Қыр төсіндегі қарбалас

Көктемгі дала жұмыстарына индерліктердің де шамашарқынша қамданыс үстінде екендігін аңғардық. Білгеніміздей, бұл мәселе жақында аудан әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевтың төрағалығымен өткен жиналыста қаралып, жауапты маусымға дайындықтың барысы жайлы ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Абай Әбдіровтің хабарламасы тыңдалды.

22bc2c21de6e36d1b12ba88444fe008b

2017 жылы аудандағы жалпы егістік жердің көлемін 1265 гектарға жеткізу немесе 27,6 пайызға арттыру жоспарланған. Тарқатып айтқанда, өңірдегі 50-ге жуық шаруа қожалығының күшімен 470 гектарға картоп,  450 гектарға көкөніс, 180 гектарға бақша және 165 гектарға малазықтық дақылдары, сондай-ақ, 23 гектарға жеміс-жидек ағаштары өсіріледі деп күтілуде. Осыған байланысты  көктемгі дала жұмыстарына әзірлік  былтырғы күзде басталып, барлық ауылдық округтерде дерлік егін салынатын жерлердің сүдігері көтерілген. Енді санаулы күндерден кейін егістік жерлерді өңдеу жұмыстары жалғасады. Ол Көктоғай ауылының аумағынан басталады.

Өткен жылы ауданда 14 шаруа қожалығы 251 гектар жерге егін ексе, үстіміздегі жылы олардың қатары 17-ге көбейіп, күтімге алатын аумағы 356 гектарға ұлғайтылады. Тағы бір мәлім болған жайт, «Қазсушар» РМК Атырау филиалымен келісім-шарт жасасқан 21 шаруа қожалығы тұтынған суына тиесілі төлемақысымен толықтай есептескен. Сол сияқты  минералды тыңайтқыштарға, гербицидтерге, картоп тұқымына берілетін субсидияға қатысты да нақты әңгіме қозғалды.

Ауданда өткен жиынға қатысқан Атырау облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Абат Жанғалиевтің айтуынша, ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары үшін аса қауіпті зиянкес саналатын үйірлі шегірткелерге қарсы 19530 гектар жерде химиялық өңдеу жұмыстары  болжамдалған. Осыған байланысты ол карантиндік объектілер мен қауіпті деп есептелінетін организмдермен күрес шаралары республикалық, ал, зиянды организмдерді залалсыздандыру жұмыстары жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізілетінін қаперледі.

Дәулетқали Латифұлы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*