УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОР

– Учаскелік инспектордың күнделікті қызметі қауырт. Таңертең бөлімшеде өткізілетін жиналыста нұсқау алған ол бар уақытын жедел жүзеге асуы тиіс шараларға жұмсайды. Оның ішінде тұрғындардан түсетін арыз-шағымдармен жұмыс басты орын алады, – дейді ол.

Сұхбаттасушымыз қала іргесіндегі Рембаза, Сарықамыс, Гауһартас, Жұмыскер 1 және 2, Балауса, Еркінқала 1, 2 секілді жаңадан пайда болған мөлтек-аудандар бойынша инспекторлық қызмет атқарады. Өзінен басқа екі қызметкер бар.

«Біле білсеңіз, бұл – өте үлкен аумақ. Тек Жұмыскер мөлтекауданының өзінде 17 мың адам тұрады. Ауқымды жерді алып жатқан елді мекендердің тұрғындарынан күн сайын кем дегенде 10-15 арыз-шағым түседі. Бізге қойылып отырған талап – сол құжаттар бойынша бір тәуліктің ішінде шешім қабылдау. Бұрын оның мерзімі үш күнді құрайтын. Қазіргі қауырт тірлігімізге осы жағдай себепші болып тұр» дейді инспектор.

Радмир Балтаевтың баяндауынша, аталған аумақтарда ауыр қылмыс кездеспегенімен, біреудің үйіне түсетін немесе өзгенің иелігіндегі мүлікке қол сұғатын жағдайлар орын алады. Әсіресе, түнгі сағат екі мен үштің аралығында ұрлық көбейеді екен. Мұның бір себебі, көз байлаған қараңғылық болса, екіншісі, мөлтекаудандардың жаңадан бой көтеруіне байланысты көршілердің бірін-бірі танып үлгермегендігінде көрінеді. Учаскелік инспектор жеке үйлерді аралағандарында келеңсіз көрініске жиі кезігетіндерін де жасырмады.

– Тұрғын үй алабындағы баспаналардың реттік нөмірі дұрыс көрсетілмейді. Мәселен, оның саны 45, 46, 47 болып келіп, аяқ астынан үзіліп қалады да, басқа нөмір жалғасады. Ал, 48 нөмірлі қажетті мекен-жайды басқа бір көшенің бұрышынан табасыз. Соны іздеп біраз уақытымызды жоғалтамыз. Жаңа мөлтекаудандардағы көшелердің асфальтталмауы да қызметімізге кедергі келтіріп тұр. Әсіресе, табиғаттың қолайсыз күндері тұрғындардың шақырғанына бара алмай қиналып қалатын кезіміз көп, – дейді Р.Балтаев.

 Учаскелік полицеймен арадағы әңгіме көкейде көп сұрақ туындатты. Оның бастылары мыналар еді: Сақшылар қоғамдық тәртіпті сақтауда, қылмыстың алдын алуда қаншалықты қарымды қызмет жасап отыр? Олар өздеріне жүктелген жауапкершілікті терең сезіне ме? Жалпы, жергілікті тұрғындар бекітілген учаскелік полиция инспекторын тани ма? Оған жауап табу мақсатымен құзырлы орындарға сұрау салып көрдік. Алдымен жолыққанымыз, облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полициясының құқық бұзушылық профилактикасы, ұйымдастыру бөлімінің бастығы Ерлан Рысқалиев пен аға инспектор Болат Дүйсенов болды.

– Бүгінде облыста 54 учаскелік тірек бекеті болса, соның 13-і Атырау қаласында орналасқан. Учаскелік инспектордың саны 233-ті құрайды, оның 87-сі инспектордың көмекшісі. Тәртіп сақшылары өздеріне жүктелген міндеттің ауқымында уақытпен санаспай жұмыс жасауда, – дейді бізге бөлім бастығы.

Учаскелік полицейлердің көмегімен жыл басынан бері 652 қылмыс ашылыпты. Былтыр ол көрсеткіш 491 болған. Ашылған қылмыстың 257-сін ұрлық құрайды. Соңғы кездері тонау, алаяқтық секілді келеңсіз құбылыстар көбейіпті. Сонымен қатар, кінәлілер анықталмаған қылмыстық істер де бар. «Сол бойынша тергеу-тексеру жұмыстары жүруде» дейді полицейлер. 

Проблема айтса, азая ма?

Аталған мамандық иелерінің еңбегі елеулі десек те, бүгінде мәртебесі тым төмендеп кеткенге ұқсайды. Ол түрлі құрылымдардың қолды-аяққа тұрғызбай жұмсайтын қолбаласына айналғандай. Бұған еліміздің Бас прокуратурасының жасаған қорытындысы да дәлел бола алады. Құзырлы органның сарапшылары бұған дейін инспектордың күнделікті қызметіне хронометраж жасап, саралап көріпті. Байқаса, оған 20-дан астам міндет жүктеледі. Өзге де тапсырмалар беріліп, оның орындалысы дереу сұралады.

– Оған учаскелік полиция инспекторының мүмкіндігі келе ме? Қайталанып отыратын еңбек операцияларына жұмсалған жұмыс уақытын зерделеу әдісі (хронометраж) қызметкердің тікелей міндетін атқара алмайтындығын, оған уақытының қалмайтындығын көрсетті. Полицей түрлі мемлекеттік органдардың тапсырмаларын орындаумен отырады. Олардың арасында адамдарды мәжбүрлеп сотқа апару, әскерге шақырылғандарды әскери комиссариаттарға жеткізу, жер телімдерін алып қою, жол ережесін бұзғандардың айыппұлын өндіріп алу, тағысын тағы қызметтер бар. Құжат айналымын жүргізу де оған тапсырылған. Сонымен қатар, инспектор мәдени, спорттық шаралар кезінде де қоғамдық тәртіпті сақтауға тартылады. Ал, мұның бәрі, сайып келгенде, заңсыздық, – дейді ҚР Бас прокурорының орынбасары Нұрмұханбет Исаев.

Заңдылықтың сақталуын қадағалаушы орган өкілінің пікірінше, бұл кемшіліктің бәрі жұмыстың жүйесіздігінен орын алуда. Ішкі істер орындарының басшылары қызметтердің тиімділігін арттыруға ұмтылмайды. Оның орнына, бір құрылымдағы қызметкерлердің жетпестігін екінші құрылымдағы полицейлермен жабуға асығады. Сондықтан «Жұмысты ұйымдастыра алмаған лауазымды тұлғаларды тәртіпке шақыру керек» дейді Н.Исаев.

Бас прокурордың орынбасары ашып айтып берген олқылықтың әлі де орны толар емес. Бүгінде учаскелік полиция инспекторлары мен оның көмекшілерінің сот қаулысы бойынша мәжбүрлеп апарған адамдарының қатары өсе түсуде. Облыс бойынша оның саны былтыр 4077 болса, биылғы жыл басынан бері 4958 адамды құрады. Бұлардың арасында 1495 жас әскери прокуратураның талабымен тиісті орынға жеткізілген. Біз тілдескен Атырау қалалық ішкі істер басқармасы №1 қалалық полиция бөлімі әкімшілік полициясы бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы Дәурен Жұмашев, учаскелік полиция инспекторлары тобының жұмысын ұйымдастыру жөніндегі аға инспектор Серік Иманғазиев, сонымен қатар, учаскелік инспекторлар осындай жағдайлар негізгі қызметтік міндетті атқаруға кедергі келтіретіндігін айтып отыр.

Тағы бір проблема – учаскелік полиция бекеттеріне қатысты. Бүгінде оның саны – 54, сондай-ақ, 28 қызметтік бөлме бар. Аталған қызметтік бөлмелер жергілікті жердегі селолық, ауылдық әкімшіліктердің ғимараттарында, кейбіреуі селолық мәдениет үйлерінде орналасқан. Ал, олардың жеке кіреберіс есіктері жоқ. Түн ортасында заң бұзған адамды жетектеген учаскелік инспектор ыңғайсыз жағдайға қалып жатады. Өйткені, мемлекеттік мекемелердің есіктері түнде құлыптаулы тұрады.

Қазіргі күні Атырау қаласының көлемі күрт ұлғайып, жаңа ықшамаудандар пайда болуда. Бұл өз кезегінде, жаңа полиция бекеттерін ашуды қажет етеді. Осы мақсатта облыстық ішкі істер департаментінің бастығы облыс әкімінің атына арнайы хат жазған. Мұнда Нұрсая, Балауса, Атырау, Геолог-2, Жұмыскер 1-2, Сарықамыс, Химпоселке, СМП-136 ықшамаудандарынан, яғни, қала аймағынан жаңадан 8 учаскелік полиция бекетін ашу қажеттілігі баяндалыпты. Бүгінде мәселе тиісті заңдылыққа сәйкес қаралып жатыр екен. Осы орынның керектігі турасында бір мысал: облыс орталығындағы Нұрсая ықшамауданына бұған дейін Мақат ауданының Комсомол, Қошқар, Ескене, Байшонас елді мекендерінің халқы көшірілді. Мұнда, сондай-ақ, Тұлпар, Болашақ, Жеті қазына, Жерұйық және Самал 1, 2 ықшамаудандарының тұрғындары бар. Осы аталған аймақтағы қоғамдық қауіпсіздік жылжымалы полиция топтарының күшімен қамтамасыз етілуде. Құқық бұзушылыққа жол бермейміз, келеңсіз жағдайлардың алдын аламыз десек, аталған олқылықты дер мезгілінде жоймай болмайды. Сонымен қатар, осы ықшамаудандардың тұрғыны, мәселен, бір бет анықтама алу үшін №5 учаскелік полиция бекетіне, яғни, бұрынғы қалалық жол полициясының ғимаратына келуіне тура келеді. Бұл да жұртшылыққа ыңғайсыздық тудырады.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*