«Қазақстан аруы» биыл кім болды? (+ВИДЕО)

20190502233031 БЕЙНЕЖАЗБА

Аtr.kz/3 мамыр, 2019 жыл. Елордада еліміздің ең сұлу аруын анықтаған кезекті байқау өз мәресіне жетті.

«Қазақстан аруы – 2019» байқауы NOMAD City Hall сахнасында өтті. Қазылар алқасы еліміздің барлық өңірінен қатысқан 32 арудың тек 5-еуін супер-финалға шығарды. Олар үш тапсырманы орындады: өзін таныстыру, киім үлгісін көрсету және қысқа метражды фильм арқылы өз өңірінің туристік әлеуетін паш ету. Ақылына көркі сай аруды қазақстандықтар SMS-пен онлайн-дауыс беру арқылы таңдады. Оның нәтижесінде биылғы байқаудың жеңімпазы 19 жастағы павлодарлық Мәдина Батық атанды.

«Алдымен ата-анама алғыс айтамын. Дәл қазіргі қуанышымды сөзбен жеткізе алмаймын. Әрине, сынға түскеннен соң, жеңістен үміттендім. Байқаудан ұтып алған сыйақымды ата-анама табыс етемін. Бүгін мені қолдауға ата-анам мен жақындарым және достарым келді. Арманым ата-анамның үмітін ақтау және еліме қызмет ету», – деді 2019 жылғы «Қазақстан аруы» Мәдина Батық.

М.Батық С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Туризм факультетінің студенті. Жеңімпазға демеушілер атынан 3 млн теңге қаржылай сыйақы, Қазақстан атынан «Әлем аруы» байқауына қатысуға және Париж қаласында шопинг жасауға жолдамалар берілді.

Одан бөлек, бірінші вице-мисс титулын Алматы қаласының намысын қорғаған Диана Әбішева жеңіп алса, екінші вице-мисс атағы семейлік Надежда Недосековаға бұйырды. Павлодарлық бойжеткен «Қазақстан аруы» атанды Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін елордада 22-ші рет «Қазақстан аруы» байқауы өтті. Биылғы сұлулық сайысына 7 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Финалға олардың 32-сі таңдап алынды.

Айта кетсек, ұйымдастырушылар биылғы байқаудың жаңа форматта өтетінін мəлім еткен болатын. Атап айтқанда, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен әлеуметтік жоба қосылды.

«Оның мақсаты – ел өңірлері бойынша жарнамалық-ағартушылық роликтердің арнайы топтамасын әзірлеу. Егер бұған дейін қыздар жоба үшін визитка жазып, өзі, отбасы жайында ғана әңгімелеп берсе, ағымдағы жылы әрбір қатысушы өздерінің сүйікті қалаларының, өңірлерінің туристік мүмкіншіліктерін таныстырады. Бұл ішкі туризмді дамытуға септігін тигізеді», – деген болатын «Қазақстан аруы» байқауының директоры Алена Ревлина.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз