Қыршыннан қиылған ғұмыр өзіне-өзі қол салғандардың саны көбейіп барады

ЖАСӨСПІРІМ
ЖАРЫҚ ДҮНИЕМЕН НЕГЕ ҚОШТАСТЫ?

Өмірдің ащысы мен тұщысын татып үлгермеген жасөспірім көлденең кеселге неліктен кезікті? Арқасүйерінен айырылып, талай шаңырақтың қайғы жамылуына не себеп? Біз осы сауалдарға жауап іздеп көрмек болдық. Оның үстіне аталған мәселе жуырда облыстық прокуратураның жанындағы қоғамдық кеңес отырысының басты тақырыбына айналды.
Заңның сақталуын қадағалаушы орын өкілдері суицидтың себеп-салдарын анықтау мақсатында біраз жұмыстанғандарын айтады. Білім беру орындарын тексеру де осы мақсаттан туған.
– Мектеп психологтарының жұмысын тексеру барысында заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды. Психологтар психологиялық тестіні суицид оқиғасынан кейін ғана өткізетіні немесе мүлдем ұйымдастырмайтындығы белгілі болды, – дейді прокуратура өкілі Гауһар Мамайқызы.
Оқу орындарындағы психологтардың қызметі айтылып келе жатқан мәселе. «Атырау» да осы тақырыпқа қалам сілтеп, қоғамдық пікірдің ұйытқысына айналған. Алайда, бұрынғы жағдай бүгін де өзгере қоймаған секілді. Санасы жетілмеген, көзқарасы қалыптаспаған жасты қауіптен сақтандырар мамандық иесі бұрынғы сүрлеуінен арылмапты. Жұмыста жүйесіздік басым. Бұл қызметті негізінен шынайы мамандар емес, қолы бос адамдар атқаратынға ұқсайды. Отбасындағы түсініспеушіліктен жаны күйзелген, немесе жеке өміріндегі сәтсіздікті өзінше трагедияға балаған жасөспірім, осы себептен, кімге барып мұңын шағарын білмейді. Шындығында, оны тыңдайтын құлақ жоқ. Әйтпесе, айдың-күннің аманында қаршадай балалар қыршынынан қиылар ма еді?! Міне, дерек, 2010 жылы 17, 2011 жылы 13 жас бала артындағы ата-анасын аңыратып кетті. Қызықты өмірді емес, қайғылы өлімді қалап, тек ең соңғы сәтте жаны қалғандар қаншама? Бұған қатысты да мәлімет бар: соңғы үш жарым жылда 154 іні-қарындас бақытты ғұмырмен қайта қауышқан.
Прокурорлар психологтардың қандай заңдылықтарды орындамағандарын, нендей заң бұзушылықтарға жол бергенін атап айтып берді. Оның бәрін санамалап шығу мүмкін болмас, бір анығы, аталған мамандық иелерінің күйзеліске түскендерге көрсететін көмегі кемшін болып тұр. Мамандар мынадай мысал келтіреді: Суицидке ұмтылғандарға ем көрсетілгеннен соң олардың ата-аналары балалар ауруханасында қолхат қалдырады екен. Ол медициналық психологтың көмегін қажет етпейтіндігі хақында. Осы себептен жүйке-неврологиялық диспансердің мамандары сырқат жандарға (яғни, өмірмен қоштаспақ болғандармен) сауықтыру ем-домын көрсете алмайды.
Әңгімеміз ақыры, мектептегі психологтардың қызметіне қатысты болған соң айтайық, 2011 жылы облыстағы 86 мектепте дағдарыс кабинеті ашылған. Қаладағы №17 мектепте психологтардың Ассоциациясы бар. «Сенім телефоны» да жұмыс істейді. Бұл – облыстық білім беру басқармасының берген мәліметі. Әйткенмен, прокурорлық тексеру мұның шындықпен көп сәйкес келмейтіндігін анықтаған. «Сенім телефоны» үстіміздегі жылдың басынан бері жұмыс істемейтін болып шықты. Байланыстың жоқтығын білім ошағындағы жөндеумен байланыстырғанмен, ол сұраққа жауап бола ма?

СУИЦИД –
ӘЛЕУМЕТТІК
МӘСЕЛЕ

Жап-жас ғұмырлардың ерте солуын психологтардың қарекетсіздігімен ғана байланыстырып қою дұрыс болмас. Ұрпағының тағдырына бей-жай қараған ата-ананың кінәсін осы тұста ешкім жоққа шығармайды. Ұлағатты сөз естімеген, тәлімді тәрбие көрмеген баланың жаны күйзелмегенде қайтеді?
– Менің ойымша, қалыптасқан жағдайға кеңірек қарау керек. Бұл – әлеуметтік мәселе. Жаңа көйлек кие алмаса да, жұрт қатарлы жүре алмаса да балаға стресс. Ендеше, оның алдын алу үшін не істеуіміз керек? Біз түйіннің осы тұсына бас ауыртқанымыз жөн, – дейді қоғамдық кеңестің мүшесі Мария Қаражігітова.
Балалар арасындағы суицидтің көбейіп кетуіне байланысты белгілі кәсіпкер Әлия Бек- қожиеваның да өз айтары бар.
– Қазіргі күні мемлекеттен үкіметтік емес ұйымдарға бөлінетін қаражат көлемі жылдан-жылға өсіп келеді. Әлеуметтік тапсырыс бұрын 19 млн. теңгені құраса, қазір оның мөлшері 50 млн.-ға жетті. Айтайын дегенім, қоғамды алаңдатқан проблемаға ҮЕҰ-ды көбірек тартқан жөн. Оларды ортақ іске жұмылдыра білейік. Сонда қауіптің алдын алу бағытындағы көпшілік шаралардан гөрі өзіне-өзі қол салмаққа ұмтылғандармен жеке жұмыстар көбірек атқарылар еді. Тағы бір тоқталғым келетіні, қазіргі қоғамда, жасыратыны жоқ, жікке бөлінушілік байқалады. Мәселен, мектепте бір бала керемет киім киіп келеді. Ал, екіншісінің олай үлде мен бүлдеге оранатындай жағдайы жоқ. Осылайша, оның көңілі пәс болады. Мұндай келеңсіздіктің алдын алуды ойласақ, біз мектептегі бірыңғай мектеп үлгісін енгізуді шындап қолға алуымыз керек, – дейді Әлия Байжанқызы.
Медицина саласындағы психологтар облыс аумағындағы көлденең оқиғалардың себебін жас- өспірімдердің дағдарысқа ұшырауы, өмірдегі кездейсоқ жағдайлардан шығу жолдарын білмеуінен, күйзелістер, әртүрлі аурулармен, тағы басқа жағдайлармен байланыстырады. Ендеше, сондай сындарлы сәтте көздің қарашығындай етіп қорғаған ұрпағымыздан көз жазбай, жанына сүйеу болайық, ағайын.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*