ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ІСКЕРЛІККЕ БАСТАЙДЫ

Жалпы, түріктік компаниялардың Атырауда алғаш пайда болған кезін бұдан жиырма шақты жыл бұрын Теңіз кенішін игеру қарқын алған тұспен бағамдауға болады. Сол кезде «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізгі мердігер мекемелерінің сапында «Бехтэл Энка» кәсіпорны да болған-ды. Ол қазір де «Сенімді құрылыс» атауымен осында жұмысын жалғастырып жатыр.
Ал, қолымыздағы деректерге қарағанда, бүгінде Атырауда 44 түрік компаниясы бар. Солардың тоғызы қазақстандықтармен бірлескен кәсіпорын ретінде құрылды. Бұларда жүздеген жергілікті жастың еңбек етіп жатқандығын да айтқан жөн. Сонда түріктік кәсіпорындар өңірдегі жұмыссыздық мәселесінің оңтайлы шешілуіне өзіндік септігін тигізіп отыр.
Оның үстіне, еліміз бойынша Түркияның үш университеті мен облыс орталықтарында қазақ-түрік лицейлері құрылған. Солардың біреуі Атырауда да бар. Оның түлектерінің әр жылы ұлттық бірыңғай тестілеуде тамаша нәтижелерге қол жеткізіп жүргендігі де жасырын емес. Ақырында, Түркия – жас Қазақстанның тәуелсіздігін дүние жүзінде алдымен таныған мемлекеттердің бірі.
Негізі, Азияның оңтүстік-батысының біраз бөлігін және Еуропаның аздаған жерін алып жатқан Түркияның территориясы 783 600 шаршы шақырымды құрағанымен, біздің елімізбен тікелей шекарасы жоқ. Ол Қап тауының баурайындағы Грузия, Армения және Әзірбайжанмен іргелес. Соған қарамастан, жоғарыда айтқанымыздай, тарихи аз ғана уақыт ішінде Қазақстанмен балталаса бұзылмас берік байланыстар орнатып үлгерген.
Міне, Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бастаған делегация осы бауырлас елге аяқ басты. Оның құрамында бизнес өкілдерінің де болуы аймақтағы кәсіпкерлердің де қадамына құт дарып, адымын кеңірек ашуына мүмкіндік берді.
Атырау облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, Бақтықожа Салахатдинұлы сапар барысында алдымен Түркиядағы аса ірі Стамбул қаласының губернаторы Хусейн Авни Мутлумен жүздесті. Атыраулықтарға қызығушылықтың жоғарылығы сол – кездесуге Коджаэли провинциясы губернаторының бірінші орынбасары А.Созен, елдің сыртқы экономикалық байланыстар кеңесінің, сауда-өнеркәсіп палатасының, бизнесмендер конфедерациясының басшылары да қатысты. Қазақстан жағынан еліміздің Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев болды.
Келіссөз барысында облыс әкімі түріктік әріптестерімізді Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформалардан құлағдар етті. Елбасының сонау 2050 жылға дейінгі дамуымыздың көкжиегін нақты белгілеп берген Жолдауынан туындайтын мерейлі міндеттер жөнінде айтты.
Расында да, Мемлекет басшысының экономика мен ішкі саяси ахуалды тұрақтандырып, сыртқы саясатта төзімділік таныта отырып, келешекті көрегендікпен болжауы түріктік әріптестерімізді де таң қалдырды. Кезінде тұтас елді тығырықтан алып шыққан Ататүрікті халқы қалай қадірлесе, Қазақстан да өзінің Ұлттық Көшбасшысын солай құрметтейтінінің куәсі болды. Кейінгі жылдары Нұрсұлтан Назарбаев пен Сүлеймен Демирелдің достығы – кез-келген мемлекеттік қайраткерге үлгі. Елбасымызға ең алдымен өз елінде ескерткіш орнатқан да осы түркі мемлекеті.
Стамбул қаласының губернаторы Хусейн Авни Мутлу да тәуелсіздік алған тарихи қысқа мерзімде Қазақстанның биік көрсеткіштерге қол жеткізіп, әлемдік сахнада өзіндік орнын алғанын лайықты бағалады. «Орталық Азиядағы көшбасшы, бізге туысқан Қазақстан – Түркияның сенімді саяси және экономикалық әріптесі» деді ол.
Осы сапар барысында Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Қазақстан-Түрік іскерлік кеңесі кәсіп-керлік ұйымының төрағасы Мерт Сары мен Түркияның өнеркәсіп иелері және бизнесмендер конфедерациясы басқармасының төрағасы Ризанур Мерал арасында ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қойылды.
Түркияның Коджаэли провинциясындағы кәсіпорындарды аралау да атыраулықтарға пайдалы әсер қалдырды. Облыс әкімі, әсіресе, мұнайлы мекенге қажетті өнімдерге қатты қызығушылық танытты. Сонымен қатар, тұрақты дамып келе жатқан аймаққа түрік инвестициясын барынша көбірек тарту мәселесін қозғады. Сайып келгенде, Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде шетелдік инвестицияға қолайлы жағдайдың туғызылғаны – жұмыр жердегі бизнес иелерінің бізге ағылуына себеп.
Коджаэли провинциясының басшылығы да Қазақ елінің тәуелсіздіктің тарихи қысқа мерзімінде қол жеткізген толағай табыстарына таңданысын жасыра алмады. Мұндағы жүздесулер барысында Елбасының Қазақстанды Орталық Азия аймағында тұрақты экономикасымен, қалыпты ішкі саяси тұрақтылығымен және салиқалы сыртқы саясатымен ерекшеленетін көшбасшы елге айналғандығы айтылды. Ең бастысы, түріктік бизнес иелері мүмкіндігі мол мұнайлы мекенге қатты қызығушылық танытты.
Өткен жылғы қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға сапары кезінде қазақ өнерінің осындағы күндері ұйымдастырылған-ды. Бұл жолы да Атыраудан арнайы барған өнерпаздар Стамбул қаласының ірі Эюп және Зейтинбурну аудандарында екі күн концерт қойды. Оған да жергілікті жұрт көп жиналды. Арғы тегі ұқсас өнер туындыларын талғамы терең түріктер жоғары бағалады.
Енді бірер сөзбен Түркия мемлекетінің қазіргі ахуалын сөз етелік. Бүкіләлемдік банктің мәліметі бойынша, бұл ел қазір күрт өсуді бастан кешіп жатыр. Мәселен, 2009-2011 жылдары оның экономикасы 614,6 млрд. доллардан 775 миллиардқа бір-ақ секірген. Ал, бес жылда Стамбулдағы Ататүрік әуежайының жолаушы айналымы екі еседен аса көбейген. Тек былтыр ғана ол 20 пайызға өсіп, күллі Еуропада алтыншы орынға тұрақтаған.
Қазір Түркия Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) кіруге ниет білдіріп отыр. Бұған оның Еуропалық кеңеске берген өтінішінің ұзаққа созылуы да себеп. Сайып келгенде, егер ШЫҰ сапында Түркия да болса, сөз жоқ, бұл ұйымның халықаралық беделі де, экономикалық қуаты да артады. Оның үстіне, бұл мемлекеттің осы ұйым мүшелерінің көбімен әуелден берік байланысы бар. Сонымен қатар, сарапшылардың пікірінше, оны өз қатарына тартуға асықпаған еуропалық елдер ұтылады.
Жоғарыда айтқанымыздай, атыраулық делегация сапында бірнеше жергілікті бизнес иелері болды. Солардың бірі, облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрайымы Әлия Бекқожиева бұл сапардың өздері үшін өте тиімді болғандығын айтады.
– Түркияның бірнеше өнеркәсіп ошақтарын араладық, – дейді ол, – өзімізбен әріптестік қарым-қатынас жасау жолдарын қарастырдық. Мен, мәселен, бұған дейін Германиямен іскерлік байланыста болсам, енді түріктік кәсіпкерлермен де екіжақты тиімді келісімдер жасау мүмкіндігі бар екенін байқадым. Бәлкім, бірлескен кәсіпорын құрармыз.
«Атырау» әлеуметтік кәсіп-керлік корпорациясының басшысы Абат Тасымов та сапардан мол мағлұмат алғандығын айтады.
– Облыс әкімі ұйымдастырған бұл сапар, – дейді ол, – екі ел, соның ішінде атыраулық және түріктік бизнес иелері арасындағы байланысты бұрынғыдан да бекемдей түседі. Бұдан біз де, олар да ұтады. Сайып келгенде, бір-бірімізден үйренеріміз көп.
…Сонымен, биылғы 15-17 ақпан аралығында атыраулық бизнес делегацияның Түркияға сапары аяқталды. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов айтқанындай, ол екі ел кәсіпкерлерінің өзара тиімді байланысын одан әрі жақсартуға жол ашады. Күллі еліміздегі секілді, Атырауда да шетелдік инвестицияның қалыпты жұмыс жасауына барлық жағдай туғызылып отырғандықтан, түріктік бизнес иелерінің де мұнда еш қауіпсіз пайдалы іспен шұғылдануына мүмкіндік мол. Осы сапардың түйіні тәріздендіріліп өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуы да – келешекке жасалған нақты қадам. Таяу күндері түріктік кәсіпкерлер де бізге келіп, жергілікті ахуалмен жан-жақты таныспақ. Соның нәтижесінде де екі елдің бизнес иелері тиімді мәмілеге қол жеткізері кәміл.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*