«ҚЫЛЫШ ҚОРҒАНЫНЫҢ» ҚҰПИЯСЫ

Археолог Марат Хасеновтің айтуынша, мұндай қорған елімізде сирек әрі облыстағы ең ірі қорғандардың бірі көрінеді. Және бұл айналасындағы кішігірім қорғандарға қарап болжам жасағанда, патша бекінісі екені сөзсіз дейді. Бұдан басқа жалпы 30-40 қорған бар көрінеді. Бұл біртұтас тайпаның қонысы, заманында құтты мекен болған деседі. 
– Кейін сарматтар ыдырағанда ғұндар, оғыздар, қыпшақтар басқан. Бірақ ешкім, ешқайда көшіп кеткен жоқ. Бүгінгі халықтың тамыры осы жерден тараған. Сондықтан, сарматтарды зерттеу – біздің арғы тегімізді, этникалық мәдениетімізді тану деген сөз. Сол арқылы өлкеміздің жаңа тарихи беттерін ашамыз. Оларды зерттеу арқылы тұтас қазақ елінің шығу тегін айқындауға болады. Мысалы, қолданған тұрмыстық заттарында аң-құс бейнеленген,– дейді археолог.
Сонымен, үлкен қорғанды қазу көп қаржыны қажет етеді, әрі әліміз жетпейтіндіктен кіші қорғанды қазу басталды. Бұған «Дендер» қоғамдық жастар бірлестігі мүшелері де көмекке келді. Бір метрден аса қазған соң археолог қазу тәртібін қатаң сақтауды айтып, өзі өлшеп беріп, қай жерге күрек салу керектігін бағыттап жүрді. Сәлден соң жерді шұқылап жүріп, «міне жатыр» деді де осы жерді жаймен қазуды тапсырды. Осылайша, адамның мәйіті көрініп, оның топырағы мұқият алынды. Оның жанынан екі құмырасы, айнасы және садақтың қоладан жасалған жебесі табылды.
Археолог М.Хасеновтің топшылауынша, бұл сарматтың жауынгер әйелі – амазонка. Бойы 1,6-1,7 метр. Өте жақсы сақталған. Сарматтарда амазонкалар болған. Олар әскербасылық қызметтер атқарған. Бұл – біздің еліміз үшін үлкен жаңалық. Жалпы сармат мәдениеті өте аз зерттелсе, тарихшылар олардың негізінен Қазақстанның осы Батыс өлкесін мекендегенін айтады.
Ендеше, бұл қазаққа дейінгі кім болғанымызды, мәдениетімізді танудағы алғашқы қадамдардың бірі болмақ. Ал, сармат көсемі қорғанын одан әрі қазуға мемлекет тарапынан көмек қажет-ақ.

Жанай АМАНТУРЛИН,
Сүйеу ХАЛЫҚОВ,
Индер ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*