Тұрақтылық негізі – шынайы ақпаратта

 Болашақта барлық БАҚ құрылымдары «Атырау-Ақпарат» ғимаратына шоғырландырылуы мүмкін. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев мәлімдеді.

«Барлық ақпарат құралдарын орталықтандырып, ортақ кеңістік қалыптастыру керек. Бүгінде оларды «Атырау-Ақпарат» ғимаратына шоғырландыру мәселесі қарастырылып жатыр. Себебі, ол ғимаратта қазір ақпаратқа мүлде қатысы жоқ мекемелер де отыр», – деді ол Атырау облысы әкімдігі жанындағы БАҚ және интернет-кеңістікті дамыту мәселелері бойынша өткен қоғамдық кеңес отырысында. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев ақпарат құралдарына жастар тәрбиесі мәселесіне көбірек араласуды тапсырды. «Жастармен ресми жиналыстарда ғана кездесуді қойып, олармен жұмыстың жаңа форматын ойластыру қажет. Спорттық жарыстар, табиғат аясына саяхат сынды шараларды көбірек ұйымдастыру арқылы еркін пікір алаңын қалыптастырып, оларды толғандыратын мәселелерді де біліп отыру маңызды» деді ол. Негізінен Елбасы Жолдауын насихаттау мен іске асырудағы БАҚ-тың рөлі сөз болған кеңес отырысында облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов стратегиялық құжатты насихаттауда басылым тарапынан арнайы айдарлардан бөлек, кәсіпкерлік бағыттағы «Бизнесмен», құқықтық мазмұндағы «Әділет әлемі», экологиялық тақырыптағы «Талбесік» қосымшаларының шығып отырғандығын, ауыл өмірін суреттейтін «Атамекен экспедициясының» іске қосылғандығын мәлім етті. Мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, саясаттанушылардан тұратын «сарапшылар тобының» құрылғандығын атап өткен бас редактор Исатай Балмағамбетов мемлекеттік органдардан ақпарат алуда қиындықтар барын да айтты. «Кәсіпорын, мекемелерде қағаз жүзінде баспасөз-хатшылары бар. Бірақ, олардың баспасөз-релизін дайындауы, редакциямен байланысқа шығуы мардымсыз» деген ол «қоғамдағы «күйіп тұрған» мәселелер бойынша да құзырлы орган басшылары жедел сұхбат беруге бейімделуі қажет» деді. Аймақтық коммуникациялар қызметінің жетекшісі Ринат Құлмағамбетов аудандардағы, ауылдық жерлердегі мемлекеттік қызметшілерді интернет-ресурстармен, әлеуметтік желілермен жұмыс істеуге машықтандыруды ұсынды. Кеңес барысында облыстағы барлық дәстүрлі медиа басшылығына интернет кеңістігімен жұмысты күшейту тапсырылды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*