Ұятсыздық оның төркіні дәстүрден қашықтауда жатыр

Дүниежүзіне әйгілі композитор, суретші Чюрленис: «Менің кешегі, бүгінгі, келешекте жазғанымның бәрі Литваға арналады» деген екен. Өз ұлтына деген сүйіспеншілікті жеткізудің озық үлгісі деп осыны айт! Тарих алдында аласармайтын тұлғалардың ғана аузынан шығатын сөз… Сөзді сөз жетелейді, ойды ой тудырады. Шындығында, мына біз қазақ үшін не жасадық, не тындырдық?!

Ұлттық дәстүр мен салтты, көне ғұрыпты сақтап тұрған өнер десек, задында өнер адамға тегінен дариды. Өнерді өнер етіп асқақтатып тұрған да сол – тектілік. Ал, ұлттық дәстүрге бейжай қараған жан – өнердің де, өз ұлтының да ата жауы. Дәстүр дегеннен шығады, қазіргі таңда не көп, той-думан көп.

Көкейкесті

          Шілдехана,  бесіктой…

Мәселен, дүниеге келген сәбиге арнап шілдехана  жасайды. Иә, қазақ атамыз да тойлаған шілдехананы, бірақ, оның мәні мен мағынасы қазіргіге қарағанда анағұрлым биік еді. Дүниеге  сәби келген үйге жастар жиналып өзгеше бір мейрамға айналдыратын. Онда ақындар сөзбен қағысатын, ұлттық ойындар ойналып, ән асқақтап, күй тартылатын, көптен көріспеген құрбылар бірін-бірі көріп, мәре-сәре болысатын.

Бүгінгі шілдехана мүлдем бөлек, басқаша. Үлкен тойхананы жалға алып өткізілетін аталған шарада дүниеге келген нәресте дырдудың себебі ғана іспетті. Тіптен бұл жерде  ащы суға да орын бар…  Ал, үйлену тойында екі жастың алдына үйдей тортты әкеліп, оны ата-енесінің аузына тықпалату – қазаққа мүлде жат. Жаңа түскен келіннің ибасы қайда? Ол аз болса, той көйлектері де еуропалық үлгіде. Жартылай жалаңаш келіннің бетін ашып, беташар өткізу – айтар ауызға, көрер көзге ұят жағдай.

Шіркін, сәбиді қырқынан өткізіп, бесікке салу салт-жоралғысы қандай еді! Жаулығын қарқарадай етіп ораған әжелер әуелі «тыштырма» таратып, кейін «баламның атының көрімдігін беріңдер» деп шықпыртып шығатыны  өздеріне жарасып-ақ тұратын еді! Ал, қазір бұл рәсім мүлде ұмытылған сияқты.

 Төлтума  мәдениет, ол  қандай?

Дәстүрлі өнер дегенде, ойымызға айтыс түседі алдымен. Ол заңды да. Бізді басқа халықтардан айрықша айқындап тұратын ұлттық бренд. «Біздің дәстүрімізді басқа елдер түгел түсінген күні жапон ұлты құриды» дейді екен жапондықтар. Айтыс есімізге осы бір аталы сөзді еріксіз салады. Қолына домбыра алып, сахна төрінен елдің мұңын айтып жүрген айтыскерлеріміз – салтымыздың сақшылары. Осыны ұмытпаған дұрыс.

Әлем халықтары алдында қазақтың төлқұжаты саналған айналайын күй өнері ұлтымыздың асқақ рухының қорғаушысы іспетті. Бастауын есте жоқ ескі күндерден алатын, Құрманғазы, Дина болып бүгінге жеткен осынау асылтекті өнер дауылдаған екпінімен қазақтың қазақтығын еске салып, болашаққа бағдар беріп тұратындай. Осы тұста айта кететін өзекті жәйт бар. Біз күйші мен орындаушының ара жігін ажырата алмай жүрген сияқтымыз. Қолына домбыра алса болды, «күйші» деп даурықтыра жөнелеміз. Асылында күйші – күй шығаратын сазгер, композитор. Ал, орындаушы күйді, яғни, музыкалық шығарманы  домбыра  аспабында орындайды. Орындаушыны шеберлігіне қарай «дәулескер домбырашы», «егіз  ішекке тіл бітірген майталман» деп жатамыз. Бүгінгінің күйшілері деп Қаршыға Ахмедьяровты, Секен Тұрысбеков пен Айтқали Жайымовтарды атауға болатын шығар.

Қазақтың күйі мен әні  бір-бірімен астасып, толысып жататын осынау қос кемер, қос құдіреті – оны биікке алып ұшатын қос қанаты да. И.Тургенев «Бәрін де қимаймын, әсіресе, әнді қимаймын» деген екен. Қандай ғажап сөз! Ал, қазақтың қара өлеңі, сыңсу, бесік жыры, аужарлардың бәрінің де осалы жоқ. Әуені қандай, оған сайма-сай сөз қандай?!

Адамның көңіл-күйін, сезімін биікке алып ұшар арман-аңсар, іңкәрлік, өмір құбылысын терең бейнелейтін философия қазақтың ғұрыптық әндерінің ажарын аша түсетіні сөзсіз. Осыны түсініп өспеген ұрпақ – сыңар қанат құспен бірдей.

Айқай, тарсылмен астасып жатқан мағынасыз сөздерді қайталаудан құрылған бүгінгі заманның әндері   балалардың санасын улайтыны өз алдына, оларды өнер түсінбейтін тоғышар, топас етіп қалыптастырады. Өз тілін, дәстүрі мен салтын менсінбейтін нигилистер осылай пайда болады.

P.S. Алаш ардақтылары  бір кезде ұлттық салт-дәстүрге адалдықты шығыстағы үш алып елден, қытай, кәріс, жапоннан үйрену керек екенін тегін айтпаған ғой. Аталған елдер дәстүрі  төлтума мәдениет арқылы әлемдік өркениеттен әлдеқашан өз орнын алғаны анық. Ғұлама Конфуций «Егер заң арқылы  басқарылса, жазалау арқылы реттелсе, халық аяғын тартады, бірақ, ұятты сезінбейді. Егер ізгілік арқылы басқарылса, оны дәстүрге айналдырса, халық ұялып қана қоймайды, көндігуге тырысады» деген екен. Салтымыздың сақшысы, дәстүріміздің қорғаны бола білейікші.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*