ҚЫС – ҚЫР АСТЫНДА ЖЫЛУ БЕРУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

 Бүгінгі күннің басты тақырыбына айналып отырған мәселеге қатысты баяндама жасаған индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев 2013-2014 жылдары энергия кәсіпорындарын дайындау бойынша жоспарланған іс-шаралардың негізгі бөлімі бүгінгі таңда орындалғанын айтып өтті. Вице-министрдің сөзіне сай, Қазақстанда үстіміздегі мерзімге бес энергия блогын немесе жылдық көлемнің 55%-ын, 36 қазанды (63%), 32 турбинаны (66%) жөндеу аяқталған.

Әдетте, жылу беру маусымы басталмай тұрып-ақ, ауа райының қолайсыздығы салдарынан әлеуметтік нысандарды уақытынан бұрын іске қосу қажет болып жататындығы бар. Осы орайда өңірлік даму вице-министрі Серік Нокин алдағы жылу беру маусымына білім, денсаулық сақтау нысандарын дайындау аяқталуда деп хабарлады. «Бүгінгі күнгі мәліметтер бойынша, білімнің 9 867 нысаны немесе 99%, денсаулық сақтаудың 6 613 нысаны немесе 98% әзірленген», – деді ол. Ал, тұрғын үй қорының дайындығы бірқатар өңірлерде 90 пайыздық деңгейге жетпеген.
Қазақстандықтардың коммуналдық қызметтерге дебиторлық қарызы былтырғы жылмен салыстырғанда азайғанымен, ағымдағы жылдың 20 қыркүйегіндегі ақпараттарға сәйкес, аталған көрсеткіш 5,8 млрд теңгені көрсетіп отыр.
Өз кезегінде облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы аталмыш мәселенің біздің өңірге де қатысы бар екендігін айтып өтіп, дебиторлық қарызды жабудың жолдарын қарастыру қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар, аймақ басшысы жылу тарифының заңды тұлғалар үшін жоғарылатылып отырғандығын айта келе, осы сұрақты да жан-жақты талдау қажеттігін қаперге берді.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*