Ұсталмаған – ұры емес…

 Қылмыстың бұл түрі 22,1 пайызға өсіп отыр Тегеурінді шаралар алынғанымен, бүгінде Атырауда қылмыстың ұрлық түрі көбейіп тұр. Жыл басынан бері бес айда (былтырғы кезеңмен салыстырғанда) оның саны 22,1 пайызға өскен. Мұның себебі неде? Бұл бағыттағы полицияның әрекеті қандай? Келеңсіз құбылыстың жолын қалай кесуге болады? Көпшілікті алаңдатқан осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

  Жуырда редакцияға хабарласқан қала іргесіндегі елді мекен тұрғыны мына оқиғаны баяндады. Ол түн ортасында итінің өршелене үрген даусынан оянып кетеді (үйлер жаңадан салынғандықтан ауланың арасы бөліне қоймаған). Терезеге үңілсе, көршісінің ауласында бір адам кетіп бара жатыр. Жүрісі баяу, асыққаны байқалмайды. «Бұл кім болды екен?» деп ойлағаны сол еді, көршісінің үйінен атып шығып, ысқырғанын естиді. Бұл да іле-шала далаға ұмтылған. Бірақ, қою қараңғылыққа сіңген бейтаныс ұшты-күйлі жоғалады. Шақыртумен жеткен полицияның әрекетінен де нәтиже шықпайды. «Ұрының үйге терезеден түспекке ұмтылған әрекетін көршім байқап қалыпты. Содан дабыл көтерген. Дегенмен, мені арам ойлының басынғаны алаңдатады. Тұрғынжайдың сыртқы шамы жанып тұр. Әрі көршім күштік құрылымдардың бірінде қызмет жасайтын. Соған қарамастан, әлгінің қылығын шектен шыққандық деп түсінемін. Бұл жағдайда біз секілді қарапайым адамдардың жайы не болады? Осы ұрыларға тыйым салына ма?» дейді ашынған тұрғын.

 Атырау қалалық ішкі істер басқармасында тіркелген осы оқиғаға кінәлі әлі табылған жоқ. Оның болашақта анықталатындығына күмән де зор. Өйткені, жергілікті полиция ұрылармен күресте өзінің қауқарсыздығын көрсетуде.

  Ұрылардың ұсталмауы да көпшілікті алаңдатып отыр. Биыл қылмыстың бұл түрінің 14,4 пайызы ғана ашылыпты. Өткен жылғы көрсеткіш бұдан да төмен, 13,5 пайызды құрайды (302 қылмыс). Мұның бір себебін прокурорлар полицияның қылмыстың алдын алмайтындығымен, жұртшылықпен етене байланыс жасамайтындығы, қоғамдық көмекшілер тарта алмай отырғандығымен түсіндіреді. Соңғы аталған қосымша жасақты құру мақсатында елімізде 2004 жылдан бері үлкен бастамалар жүзеге асқан. Алайда, Атырау қаласы бойынша қоғамдық қауіп-сіздікті қамтамасыз етуге тартылған 64 адамнан қайыр болмай тұр. Олар бір де бір қылмыстың ашылуына үлес қоса алмапты. Учаскелік полиция инспекторларының да тұрғындармен байланысты тұрақты орнатпағандығы белгілі болуда.

– Біз облыс орталығы тұрғындарының арасында сауалнама жүргізіп көргенбіз. Мақсат – құқық қорғау органдарына деген олардың сенімін айқындау еді. Анықталғаны, ол көрсеткіш төмен болып шықты. Сұрау салынғандардың көпшілігі ұрлықтың дер мезгілінде ашылатындығына сенбейді, полицейлердің қызметін төмен бағалайтындар да көп. Ахуалдың осылайша қалыптасуына ішкі істер органдарының өзінің жұмысын жариялы түрде жүргізе алмай отырғандығы себепші, – дейді қалалық прокуратураның бөлім бастығы Рамазан Кемел. Қаладағы жаңадан салынған үйлерге жиі түсетін ұрылар көпқабатты үйлерді де айналшықтайды. Себебі, 900 мекен-жайдағы 3122 кірме дәліз есігінің жартысына ғана домофон орнатылған. Қалғандары ашық-тесік жатыр. Қоғамдық көлік туралы да осыны айтуға болады. Олар бейнекамералармен жабдықталмағандықтан қалта ұрлығы көбейіп барады. Ұрлық қылмысының әрбір төртіншісі ұялы телефондармен байланысты. Биыл мұндай 575 дерек тіркелген. Ендеше, келеңсіз құбылысты жою, алдын алу үшін шұғыл шараларды жүзеге асыру бүгінгі күннің міндеті болып тұр.

*Сіз не дейсіз?

Ұрылар жазадан құтылып кетіп жүр

Нұрхат ОРАЗБАЕВ, Атырау қалалық ішкі істер басқармасының бастығы:

– «Дина» сауда орнында ұрлық жиі орын алады. Мұны халықтың көптігімен түсіндіруге болады. Аталған орынның бейнекамерамен жабдықталуына қатысты айтылатын сын-ескертпелер көп. Өйткені, бақылайтын құрылғы нысанның кіріп-шығатын тұсын бағдарлай алмайды. Мұны ұрылар біліп алған секілді, ұрлықтың дені сол арада болып жатыр. Біз басқарма тарапынан атқарушы орындарға ұсыныстарымызды жолдап отырмыз. Яғни, «Динаның» күзет қызметі қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмаса, қылмыстың алдын алуға шарасыз болса, ол міндетті ішкі істер құрылымына жүктеудің қажеттілігі туады. Себебі, сауда орны режимді нысан болып саналады. Жаңадан бой көтерген көпқабатты үйлерге бейнекамералар орнату, көлікжаймен қамту, қоршаулар орнату маңызды. Осындай шаралар жасақталса, ұрылар аяғын тартып жүретіндігі анық. Басты тоқталарым, бүгінде заңға өзгерістер енгізудің, талаптарын күшейтудің қажеттілігі туындауда. Ұрлығы үшін ұсталған топтың мүшелері қамалмағандықтан қайтара қылмыс жасап жатады. Біз ұрыларды ұстап, қылмысын дәлелдеп, ісін сотқа жібергелі жатқан кезімізде қарымта арыз жазылады. Нәтижесінде, күдіктінің жазаға тартылмай қалатын кезі көп. Мәселен, бүгінде біз 45 топтың қылмысын айғақтар жетіспегендіктен дәлелдей алмай отырмыз. Ал, олардың мойнында көптеген ұрлық бар. Арыз артында адам бар

Руфат ҚҰТТЫҚОВ, Атырау қаласының прокуроры:

– Ұрлық қылмысының күрт көбейгендігіне бейжай қарауға болмайды. Оған қарсы тегеурінді шара алмаса, полицияның қызметіне сын. Менің қабылдауыма күн сайын көптеген адам келеді. Солардың көбі орын алған қылмыстардың, оның ішінде ұрлықтың уақытында ашылмайтындығына шағымданады. Біз жұртшылықтың арызын аяқсыз қалдыра алмаймыз. Олардың заңды сұраныстарының орындалуын қаперге ұстап, жауапты орындарға тегеурінді талап қоямыз. Учаскелік полиция инспекторлары тұрғындармен арадағы жұмысты күшейтуі қажет. Олардың қарекеті қылмыстың алдын алуға себепші болады. Атырау қаласы бойынша Вокзал маңы мөлтекауданында қылмыстың жиі орын алатындығы анықталып отыр. Сонымен қатар, Тұрғындар қалашығы, Авангард бөлігінде, жаңадан бой көтерген жеке үйлер алабында да келеңсіз құбылыстар кездеседі. Полиция осы жағдайға байланысты жұмыс жүйесін, патрульдер жасағының жүру кестесін өзгертуі керек. Алдағы уақытта ұрлықты серік еткен қылмыскерлерді суретімен көпшілікке жариялаудың мүмкіндігі де қарастыратын мәселе. Сонда ғана олар заңсыз әрекетке барар алдында ойланар еді. Әрине, оның бәрі заңның ауқымында жүзеге асады. Жаңбырлы күндері көлік тонау көбейеді

Марат ТАҒАНИЯЗОВ, Атырау қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары:

– Қазіргі күні Атырау қаласында жаңадан шағынаудандар бой көтеруде. Дегенмен, олардың көпшілігінде асфальт жол жоқ. Осы себепті тұрғындар жаңбырлы күндері көліктерін амалсыз жолдың жиектеріне қойып кетеді. Ол ұрылар үшін қолайлы сәт. Соның көрінісіндей, бір тәулікте 8-9 ұрлық тіркеліп жатады. Мысалы, биылғы жылдың басынан бері 327 автокөлікті тонау дерегі тіркелді. Ол өткен жылдың бес айымен салыстырғанда 4,5 пайызға өскен көрсеткіш. Осы жағдайдан техникалық қорғаныс құралдары, бейнекамералармен жабдықталған автотұрақтарды көптеп салу арқылы шығуға болады. Бұл ұрлықтың санын азайтып қоймай, аула ішінде балалардың көлденең жағдайларға ұшырауынан сақтайды. Осы тұста, түрлі қылмысты тежеудің жолын да айта кетейін. Ол – көңіл көтеру орындарының уақытын реттеудің қажеттілігіне байланысты. Бізге ұялы телефонның ұрланғандығы туралы шағым түседі. Сол бойынша тексерісті бастағанымызда арыз иесінің өзінің байланыс құралын қайда, қашан қолына ұстағанын есіне түсіре алмай қиналып қалады. Өйткені, ол уақытта әлгі адам мастық дәрежеге жеткен болатын. Байқасақ, телефон ұрланбаған, жоғалып кеткен. Осындай көңіл көтеру орындарының жұмыс кестесін реттесек, мұндай келеңсіздік орын алмас еді. Күзетшілер қайда қарайды?

Ерлан БИҒАМБАЕВ, қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы:

– Жаңадан құрылған қаладағы жергілікті полицияның штаттық саны 481-ді құрайды. Құрылым қылмыстың алдын алу, уақытында ашу бағытында жүйелі жұмыс жасауда. 2016 жылдың алғашқы бес айында Атырау қаласында 3495 қылмыс тіркелді, оның саны былтыр 3455 болатын. Қоғамдық орындарда жасалған келеңсіз көріністің жиілегені, бұрын сотталғандардың біразының қайтадан теріс жолға түскендігі байқалады. Керісінше, көшеде жасалған бұзақылық 8,8 пайызға азайған. Бізді алаңдатып отырғаны – қоғамдық көліктегі қылмыстың көбейгені. Авангард пен Вокзал аралығында қатынайтын №14 маршруттың өзінде 124 ұрлық тіркелді. Сондықтан, жолаушылар тасымалымен айналысатын компанияға, жергілікті атқарушы орындарға осы бағытта шара алу жөнінде ұсыныстар жолдаудамыз. Атап айтқанда, автобустарды бейнекамерамен жабдықтау, аялдамаларға тоқтаған кезде жолаушыларды ұрлықтан сақтандыру, хабарлама оқу қажеттілігін айтудамыз. Бұл суыққолдылардың жымысқы ойларын жүзеге асыруына кедергі болар еді. «Дина» сауда орнындағы жағдай да біздің басты назарымызда. Мұнда биылдың өзінде 114 қылмыс болды. Сауда орнында күзет жасақталғанымен, олар өз міндеттерін жеткілікті деңгейде атқара алмауда. Күзетшілер бірде бір қылмыстың ашылуына көмектесе алмады.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*