы бөлінбей қалды. Дегенмен, институт тарапынан Техникалық дамудың ұлттық академиясына үш жоба ұсынып отырмыз. Оның бірі – институт ғалымы Ғилажевтың жобасы.

Бұдан бөлек, «ЭнергоДжи» компаниясына он үш жоба ұсындық. Сонымен бірге, институт шетелден инвестор іздеу жұмыстарын да жүргізуде. Жақында ректордың шақыруымен институтымызға АҚШ-тың Техас штатынан екі мәрте сайланған конгрессмені келіп кетті. Шетелден инвестиция тарту мақсатында біз оған институттағы мұнай саласына қатысты ғылыми жобалардың тақырыптарын беріп жібердік. Тағы бір жаңалық, бүгінде институтта Ресей, АҚШ, Әзербайжан, Словакия елдерінен келген 18 ғалым жұмыс істеуде. Академиялық оралымдық бойынша олар кемінде екі апта жұмыс істеуі керек. Сол мерзім ішінде арнайы курсты беріп шығады да, емтихан алып, еліне қайтады. Институт ректоры осы мүмкіндікті тиімді мақсатқа пайдалануға тапсырма берді. Яғни, біздің алдымызда қазір сол он сегіз ғалымды пайдалана отырып, он сегіз жоба шығару міндеті тұр.

 

   Сайын Қуанышев:

– Биылғы Жолдау мәні мен маңыздылығы жағынан ерекше. Мемлекет басшысы бұл жолғы Жолдауында қаржылық саланы алдыңғы кезеңге қойды. Қазіргі таңда теңгені тұрақтандыру және валютаны бүгінгі нақты жаһандық ахуалға бейімдеу мәселесі өткір тұр.

Теңгенің құнсыздануына байланысты ел арасында түрлі әңгіме, көзқарас тарауда. Бұл қалыпты жағдай. Десек те, халық арасында түсінік жұмыстарын көбірек жүргізу керек деп ойлаймын.  Жаһандық экономикада зор орны бар Қытай елінің де ұлттық валютасы құнсызданды ғой. Сондықтан, ендігі жұмысымыз теңгенің имиджін көтеруге арналуы керек. Елбасы айтып өткеніндей, сауда-саттық теңгемен жасалып, артық қаражатты да ұлттық валютамен сақтасақ, экономиканы долларсыздандыру саясаты өздігінен жүзеге асырылар еді.

Экономика заңы бойынша, бір теңге басып шығаратын болса, оның құнын ақтайтын бір теңгелік өнім өндіріліп тұруы керек. Бұл «отандық өнім көлемін арттыру керек» дегенді білдіреді. Оның үстіне, теңге, ұлттық валюта – тәуелсіздік нышаны. Өзінің валютасы жоқ мемлекет  болмайтынын ескерсек, әр азаматтың төл теңгеге деген көзқарасы да ерекше болуы қажет деп ойлаймын. Және де шетелден келетін мамандардың да еңбекақысын доллармен емес, теңгемен төлеуді қолға алу маңызды.

 

Әбілсейіт Мұхтар:

– Сайып келгенде, экономиканы көтеру мәселесі ғылымға келіп тіреледі. Әлбетте, ғылымды көтеретін – ғалым. Сондықтан, ғалымдарға қолдау көрсетуді мемлекет тарапынан кешенді түрде қолға алу қажет. Атыраудың ғылымын көтеру үшін шетте жүрген өз ғалымдарымызды елге шақырып, болашақ үшін жұмыс істеуіміз керек. Бұл мақсатта «Болашақ» бағдарламасының түлектерін де пайдалануға болар еді. Бірақ, барлық мәселе қаржыға келіп тіреледі. Сондықтан, ғылымды қолдаудың қаржылай көздерін нақты реттейтін кез келді.

 

Азамат Асылбеков:

– Әлемдік деңгейдегі ғалымдардың басын қосу дегеннен шығады, Атырау мұнай және газ институтының ректоры Әли Әбішевпен бірге Хьюстонға барып, ондағы технологиялық орталықтың жұмысымен танысқанымыз бар. Орталық жұмысының ерекшелігі сол, Хьюстондағы компаниялар ай сайын жарна төлейді де, әр жылға қажетті деген тақырыпты белгілеп, сол мәселе бойынша жобалары бар ғалымдарды әлемнің түкпір-түкпірінен жинайды. Жұмыстар талқыланып, жан-жақты сараланғаннан кейін, озық жұмыстар нақты жоба ретінде өндіріске жіберіледі. Бұл – тамаша механизм. Өйткені, жарнаны өндіріс төлейді, нақты механизмді ғалымдар дайындап береді. Сол орталық бізді бірлесіп жұмыс істеуге де шақырды. Бірақ, қаржы жағынан келгенде мәселе қиындау болып тұр.

 

Сайын Қуанышев:

– Өзге өңірлердегі институттар ғалымдары жұмыстарының таныстырылымын жасау арқылы оны сатып алушыларды табуда. Біздің өңірімізде жергілікті ғалымдардың қол жеткізген жетістіктерін жариялау жағы өте төмен. 

 

Исатай Балмағамбетов:

– Адамның түсінігін өзгерту, қоғамның санасын жаңғырту сынды мәселелер өндірістің өркендеуіне, ғылымның серпінді даму жағдайына келіп тіреледі. Басқосу барысында негізінен ғылым мен өндіріс тақырыбы тереңірек қозғалды. Бұл өте дұрыс деп те ойлаймын. Себебі, ұзақ жылдарға дейін ғылым мен өндіріс екі бөлек дамып келді де, экономикада іргелі табыстарға қол жеткізе алмай келдік. Сондықтан, әлемді шарлаған қаржылық қыспақ  жағдайында ғылымның өндіріске жұмыс істеуін қолға алу қажет деп ойлаймыз. Азамат Асылбеков атап өткеніндей, теңгенің құнын, имиджін көтеру мақсатында экспортқа шығаратын отандық өнімнің көлемін арттыруға жұмыс істеуге тура келеді. Ендігі жерде Қазақстан әлемдік нарыққа алушы емес, өнім беруші мемлекет ретінде баруы тиіс.

 

«Дөңгелек үстел» басындағы әңгімені жазып алған:

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Суреттерді түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*