ҮЙ БОЛУ НЕГЕ ҚИЫН? комиссия отырысында осы мәселеге жауап ізделді

 

Халықтың белсенді өмір салтын ұстануына спорт пен дене шынықтырудың пайдасы ұшан-теңіз. Атырау облысы Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының міндетін атқарушы Гүлжанат Қаленова облысымызда осы бағытта жүргізіліп отырған жұмыстар туралы әңгімелеп, қойылған сұрақтарға жауап берді. «Биылдың өзінде облыста 60 жасанды жабындымен жабдықталған алаңқайлар пайдалануға берілді. Оның 25-і Атырау қаласында,   35-і аудандарда. Бұларға қоса Құрманғазы ауданының Байда, Шортанбай селоларынан жедел құрастырмалы спорттық кешендер құрылысы аяқталып, осы жылы тапсыру жоспарлануда. Өзімізге белгілі дереккөзге сенсек, облыста 125 226 адам спортпен шұғылданады. Бұл халық санының 22,6 пайызын құрайды», – деген Гүлжанат Батырғалиқызы барша атыраулықтарды спортпен достасуға шақырды.

Комиссия неке және отбасы қатынастары, оны нығайту, ерлі-зайыптылар мен бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды. Атырау облысы Әділет департаментінің бөлім басшысы Зарина Төребаева үстіміздегі жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 3885 неке тіркелгені, оның өткен жылғы осы кезеңнен 50 некеге артық екені, десек те, жылдан-жылға неке бұзушылар қатарының көбейіп бара жатқанын атап айтты. «Тек осы жылғы сегіз айда 1044 неке бұзу тіркеліп отыр, – деді Зарина Қожабергенқызы. – Олардың арасында бірнеше жыл отасқандар да, бірер жыл, бірер айдан кейін ажырасып жатқандар да бар. Ажырасу себебі де әртүрлі: мінездің сәйкессіздігі, материалдық қиындық, жұбайлардың бірінің маскүнемдікке, нашақорлыққа салынуы, бір-біріне сенімсіздік таныту…»

Комиссия кеңесшілері, еңбек ардагерлері – Мелләт Сабырова мен Мәдина Ғабдісәлімова бұл мәселеге орай өз ойларын ортаға салды. «Бұған жайбарақат қарауға болмайды. Біріншіден, бүгін қосылып, ертең ажырасу жастардың болашағына балта шабады десек, екінші жағынан, бұл үйлену үшін алған несиенің желге ұшқаны болып шықпай ма?! Сондықтан, жастарды отбасылық өмірге ерте бастан тәрбиелеу керек. Не жақсы, не жаман – соны ұғындыру шарт. Мүмкін олардың түрлі сауалына жауап беретін, қажет жерінде ақыл-кеңес айтатын «Жас отбасы» клубын ашу керек шығар. Не дегенде де, бұл мәселеге қол қусырып, түк болмағандай отыра беруге болмайды», – десті олар.

Мұндай ойды Атырау облыстық мәслихатының аппарат басшысы Тамара Аман-Турлина, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы «Қыз Жібек» қыздар клубының төрайымы Бақыт Барсай, «Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы» облыстық филиалының төрайымы, облыстық саясаткер әйелдер клубының төрайымы Нұрлы Әйтиева да білдірді.

Мұнан әрі отырыста білім беру жүйесінде гендерлік оқу-ағарту жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері туралы облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова әңгімеледі. Ол білім беру ұйымдарында отбасы құндылықтарын насихаттау, ата-ана беделін, соның ішінде әйел адамның рөлін көтеру жайына тоқталды. Атырау инженерлік-гуманитарлық институтының оқытушысы Жаннат Асабаева аталған оқу орнында гендер тақырыбына орай арнайы сағат бөлінгені, оған студенттердің қызығушылығы жоғары екені жайында әңгімелеп берді.

Барша ата-ананы бала-шағасының амандығы, денінің саулығы алаңдатады. Осы турасында сөйлеген облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Гүлнар Мәмбетова қазіргі күні облысымызда 11-12 жасар қыз балаларды жатыр мойны ісігінен қорғау, қауіпті дерттің алдын алу шарасы жүріп жатқанын еске салды.

Лиза СЕЙТІМОВА.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*