Уақытша өтемақы тарифі тұтынушы үшін тиімді ме?

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалында 2017 жылғы инвестициялық бағдарлама қалай орындалды? Бұл туралы  филиал директорының орынбасары Серік Қыдыров баяндады.

1517808597_article_b_1500_

Оның айтуынша, былтыр «Автоматты газды бөліп тарату стансалары (АГРС) мен блокты газ тарату бекеттері (ГРПБ)  үшін диспетчерлік жүйені орнату» жобасы жоспарланып, «Энергомонтажавтоматика» ЖШС-мен келісім-шарт жасалған. Мердігер мекемемен бекітілген техникалық сипаттамаға сәйкес, жобаны жүзеге асыру үшін «Сименс» фирмасының қондырғылар жиынтығы  сатып алынған. Атырау қаласы мен аудан орталықтарында және ауылдық елді мекендерде орналасқан АГРС-тар мен ГРПБ-лар үшін бақылау-өлшеу құрылғылары мен аппараттарының шкафтарын жинақтау, монтаждау, диспетчерлік пунктке бейнеқабырғалар қондыру жұмыстары жүргізілген.

Автоматтандырылған диспетчерлендіру жүйесі газды таратушы қондырғылардан жедел ақпарат алу, жинау және өңдеу, «көгілдір отынды» тасымалдау мен тұтынушыларды үздіксіз табиғи газбен қамтамасыз етуге бағытталған технологиялық үрдісті қашықтықтан бақылауға мүмкіндік жасалып отыр. Инвестициялық жоба жүзеге асырыла бастағанға дейін газды тарату стансалары қазандық қондырғыларындағы турбиналық есептегіштердің көмегімен жұмыс жасап келген. Алайда, бұл жүйенің ескіруіне байланысты оны жаңарту қажеттілігі туындаған. Нәтижесінде, жетілдірілген түрімен алмастырылған.

Егер әр жылға белгіленген шаруаның ойдағыдай оңғарылуы бірінші кезекте кәсіпорынның қаржы-экономикалық  ахуалына байланысты екенін ескерсек, осы ретте іске қолбайлау болып отырған жайттардың бары мәлім болды. Ең өзектісі – заңды тұлғалар тарапынан пайдаланылған  газ немесе көрсетілген қызмет ақысының мезгілімен төленбеуі. Мұның өзі әсіресе, жергілікті қазынадан қаржыландырылатын бюджеттік мекемелерге көбірек қатысты болып отыр. Дәлірек айтсақ, олардың 90 пайызы «ҚазТрансГазАймақ» акционерлік қоғамының  мекемесіне қарыз болса, Балықшы кентін қыста жылумен қамтитын «Құспанова» жеке кәсіпкерлігінің бережағы 50 млн. теңгені құраған.

Көрсетілетін қызмет құнына қатысты мәселе де  назардан тыс қалмады. Биылғы 1 шілдеден мұнда да жаңартылған тарифтік кесте енгізілген. Атап айтқанда, тариф тұрғын халық үшін – 1000 текше метр газға 7 269,63 теңге, жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын мекемелерге – 20 550,60 теңге және заңды тұлғаларға 17 683,42 теңге болып бекітілген.

Одан бөлек, Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшылығының (№78-ОД, 25 маусым 2018 жылғы) бұйрығымен биылғы тамыз айының 1-інен  уақытша өтемақы тарифтері қолданыла бастаған. Мұндай тарифтер «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының  тұтынушылары болып табылатын барлық заңды тұлғалар мен бюджеттік мекемелерге қатысты қолданылады. Бұл тариф 2019 жылдың 31 шілдесіне дейін, яғни, бір жыл бойы өз күшінде болады. Уақытша өтемақы тарифтері монополист мекеменің реттелетін қызмет түрлерін көрсетуіне қарай есептеледі.

Осылайша, қосымша құн салығынсыз алғандағы жеңілдетілген тарифтің сомасы 1000 текше метрге 1 721,26 теңге шамасында белгіленіп, қолданыстағы бағадан 48,16 теңгеге немесе 3 пайызға төмендетілді. Ал, тұтынушыларға қайтарылатын қаражаттың жалпы  сомасы 30,4 млн. теңгені құрайтындығы есептеліп шығарылған. Сөйтіп, жоғарыда аталып көрсетілгендей, жеңілдетілген тарифтер жағдайында берілетін 1000 текше метр табиғи газға алынатын ақы көлемі тұрғындар үшін өзгеріссіз, яғни, 7 269,63 теңге көлемінде қалып отыр. Ал, бюджеттік ұйымдарға – 20 328,43 және заңды тұлғаларға 17 492,44 теңге деңгейінде белгіленді.

Міне, осымен екінші ай газшылар жеңілдетілген тарифпен жұмыс жасауға көшті. Одан тұтынушының ұтары қандай екенін уақыт көрсетеді.

Дәулетқали АРУЕВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*