УАҚЫТ НАЙҚАЛУДЫ КҮТПЕЙДІ

Ауданда, негізінен, алты елді мекенде таза ауыз су қондырғысы жасақталуда. Соның бірі – Елтай селосындағы өткен жылғы маусым айында басталған су тазарту қондырғысының құрылысы. Ауданға барысымен Сәлімжан Жұмашұлы аталған нысанның құрылысымен танысты.
Мердігер мекеме «СамалНефтеСтрой» ЖШС-нің жоба жетекшісі Рахим Нұрсұлтановтың айтуынша, құрылыс жұмыстары толықтай аяқталған, тек іске қосуды реттеу ғана қалып отыр. Нысан іске қосылған жағдайда сағатына 840 текше метр су береді деп күтілуде және ауыл тұрғындарын толығымен таза ауыз сумен қамтымақшы. Құрылысқа отыз шақты адам жұмылдырылған.
– Бұл нысанның басты артықшылығы – заман талабына сай жаңа технологиямен қамтылуында, – дейді жоба жетекшісі. – Сол арқылы Жайықтағы лас суды тазартып шығарады. Барлық сертификаттар халықаралық деңгейдегі санитарлық-эпидемиологиялық стандартқа сай.
Нысанның материалдарымен танысқан облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев барлық қондырғылар энергия үнемдегіш және қазақстандық үлгіде болуы тиіс деп тапсырма берді.
Кейін облыс әкімінің орынбасары «Жас өркен» балалар лагеріне де бет алып, тәрбиеленушілермен жүздесті, демалыс орнының жағдайымен танысты.
Лагерь 2010 жылы пайдалануға берілген. Мұнда аз қамтылған, көп балалы отбасы балалары алты кезең бойынша қабылданады. Он екі күннен тұратын әр кезеңде 170 бала қамтылмақшы. Қазір бесінші лекке ілінген балалар демалуда.
– Биыл жалпы 1500 балаға демалыс ұйымдастырылмақ. Жоспарымыз орындалып отыр. Енді алтыншы кезең бойынша балаларды қабылдаймыз. Барлық қажетті жабдықтармен қамтып отырмыз, – дейді лагерь меңгерушісі Сырғалы Жәлиева.
Сапар аясында облыс әкімінің орынбасары С.Нақпаев аудан бойынша тұрғын үй-коммуналдық және әлеуметтік сала нысандарының 2014-2015 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңіне дайындығы сөз болған жиынға қатысты. Қысқа дайындық бойынша құрылған облыстық штабтың көшпелі отырысы есебінде өткен басқосуда аудан әкімі Серік Арыстан аудандағы жылу беру маусымына дайындық туралы баяндады.
Аудан басшысының айтуынша, аймақта жылумен қамтылатын жеті балабақша, 21 білім беру, 13 денсаулық сақтау, тоғыз мәдениет саласы нысандары, сегіз көп қабатты тұрғын үй мен 21 бюджет есебінен қаржыландырылатын және бюджеттік емес алты мекеме бар.
Аудан бойынша 18 білім беру нысанының барлығының жөндеу жұмыстары толық деңгейде аяқталды. Апаттық жағдайдағы үш мектептен басқасы қысқы мерзімге дайын. Ал, Б.Нысанбаев орта мектебіне модульді жылу қазандығын орнату жоспарлануда.
– Өткен жылы әлеуметтік, бюджеттік сала нысандары мен көп қабатты тұрғын үйлердің жылыту қазандықтары талапқа сай жұмыс жасап, қыстан еш қиындықсыз шықты. Биыл да тыңғылықты дайындалып жатырмыз, – деді аудан әкімі С.Арыстан.
Сондай-ақ, аудан басшысы Индербордағы көп қабатты үйлерде проблема барын да жасырып қалмады. Ауданда 67 көп қабатты үй болса, соның 12-сі ғана орталықтандырылған жылу қазандығы арқылы жылынады. Ал, пәтерішілік жылу қазандықтарына қосылған қалған 55 үйге қондырылған мұржаларды заңдастыру қиындық туғызуда.
Ал, тұрғындар жергілікті пәтер иелері кооперативтеріне бағынбай, берілген жылуға тиісті қаржыны төлемей отыр. Мәселен, аудан халқы өткен жылы еш кедергісіз жылумен қамтылғанмен, «Таңат» ПИК-інің алажағы үш миллиондай теңгені құраса, кредиторлық берешегі екі миллион теңгеден асады. Егер кезекті жылу беру маусымына дейін халықтың берешегі толық өтелмесе, аталған кооператив қызмет көрсетуден де бас тартуы ықтимал. Осы орайда, аудан басшысы индерліктерді мәселеге түсіністікпен қарауға шақырды.
– Қыс – қатал сыншы. Сондықтан, жайбарақаттылыққа жол берілмеуі тиіс. Жылу қазандықтарының жағдайын үнемі бақылауда ұстап, 1-қыркүйекте барлық білім беру нысандары мен өзге де мекемелер жылу маусымына дайын болуға міндетті. Ал, 15-қазанда жылу беруге толықтай көшу керек. Сондай-ақ, жылыту қазандықтарының пайдалану мерзіміне көңіл бөліңіздер. Бұрын қаржыдан тапшылық көрген кездерде ескі қазандықтарды жамап-жасқап, кері құрастырып пайдалануға мәжбүр болдық. Қазір мұндай қажеттілік жоқ. Ауыстыруды қажет ететін құралдар мәселесін еш кедергісіз шешуге болады, – деп облыс әкімінің орынбасары тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.
Бұдан кейін облыстық штаб мүшелері кәріз суларын тазарту қондырғысы мен көп қабатты үйлердің жылыту қазандықтарының жұмысымен танысты. Аудандық білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы тасымалы және автокөлік жолдары бөлімдерінің басшыларына қысқа әзірлік шараларын мұқият іске асыру қатаң тапсырылды.

Айгүл ЕРТІЛЕУ,
Суреттерді түсірген
Самат ҚАЙЫРЖАНОВ.
Индер ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*