«Қыз бақытын – түзден, жігіт қыздан іздейді»

Майра  ИЛЬЯСОВА,

Қазақстан  Республикасының

Еңбек  сіңірген  әртісі,

«Құрмет»  орденінің  иегері,

белгілі  әнші,  продюсер:

«Әйел бақыты» дегеніміз – отбасы, ошақ қасы. Дүниеге қыз болып келгеннен кейін жақсы жар табу, өмірге сәби әкелу, оған лайықты тәрбие бере білу маңызды. Және батагөй жасқа жеткен кезде немере сүйіп отырса, әйел адам үшін одан асқан бақыт та жоқ» дейді  Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, белгілі әнші, продюсер Майра Ильясова.

Сенбілік сұхбат кейіпкерін үлкен тізімнің ішінен әдейі таңдап алдық. Себебі, кейіпкеріміз қазақ өнерін насихаттап жүрген дәстүрлі әнші ғана емес, мұқтаж жандарды қолдаушы үлкен жүрек иесі.

%d2%9b%d1%8b%d0%b7-%d0%b1%d0%b0%d2%9b%d1%8b%d1%82%d1%8b%d0%bd-%d1%82%d2%af%d0%b7%d0%b4%d0%b5%d0%bd-%d0%b6%d1%96%d0%b3%d1%96%d1%82-%d2%9b%d1%8b%d0%b7%d0%b4%d0%b0%d0%bd-%d1%96%d0%b7

Қазақ қыздары

иманды болуы керек

– Өмірде әйелсіз, анасыз. Өнерде әншісіз. Өзіңіз «қай жағынан жолым болды» деп ойлайсыз?

– Өмірден гөрі, өнерде жолым көбірек болды деп ойлаймын. Ал, ана ретінде әлі күнге қинайтын өкінішім бар. Себебі, бір ғана қыз баланы өмірге әкелдім. «Өнерден кенжелеу қалсам да, өмірге бес-алты қарадомалақ әкелу керек еді» деген ой жас ұлғайған сайын кәдімгідей мазалайды екен. Сондықтан да, соңымнан ерген өнердегі қыздарыма «әуелі бала, содан соң – өнер» дегенді айтып отырамын.

Адам шүкіршілік етуі керек қой, қызымнан ерген немерелер бар. Сол кішкентайларға қарап, ізімді жалғастырушы ұрпағымның барына шүкіршілік етемін.

– Сіздің көзқарасыңызда нағыз қазақ қызы қандай болуы керек? Қазіргі қазақ қыздары туралы пікіріңіз қандай?

 – Қазақтың қыздары,  ең бірінші, иманды болуы керек. Екіншіден, қандай болса да, азаматын сыйлап, оны жоғары қойса екен. Және де ата-анасын, ата-енесін, барлық үлкендерді құрмет тұта білсе, ондай қыздың құрған шаңырағы да берік болады. Жаны да, ары да таза қыздар көбейе түссе екен. Себебі, «қызымыз қандай болса, еліміз де сондай» деген сөз бар. Қоғамда орын алып жатқан кей ахуалдарға қарап отырып, «қызға қырық үйден тыйым» деген ата-бабаларымыздың дәстүрін қайтару керек-ақ» деген де ой келеді.

 

Жұлдызды жұптарды үлгі етсек…

– Отбасылық жұлдызды жұптардың бірігіп өнер көрсетуі қазір жаңа трендке айналды. Бұл тренд «өнер адамдарының жеке өмірі болмайды» деген қасаң қағиданы жоққа шығарғандай да болды. Сахнаны отбасылық кәсіпке, дәстүрге айналдыруға деген көзқарасыңыз қандай?

Кезінде жұбайы өнерін түсінбегендіктен ажырасып тынған қаншама жұлдыздарымыз болды? Ал, қазір керісінше, қазақ сахнасында бірін-бірі толықтырып тұратын жұптар көптеп пайда бола бастады. Бұл өте жақсы үрдіс. Сондықтан, отбасылық жұлдызды жұптарды дәріптей түсу артық етпейді деп ойлаймын. Құралай мен Мирас, Айтгүл мен Қанат, Қарақат пен Қыдырәлі, Ақбота мен Ғани, Дана мен Әділ, бәрі-бәрі өнер деген алып кемеде қос аққудай әдемі жүзіп келе жатыр. Талантты жастар осындай жұптардан үлгі алуы тиіс.

– Бір сұхбатыңызда «менің тобыма келген қыздар күйеуге шығып кете береді» деп әзілдедіңіз. Топ мүшелерінің тұрақты болмауы кәсіби деңгейге кері әсер етеді деп ойламайсыз ба? Келісім-шартқа «белгілі бір уақытқа дейін тұрмысқа шықпау туралы» талап енгізбеуіңіздің сыры неде?

– Қоғамдағы орнының қандай болғанына қарамастан, әйел,  ең алдымен, отбасын құрып, оны сақтай білуі керек. Бұл туралы әңгіме басында да айттым. Сондықтан, әнші қыздарыма да отбасы маңыздылығы жөнінде үнемі айтып отыруды өзіме парыз санаймын. Рас, топ солистерінің күтпеген жерден тұрмысқа шығып кету жағдайлары жиі кездеседі. Оның белгілі бір деңгейдегі қиындықтары да болады. Мәселен, топ әншілерінің көйлегін тіктіріп, аяқ киімдерін алып, енді клип түсіре бастаған кезде, қыздардың бірі отбасын құруы мүмкін. Мұндайда біріне тіктірген көйлек екіншісіне бармай, киім мәселесін қайта қарап, орталап қалған бейнебаянды кері түсіруге тура келіп жатады. Әрине, бұл жағдайлар қалтаға да кәдімгідей әсер етеді. Осы жағдайларды ескере келе, өзім продюсерлік ететін «Ерке» тобының солистеріне кемінде екі жылға дейін тұрмысқа шықпау жөніндегі талапты келісім-шартқа енгізіп жібердім. Саралай келе, бұл мерзімге тағы бір жыл қосып, яғни, келісімді үш жылға дейін созып отырмын.

Ал, топ мүшелерінің тұрақты болмауының кәсіби деңгейге әсері туралы сұрағыңызға келсек, солистер қатаң іріктеуден кейін ғана таңдалатынын айтқым келеді. Біздерге талант керек. Шын таланттың дауысын қою, дайындау аса бір көп уақытты қажет етпейді.

Өнердегі жолыңызды қуған ұрпақтарыңыз бар ма?

– Қызымның әжептәуір даусы бар. Жақсы билейді де. Бірақ, ол өнер жолын қаламады. Өз таңдауымен заң қызметкері атанды. Ендігі үмітім, сол қызымнан туылған бүлдіршіндерде. Болашақта жолымды екінші немерем жалғастырады деп ойлаймын. Қазір ол 4,5 жаста. Сол жасына қарамай, күн сайын көйлегін ауыстырып, сахнада тұрғандай ән айтып жүреді. Бала болса да  елең еткізерлік даусы көп үміт күттіреді.

 

Қоғамды  ізгілік біріктіреді

– Сіз қайырымдылықпен де айналысасыз. Мұқтаж адамдарды өзіңіз іздеп табасыз ба, әлде сізді іздеп таба ма? Есте қалған ерекше оқиғамен бөлісе отырсаңыз.

– Бұрын көмек сұраушылар мені іздеп келетін. Телеарна арқылы көмек көрсеткен кездеріміз де болды. Бірде «Қазақстан» арнасынан «Жан жылуы» бағдарламасын көріп, он саусағы жоқ жігітке көмек көрсеткенім бар. Жиырмадағы жігіт не өздігінен тамағын іше алмайды, не киіне алмайды, не әжетін өтей алмайды. Зіңгіттей жігітті анасы жас балаша мәпелеп отыр. «Мен қартайып келем. Олай-бұлай болып кетсем, баламның жағдайы не болмақ?  Баламның саусағы болса, түймесін өзі салып, қасығын өзі ұстар еді» деп  еңіреп отырған ананы көргенде, жанымды қоярға жер таппадым. Сөйтіп, арнайы сюжет дайындап, оны телеарналардан үздіксіз беріп отырдық. Кейін, қайырымдылық концертін ұйымдастырдық. Концерттен 5 мың доллар көлемінде қаражат жиналды. Ол қаржыға әнші Мақпал Жүнісова 400 доллар қосты. Өзім 2100 доллар қостым. Сөйтіп, жігітке үш саусақ салып бердік. Теледидардағы көрсетілімнен кейін көмек көрсеткендер де болыпты. Арада біраз уақыт өткен соң, сол жігіт анасымен бірге алғыс айтып келіп кетті. Отадан кейін жігіт үйленіпті. Үй тұрғызып, көлік мінген. Көзінде нұр ойнап тұр. Анасының да жабырқау көңілі жадыраған екен. Еңбегіміздің нәтижесін көрген  кезде ерекше қуанғаным бар.

– Сұхбатымызды қорытындыласақ…

– Мен де анамын, әжемін. Оған қоса әншілігім де бар. Бірақ, оқырман аудиториясы үшін астын сызып айтып кетер мәселе де бар. Өнерді жеке өмірмен бірге алып жүру – қиынның қиыны, күрделі сынақ. Сондықтан да, кез-келген қыз бала, ең алдымен, берік отбасын құрып, жақсы бала тәрбиелеуді басты мақсат етсе екен деймін. Себебі, қыз бақытын – түзден, жігіт қыздан іздейді.

Әңгімелескен:

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*