УАҚЫТ ТАЛАБЫНА САЙ ӨЗГЕРІС

Еліміздің саяси өміріне жаңа серпін берген Жолдауда қоғам және азаматтар мемлекеттік шешімдер қабылдау процесі мен олардың жүзеге асырылуына тікелей қатыстырылу керектігі айтылған болатын. «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту туралы» тұжырымдама да өңірлерге тың өзгерістер әкелмекші. Өйткені, аталмыш құжат негізінде Атырау қаласы әкімінің ауыл әкімдерін сайлау жөніндегі арнайы шешімі шықты. Онда үстіміздегі жылдың 6 тамызында қалалық әкім-шілікке қарасты селолық округтердің әкімдерін қалалық мәслихаттың депутаттары баламалы негізде сайлайтындығы айтылды. 
Жуырда ауыл тұрғындарымен кездескен Атырау қаласы әкімі С. Айдарбеков алғаш рет баламалы негізде өткізілгелі отырған сайлауға қатысушы селолық округ әкімдігіне лайықты кандидатуралармен таныстырып, қалалық мәслихат депутаттары да сайлауда жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікірлерімен санаса отырып, дауыс беретіндігі жайында хабардар еткен болатын.
Біз бұл бастаманы толық қолдаймыз. Күні бүгінде ұсынылып отырған кандидаттардың халық сеніміне ие болатынына да сенеміз.
Атырау қаласы маңында орналасқан Қайыршақты селолық округінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы толық жақсарған. Мұндай жетістіктер қатары күннен-күнге толыға түсуде. Бұл жиырма жылдан енді ғана асқан тәуелсіз еліміздің, Елбасының сарабдал саясатын әрі қарай іскерлікпен жүзеге асырудағы қол жеткен жетістігі деп білеміз.
Жаңа сайланатын ауыл әкімдеріне жергілікті маңызы бар мәселелерді тиімді шешу үшін өкілеттіктер берілмекші. Уақыт талабына сәйкес әкімдерге жүктелер міндеттер аз болмасы анық. Біліктілікпен қолға алатын жұмыстар да жеткілікті. Әсіресе, ауыл, селоларда шағын және орта бизнесті дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін молайтуға, оларды жүзеге асыру мақсатында қаржылық қолдау мен ауылдың түрлі еңбек саласындағы зейнеткерлеріне әлеуметтік көмек көрсетуге, ауыл жастарының тәрбиесі мен бос уақытын тиімді өткізуге арналған шаралар қолға алынады деген ойдамыз.

Айдын БАЛТІЛЕУОВ,
Томарлы селосының зейнеткері.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*