Вандализммен қалай күресеміз?

Сәулеті мен дәулеті келіскен Атырау қаласында жаңадан мәдени ескерткіш немесе нысан пайдалануға берілсе, әрине, қуанамыз. Бірақ, алдағы уақытта сол әсемдікті сақтай аламыз ба?

Құндылыққа қарсы қастандық2

Алысқа бармай-ақ қоялық, былтыр ретросаябақта бой көтерген «Дос-Мұқасан» ансамблінің мүсіні бүлініп тынды. Орталық алаңдағы «Мен Атырауды сүйемін» жазуы бейнеленген белгінің де беті бейәдеп сөздерге «толды». Сорақысы сол, мұндай дөрекі қылықтар қаймағы бұзылмаған ауылда да кездесетін көрінеді. Тарихи құндылыққа қастандық жасайтын кімдер? Олармен күрес жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

Тәртіп күшейіп, жаңа заңдылықтар қолданысқа енгенмен, көше қасіретіне айналған вандализм деректері азаймай отырғаны – ащы да болса шындық. Ата-бабамыз көзінің қарашығындай сақтап, бүгінгі күнге жеткізген мәдени мұрамызды қорғаудың орнына бейәдеп қылыққа бейімдер оны сындырып әлек. Сондықтан, оның алдын алмаса елдігіміз үшін маңызды ескерткіштер аз уақытта-ақ қиратылуы ғажап емес.

Бұл дерт ықылым заманнан сананы жаулағанын тарихи деректер де растайды. Мәселен, 455 жылы Рим қаласын вандал тайпасы қиратқан. Осы өрескел әрекетке байланысты «вандализм» ұғымы енген. Қатыгез тайпа храмдар мен дiни ошақтарды қиратып қана қоймай, мұны асқан басқыншылықпен, жек көрушiлiкпен жасаған көрінеді. Демек, вандализм – тек жасөспiрiмдер арасында ғана жайылған дерт емес. Ол – кез келген қоғамда әртүрлi топтардың қолымен орын алатын жабайы қылмыс.

Әсіресе, тоқсаныншы жылдарды вандализм «дәуірі» деуге болатынын аға буын жақсы біледі. Құрылыс жұмыстары жүргізілсе, міндетті түрде «сынып» қалатын. Көшеге жүргізілген жарық пен демалыс орындарындағы орындықтар ше? Олар келесі күні-ақ «жаңа» кейіпке енетін. Ол кездері жұртшылықтың жағдайы да мәз емес еді. Бірақ, араға біраз уақыт салып бұл проблема ауыздықталғандай болды. Халықтың тұрмысы түзелді. Ой-сана мен көзқарас өзгерді. Қоғамдық орындар қайта жаңғыртылғаннан кейін облыс орталықтары да жаңарып, жандана түсті. Оған жұртшылық куә. Соңғы жылдары Атырау қаласының бет-бейнесі айтарлықтай өзгерді. ҚР Қылмыстық кодексіне арнайы бап енгізіліп, қаскөйлік қарекет жасаушыларды жазалау шаралары көбейді.

Құндылыққа қарсы қастандық

Өкінішке қарай, соңғы жылдары мұндай көріністер қайта өршіп бара жатқанға ұқсайды. Рухани әлсіздіктен бе, әлде сананың тайыздығынан ба? Ескерткіш, мүсіндерді айтпағанның өзінде зиратты қиратып кету деректерінің кездесуі – өз тамырына балта шапқанмен бірдей емес пе? Естеріңізде болса, облыста зират қиратқан жетесіз қылмысы үстінде ұсталып, елді шулатқан еді. Тіпті, ол өзін құрықтамақ болған полицейлерге сес көрсетіп, қорқытқан. Дереу оқиға орнына «Арлан» арнайы жасағы жеткізілген. Аспанға ескерту оғы атылған кезде күдікті сақшыларға балта ала жүгірген. Әйтсе де, жасақтың епті қимылдарының арқасында күдікті қолға түсті. Тізе берсек, жантүршігерлік оқиғалар жетіп артылады.

Қазақ халқы ежелден-ақ «Өлі жебемей, тірі байымайды» деп, өмірден өтіп кеткендердің рухына құрметпен қараған. Сонда мына мәселені қалай ашық қалдыруға болады? Әрине, қылмыс жасалғаннан кейін тиісті жазасын алар. Бірақ, мұндай бассыздық жалғаса түссе, кейінгі ұрпақтан не күтеміз? «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, алдыңғы лек мұндай сұмдық жағдайға жол берсе, артынан бармақ тістеп қалмайтынымызға кім кепілдік береді? Ендеше, қайтпек керек?

Мамандар вандализмнің тамырына балта шауып, болдырмас үшін қоғамдық тәртіпке ден қою қажеттігін айтады. Себебі, отбасындағы тәрбиені түземей, қоршаған орта да өзгермейді.

Облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясы директорының орынбасары Фархат Байдәулетовтың айтуынша, аймақта 992 мәдени-тарихи ескерткіш болса, оның төртеуі республикалық, 313-і жергілікті дәрежеде қорғалған. Ал, 675-і алдын ала есепке алу тізімінде тұр. Яғни, жаңадан анықталған мәдени мұрамыз сүзгіден өтіп, өңір басшылығы қаулысымен мемлекеттік тізімге алынады.

«Рас, бұрын мәдени ескерткіштерді сындырып не бүлдіріп кету фактілері орын алды. Қазір барлығы бақылауда. Ал, Кеңес Үкіметі тұсындағы мүсіндердің тарихи маңызы жойылуына байланысты кейбірі есептен алынды. Айталық, Тұрғындар қалашығындағы, Афанасьев көшесіндегі мүсіндер біздің бақылауымызға жатпайды»,-деген ол кейде ескерткіштер байқаусызда бүлініп қалатынын жасырмады. Мәселен, ағаш бұтақтарын кескен кезде крандар тиіп кетуі мүмкін. Сондықтан, «барлығын бірдей вандалдар сындырды» деу – қате пікір.

Ал, есепте тұрған ескерткіштерге ай айын мониторинг жасалып тұрады. Олқылықтар орын алған жағдайда ескертулер беріліп, түзетілуі талап етіледі.

«Біздің мекеме мен жекеменшік иелері арасында заңға сәйкес келісім бар. Яғни, сол аймақтағы мәдени мұраны кәсіп иесі қорғауға алады. Иесіз, далада орналасқандары ауылдық округтің қарамағына беріледі»,-дей келе Фархат Байдәулетов кемшіліктер кездескен бойда иесіне нұсқамалар беріліп, түзетуге ұсынылатынын, бюджеттен қаражат қаралса, оған қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетінін айтты. Алайда, сала маманының айтуынша, ескерткішті салғаннан гөрі оны қайта түзеу қымбаттырақ болатын көрінеді.

Фархат Байдаулетовтен Қызылқоға ауданының орталығы Миялы селосында орын алған сұмдық оқиға жөнінде толығырақ сұрап білдік. Онда ауылдың ескерткіш қорғандары карьерінен топырақ алғандар белгілі болған еді.

«Бәзбіреулер оны сарматтардың жерленген орнынан алыпты. Жалпы, бүгінде тарихи аумақтарға қорғау тақтасын қондыру шаралары жалғасуда. Енді мемлекеттік тізімдегі қырық шақты нысанға қою жоспарланып отыр»,-дейді ол.

Жуырда Доссор кентіндегі суреттерді бүлдіргендер жөнінде де сұрағанбыз. Кіші сәулет өнеріне жататын нысандар басқа мекемелердің құзырында екен. Ал, облыс орталығындағы мәдени мұрамызды бақылау, қорғау қалалық әкімдік жанынан құрылған өзге ұйым қарамағына берілмек.

Айбөпе САБЫРОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*