Ығылман ақынның бейіті қайта жаңғыртылды

Іскерлігімен қатар жомарттығымен, мейірбандығымен елге белгілі ірі кәсіпкер Мұрат Сарманов ұзақ жылдардан бері Атырау қаласында тұрып жатса да өзінің туған өңірі Қызылқоға ауданынан ірге үзіп көрмеген азамат. Оның ыстығына күйіп, суығына тоңып, жақсысын асырып, жаманын жасырып, кем-кетігін түзеуге пейіл. Осы аймақтан «Нұрлы дала» атты шаруа қожалығын құрып, түліктердің түр-түрін өсіріп, аудан экономикасының өркендеуіне өзіндік үлес қосып келеді.

1-129

Ол Тайсойған құмының теріскей бетіндегі ақын Ығылман Шөрекұлының Сорқуыс қауы-мындағы бейітінің соңғы жылдары іргесі сөгіліп, айналасының құмын жел үрлеп, ояздап тастағанын көріп, жаны ашып жүретін. Өзі Ығылман ақынның жырына қанық болуымен қатар, атасы Сарман Ғапурин де жыр дүлдүлін ардақ тұтатын, аса қатты қадірлейтін. Себебі, ол кісі кезінде ақынның қасында жүріп, атқосшысы болған, жырларын жаттап өскен, кейбір мұраларының із-түзсіз жоғалып кетпеуіне септескен қария. Ығылманның ақындығы, өмір жолы  туралы атасы бала күнінде тізесіне отырып әңгіме тыңдауға құмар немересі Мұраттың құлағына құюдай-ақ құйған болатын.

Енді міне, сол жырымен жалпақ елге аян ақынның мәңгілік мекенін қайта қалпына келтіру жұмысын аудан әкімдігінде өткен алқалы бір жиында Мұрат Сарманов өз мойнына алып, өз қалтасынан қаржы шығаруға уәде берген еді. Сөзім- сөз деген ол уәдесінде тұрып, өзі бас болып қажетті құрылыс материалдарын тауып апарып, өз төңірегіндегі шаруаға икемді   адамдарды жауып, бейіттің ірге жағындағы құлаған жерлерін қайтадан қалап, цементпен майлап, оязданған орындарды түзеп, айналасын оюлы темір шарбақпен қоршап, қара, жалтылдаған сары бояулармен сырлап, ақ, қызыл түсті кірпіштермен кіріп-шығар жол төсеп, жаңартып шықты. Бұрынғы түріне қарағанда Ығылман Шөрекұлының бейіті осыдан кейін тартымды, әрлі кейіпке енді. Қасиетті орынды қалпына келтірушілер:

– Шіркін, болашақта бейіт үстіне сәулетті кесене тұрғызылса қандай жарасым табар еді?!- деп тарасты.

Жаңғыртылған бейіттің басына алғаш-қылар болып Миялы ауылындағы ақын есімін жаңадан иеленген Ығылман Шөреков атындағы мектеп-гимназияның бір топ оқушылары мен ұстаздары келіп тәу еткені керемет үйлесім тапты.

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

өлкетанушы,

Қызылқоға ауданының

Құрметті азаматы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*