Әйгерім Досқалиева: “Алдымен сауаттылықты арттырамыз”

Облыста 600-ге жуық үкіметтік емес ұйым болғанымен, оның 120-сы ғана белсенді жұмыс жасауда. Сондықтан, олардың жұмысын жандандырып, қоғамдағы рөлін арттыру – бүгінгі күннің басты мәселесі. Жыл басында ашылған «Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының Азаматтық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі атқаратын негізгі қызметтің бірі де осы.

????????????????????????????????????

«Орталық облыс әкімінің бастамасымен республика бойынша тұңғыш рет біздің өңірде ашылып отыр. Ал, басқа аймақтарда үкіметтік емес ұйымдарға гранттарды бөліп беру арқылы қызмет көрсетеді. Негізгі мақсатымыз – үкіметтік емес ұйымдардың жұмыс сапасын көтеру, қолдау, оларға тек мемлекеттік тапсырыс шеңберінде ғана емес, әлемдік білім гранттарын иелену бағытында жұмыс жасауға мүмкіндік туғызу. Иә, жасыратыны жоқ, бұған дейін азаматтық қоғам институттары жұмысына қатысты сындар да айтылып келді. Облыста 600-ге жуық үкіметтік емес ұйым болса, олардың көбі 1995-1998 жылдары оқу орындарындағы немесе жекелеген адамдардың мерейтойлық даталарын ұйымдастыру мақсатында ашылған. Сондай-ақ, басым көпшілігі қоғамдық бірлестіктер болса, араларында бау-бақша қоғамдары да бар. Олар – «Жүректен жүрекке», «Атырау. Маленькая страна», «Өмір гүлі», «Болашақ», «Мөлдір көз», «Жастар таңдауы», «Айтыс» және тағы да басқалары. «Қоғамдық ұйымдардың нендей жұмыс атқаратынын біреу білсе, біреу біле бермейді. Сондықтан, олар әлеуетін арттырып, қай саламен болсын қоян-қолтық жұмыс жасап, қоғамдық мәселеге атсалысуы керек. Осы бағытта бірқатар жұмыстарды қолға алмақшымыз», – дейді Ә.Жәрдемқызы.

Оның айтуынша, маусым айынан бастап орталық қолға алып отырған «Үкіметтік емес ұйым мектебі» жобасы аясында сауат арттыру жұмыстары жүргізіледі. «Әсіресе, аудандық жерлердегі ұйым өкілдері мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс құжаттарын дұрыс толтырып білмейді. Соның салдарынан аудандық деңгейдегі лоттарды басқалары ұтып кетеді де, олар жұмыстарын жүргізе алмай жатады. Сол себепті, ең алдымен құжат толтыру бойынша сауат арттыру жұмыстарынан бастаймыз» дейді ол.

Орталық қолға алып отырған екінші жоба – «Әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі». Бұл жоба аясында бизнес сабақтары жүргізілмек. Ал, «Өз құқыңды біл!» деп аталатын үшінші ауқымды жоба бойынша бүгінде тұрғындарға «Қай салаға қатысты заңды білгің келеді?» деген сауалдар жолданып, азаматтардың қай заңды меңгеріп, сауатын арттырғысы келетіні анықталуда. Содан соң, азаматтардың қалауымен белгілі бір салалар нақтыланып, заңды түсіндіру жұмыстары  басталады.

Өткен наурыз айында орталық қызметкерлері АҚШ, Жапония елшілігімен, Бірінші Президент және «Фридрих Эберт» атындағы қормен іскерлік қарым-қатынас орнатып, тәжірибе алмасып қайтты. Іссапар барысында Қазақстандағы Жапония елшілігімен XX ғасырдың екінші жартысында салынған немесе үш ауысыммен білім беретін, ескі мектептердің жөндеуден өтуін және жабдықталуын қаржыландыру бойынша келіссөздер жүргізді. Алдағы уақытта өңірге гранттарды көптеп тарту көзделуде.

Азаматтық орталықтың npoatyrau.kz сайтының танымалдылығы артып, әлеуметтік желілердегі парақшалар жұмысы белсенді жүргізіліп келеді. Бұл өз кезегінде азаматтардың гранттар туралы жедел ақпараттар алуына мүмкіндік беруде, – дейді Ә.Досқалиева.

Сондай-ақ, орталық арқылы жыл басынан бері 10-ға жуық тұрақты жоба жүзеге асырылып, төрт үкіметтік емес ұйым «ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы қоры», «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ұйымдастырған конкурстардың гранттары мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қаржылай қолдауға ие болған.

Азаматтық қоғам орнатудың негізгі көзі саналатын үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жасау тетігі осы уақытқа дейін қол жеткізген жетістіктерді жалғастыру бол-ғандықтан, аталмыш орталық та мемлекет пен азаматтық қоғам институттары арасындағы байланысты нығайтуды көздеп отыр.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*