ЫҚПАЛДАСТЫҚ – ортақ мүдделер тоғысы

Бұған дейін құрылғанына екі жылдан асқан Кедендік одаққа қатысты жұртшылық оң пікірде. Әсіресе, оның тиімділігін кәсіпкерлер сезінді. Тауар айналымы ұлғайды, кедендегі бұрынғы кедергілер жеңілдетілді. Кедендік аумақ құру арқылы экономикалық әртүрлі ынтымақтастыққа жол ашылды. Ең бастысы, бірлескен өндіріс орындарын ашу арқылы одаққа мүше елдердің индустрияландыру саясатына ықпал етілді. Сыртқы тауарлар экспанциясынан бірлесіп қорғануға мүмкіндік туады. Сонымен бірге, Кеден одағына мүше елдер бір-бірімен сауда-саттық жасасқанда шекарадан өтер кезде төленетін кедендік алым-төлемдерден босатылып, қағазбастылықтан құтылды. Үш елдің бүгінгі таңда 2 трлн. долларға бағаланып отырған бірыңғай нарығы бұрынғыдан да кеңейе түсті. Бұл өз кезегінде инвестициялық тартымдылығымызды арттырғаны сөзсіз. Бәсекелестік орнап, бұл өз кезегінде тауарлардың сапасының артуына, тауар мен өнімнің қолжетімділігіне жол ашты. Мемлекеттердің транзиттік әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік туып, кірісіміз артты.
Кедендік одақтың артықшылығы туралы айтқанда мына мәселеге назар аудара кеткен дұрыс. Бүгінгі таңда үш елдің аумағында 170 млн. адамнан тұратын үлкен нарық құрылуда. Одаққа мүше елдердің ішкі жалпы өнімі 2 трлн. долларға, ал өнеркәсіптік әлеуеті 600 млрд. долларға жетіп отыр. Жер бетінде өндірілетін бидайдың 12 пайызы осы одаққа тиесілі әрі сол бидайдың әлемдік экспортының 17 пайызы да одақтың еншісінде болады. Алдын ала болжам бойынша Кедендік одаққа мүше елдердің ішкі жалпы өнімі 2015 жылға қарай 15 пайызға артады деп күтілуде. Бұдан да басқа игіліктері болатыны айтылуда. Негізінде, нарық тұрғысынан Қазақстанның мүддесі өмірлік-стратегиялық болып табылады. Қазақстан үшін баж салығынсыз 170 млн. адамдық нарықтың ашылуы экономикамызды ынталандырып қана қоймайды. Ол қазір ел басшылығы іске асырып жатқан индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ірі, шағын және орта бизнесті ынталандырады.
Жалпы, мұның өзі бір географиялық кеңістіктің ішінде ұлттық экономикалардың қорғалуы жаһандық дамудың үрдісіне айналуда екенін көрсетеді. Шынында, бұл Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1994 жылдың өзінде Мәскеуде Ломоносов атындағы халықаралық университетінде көтерген Еуразия одағын құру туралы бастамасының іс жүзінде жүзеге асырыла бастағанының бір айқын белгісі деп айтуға негіз бар.
Бүгінде өзгеден бөлектеніп, жеке-дара көш бастау мүмкін емес екені белгілі. Қай салада, қай мақсатта болмасын, күш біріктіріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара ұйымшылдықпен жасалған жұмыс жемісті болады. Осы орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы бастамасының алар орны ерекше. Еуразиялық одақты «күрделі мегажоба» деп атаған Нұрсұлтан Әбішұлы: «Еуразиялық одақ о бастан бәсекеге қабілетті жаһандық экономикалық бірлестік ретінде құрылуы керек. Әлем жаңа технологиялық революцияның табалдырығында тұр. Бүгінде Қазақстан индустриялық-инновациялық дамуға бағыт алды. Біз заманауи өндірістік күштерді болашақтағы ұлттық экономикалық инновациялық жаңа құрылымдар ретінде құрамыз», – деді. Экономикасы мықты, тұрақты бүкіл Еуразиялық одаққа тиімді кеңістік құру үшін әлі де болса көптеген ауқымды жұмыстарды атқару керек. Біздің ортақ стратегиялық мақсатымыз дәл осында.
Қазірдің өзінде біз 170 млн. тұрғыны бар рынок жасап алдық. Алдағы уақытта оның мүшелері көбейіп жатса, сыйымдылығы арта бермек. Екіншіден, теңізге ашық алаңға тікелей шыға алмауымыздан көршілерден алшақтамай, бірлесуіміз керек.
Айта кету керек, бұған дейін кәсіпкерлікке кедергілерді жою мақсатында заңдарға бірнеше түзетулер енгізілді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен одаққа мүше үш елдің заңдылықтарындағы келіспеушіліктер анықталды. Демек, мұнайлы өлкенің бизнес иелері үшін де мүмкіндіктер көбейді. Себебі, интеграция шекаралас сауданың дамуына жол ашады. Сонымен қатар, экономикалық байланыста инфрақұрылымның алар орны ерекше. Демек, заманауи логистикалық орталықтар салынып, сапалы жолдар жасалмақ. Бұл ішкі экономикалық қызметтің белсенділігін арттырмақ.

Асылбек ЖӘКИЕВ,
Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*