VIP-нөмір: имидж бе, әлде дарақылық па?

Ауланың тарлығы қай кезде де анық байқалады. Қаз-қатар тізілген темір тұлпарлар арасымен жаяу жүргіншінің өтуі қиямет-қайым дерсіз. Түр-сипаты да бірінен-бірі өтеді: шетелдік, қазақстандық құрастырушылардың «өнімі». Солардың арасынан көршінің көлігі үнемі ерекшеленіп тұрады. Өйткені, оның нөмірі де өзгеше…

Журна зерделу11

Джип: Prada, Land Cruiser…

Иә, қазір заман басқаша. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау біртіндеп ұмытыла бастағандай. Ерінбей еңбек етсеңіз, барлығына қол жеткізуге мүмкіндік бар. Соған сай халықтың да тұрмысы едәуір жақсарды. Қазір бәрі де табыс тауып, жағдайын түзеп үлгерді. Бұрынғыдай емес, ескі көліктердің орнын жаңа маркалы темір тұлпарлар алмастырып жатыр. Яғни, бір кездері автосы бар жан қалталылардың санатынан саналса, бүгінде ол қарапайым қатынас құралы ретінде ғана қабылданады. Тіпті қазір бір отбасында бірнеше көлік болса да таң қалмайтын күйге жеттік. Маркасының ұшы-қиыры жоқ – Prada, Land Сruiser, Pajero, Camry, Corolla, Kia, Hyundai, Nissan және тағы басқалары. Қызығы сол, статистикалық деректерге қарағанда, қазақстандықтар «теуіп тастаған» көліктерді емес, салоннан жаңасын алуға тырысатын көрінеді. Біле білсеңіз, арамызда көлікті шетелдегі автосалоннан тікелей тізгіндеп келетіндер де жеткілікті екен.

Үш «бестікке» – сүйінші!

Бойымызға сіңген әдет пе, әлде сол баяғы қазақы болмысымыз ба? Әйтеуір, ұдайы қалың топ арасынан өзгешеленіп тұрғанды ұнатады екенбіз. Себебі, көліктің маркасы өз алдына, оның нөміріне де мән беретін болдық. Осыдан біраз жыл бұрын «зеркальный» нөмір алған досымның: «жеңешемнің танысы үш «бестік» алып беруге жұмыстанып еді, қолынан келмеді, әзірге осыны қанағат тұта тұрамын» деп кәдімгідей налып, ренжігені есімде. «Ол үшін соншалықты көңіліңнің түскені несі?» дегенімде, әлгі замандасым: «неге екенін өзім де білмеймін. Тек бала кезден үнемі дараланып тұрғанды ұнатушы едім. Мүмкін, сол қасиетім шығар. Екінші жағынан, бірдей нөмір алыстан-ақ көз тартады, әдемі көрінеді» деп қысқа қайырған.

Сөйтіп, бұрын тамыр-таныс немесе «левый» ақшаға алынған «крутой» нөмірлер енді ашық саттыққа шығарыла бастады. Төрт жылдан бері қазынаға мол қаражат түсірген бұл үрдіс биыл да жалғасты. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, былтыр жоғары сұраныстағы төрт мың мемлекеттік автомобиль нөмірі қолданыста болып, оны сатудан бюджетке 1,5 млрд. теңге түскен. Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сай көліктің тартымды нөмірлері үшін салынатын мемлекеттік баж салығының мөлшері көтерілді. Кейін әлгі досым телефон шалып, су жаңа автокөлігіне үш «бестік» нөмір мен сериясын өз аты-жөнінің бірінші әріптеріне өзгертіп ал-ғанына сүйінші сұрағаны бар.

Ең көрікті нөмір – 685 мың теңге!

Ресми деректерге көз жүгіртсек, автокөліктердің мемлекеттік нөмірі биылдан  бастап 6 700 теңге (немесе 2,8 АЕК) тұрады. Тарқатып айтсақ, енді көлігіңізге 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090, 707 секілді нөмірлер үшін 57 АЕК немесе 137 мың теңге төлеуге тура келеді. Дәл осы нөмірлердің бірыңғай әріптермен көрінетін түрін ұнатсаңыз, оны 114 АЕК (274 мың теңге) төлеп ала аласыз. Ал, жекелеген 100, 111, 200, 222, 300, 333, 400, 444, 500, 555, 600, 666, 700, 800, 888, 900, 999 нөмірлерінің бағасы 137 АЕК немесе 329 мың теңге тұрады. Бұл нөмірлердің бірыңғай әріптермен берілетін бағасы 466 мың теңгеге (194 АЕК) бағаланады.

Сондай-ақ, 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 нөмірлерін таңдағысы келген қазақстандықтарға қалтасынан 548 340 теңге (228 АЕК) шығаруға тура келеді. Осынау ең тартымды нөмірлерді бірыңғай әріптермен алсаңыз, онда қосымша 137 мың теңге төлеуіңіз керек. Демек, сіз темір тұлпарыңызға ең көріктісін 685 мың теңгеге (285 АЕК) сатып аласыз. Ал, әртүрлі санды, бірақ, әріптері бірдей нөмірлердің құны – 57 АЕК (137 мың теңге).

????????????????????????????????????

Санда қандай «сиқыр» бар?

Атыраулықтар да бұл «тауардың» саудасына белсене қатысуда. Әсіресе, жеті санын қасиетті санайтын қазақ жұртының ең сұраныстағы нөмірі – 777! Ал, оның құны 500 мың теңгеден асып жығылады. Қазақстанды әлемге танытқан боксшы Геннадий Головкинге «еліктегендер» «GGG» әріптерін таңдаған.

Жалпы, «крутой» нөмір «таққан» қыз-жігіттермен тілдескенімізде, олардың басым бөлігі санның «сиқырына» сенетіндігін жасырып қалмады. Айталық, мұнайлы өлке орталығындағы көліктерді «06» нөмірі арқылы танитын болсақ, қазір сол әдетпен үш «алтылық», атыраулық екенін айқындайтын «ААА» немесе «ЕЕЕ» әріптеріне қызығушылық басым.

Мұнайлы астанада тұрғаннан кейін соған сай болуымыз керек. Меніңше, көрікті нөмір мақтаныш үшін ғана емес, жеке тұлғаның имиджін қалыптастыруға да қажет. Әрине, әдемілік қалтаға соғатыны рас. Бірақ, «сұлу сандар» өмірге сәттілік әкелетініне сенімдімін, – дейді Атырау қаласының тұрғыны Ботагөз Шеркешбаева.

Иә, көрікті көлік нөмірі үшін – 700 мың теңге! Бұл қалталы кәсіпкерлер мен шоу-бизнес өкілдері үшін әнебір қомақты қаражат болмайтын шығар, бәлкім?! Алайда, қарапайым тұрғындардың жағдайы бірдей емес қой. Мүмкін, осынша қаражатты қайырымдылыққа немесе басқа мақсатқа жұмсаса, сауапты іс болар ма еді? Рас, біреудің қалтасына қараудан аулақпыз. Дегенмен, қоғамда көрікті нөмірден де өзектірек, шешімін күтіп тұрған түйткілді мәселелер көп емес пе? Біздің де меңзегеніміз осы еді. Қазақы «понттың» жетегінде жүргендер мұны еш әбестік деп санамаса, өзгелер бұл трендті ақшаны желге шашумен бірдей деп есептейді.

Көрпеме қарай көсілемін. Қалтасы қалыңдарға бұл қолжетімді болар. Бірақ, әзірге қарапайым нөмірді қанағат тұтамын. Алдағы уақытта байшыкештердің қатарынан көрініп жатсам, мен де «крутой» нөмір алармын. Бәлкім, туған жылым мен аты-жөнімнің алғашқы әріптері келісетініне қол жеткізермін. Әзірге, осы нөмірім өзіме ұнайды, – дейді тағы бір көлік жүргізушісі Әнуар Қадырбаев.

P.S. Жасыратыны жоқ, небәрі үш сан мен үш әріптен де «понт» жасайтын халықпыз ғой. Әдемі нөмірлердің ресми сатылымға шыққанынан бюджетке табыс түсіп жатқаны даусыз. Алайда, кейде әсіре мақтаншылық пен дарақылыққа бой алдыратынымызды байқамаймыз. Тіпті көлік нөмірінің үстіңгі жағына руын жазып алғандарды қайтерсіз?

Айтпақшы, бүгін тағы да көршім ертемен көлігімен жүйтки жөнелді. Тізілген темір тұлпарлардың ішінен нөмірімен де ерекшеленетінін білетін ол «серігіне» аса қырағылықпен, сақтықпен қарайды. «Сандардың да «сиқыры» бар» дегеніміз осы шығар?!

Сіз не дейсіз?

Асылбек ЖАУЫМБАЕВ, облыстық ішкі істер департаменті, әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі:

– Өткен жылы жоғары сұраныстағы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері 145 көлік құралына берілді. Биылғы алты айда бұл көрсеткіш 278-ге жетіп отыр. Жүргізушілер үш бірдей әріпті таңдауға мән береді. Бүгінгі таңда 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090 ,707 және 111-999 аралығындағы бірдей үш санға және QQQ, GGG, III, WWW, RRR, OOO, XXX, BBB, SSS серияларына сұраныс көбейгендігі байқалады.

Айбөпе САБЫРОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*