СИҚЫРшыдан сақтаныңыз…

Жаңалықтар Тылсым

Atr.kz/2 тамыз, 2019 жыл. Күнделікті өмірде әртүрлі жағдайларға куә болып жататынымыз рас. Мәселен, бірнеше жыл отасқан ерлі-зайыптылар аяқ астынан ажырасып, енді бір жап-жақсы мамандығы бар, әжептәуір мекемеде лауазымды қызмет жасайтын, аузына бір тамшы ащы су татып алмайтын жанның ішкіш болып кеткенін естіп, қынжылатынымыз да өтірік емес.

Күтпеген жерден шаңырақ неге шайқалады? Неге елге белгілі қызметте, дұрыс жолда жүрген адам кенеттен мүлдем басқа адамға айналды? Неліктен сап-сау адам жындыханадан бір-ақ шығады? Бәрі де Жаратқанның сынағы шығар… Десек те, кейде осындай күйзеліске ұшырататын жағдайлардың адам қолымен жасалған кесапат екенін естіп, жағамызды ұстап та жатамыз.

Сонымен, жиырма бірінші ғасырда сиқырдың күшіне жүгінетіндер бар ма? Әлде осының бәрі ойдан шығарылып жүрген нәрсе ме? Осы жұмбақтарды шешкіміз келіп, Атыраудағы орталық мешіттің мамандарына жүгінген болатынбыз.

БҰЛ – ЗОР КҮНӘ

Кейде «адамды жынданып кетті, психикалық ауытқуға ұшырады» деген қаңқу сөздерді естиміз. Наиб имам Ерболат Бохановтың айтуынша, бұндай жағдайларға тап болу сиқыршының көмегіне жүгінуден басталатын көрінеді. «Мәселен, бір жігіт бір қызды, немесе қыз жігітті жақсы көріп қалды дейік. Ал, ол болса, басқа жанды ұнатады, бұған қарамайды. Осыдан келіп, әлгі жауапсыз махаббаттың иесі өзін жақсы көргізу мақсатында емшілерге барады.

Қазіргі таңда барлығына бірдей топырақ шашуға болмас, әйткенмен, сиқырдың көмегімен емші атанып жүргендер бар. Олар әртүрлі айла-шарғы арқылы адамды дуалайды, сиқырлайды. Сиқырлау дегеніміздің өзі – Алланың алдында зор күнә.

Дуаланған адам бейнебір есі ауысқандай болып, әлгі кісінің айтқанынан шықпай, көне береді. Алайда, бұл мәңгілік емес.

Бір күні дуадан немесе сиқырдан айығуы мүмкін. Сонда сиқырлаған адамның өзіне қиын болады. Тіпті, сиқырдан есі ауысып, жынды болып та кетуі ықтимал. Сондықтан, одан аулақ жүргеніміз абзал» дейді ол өз сөзінде.

СИҚЫРДЫҢ СЕГІЗ ТҮРІ…

Әбу Абдолла Ар-Рази деген ғұламаның айтуынша, сиқырдың сегіз түрі белгілі. Жеті жұлдызға табынатын халдейліктер мен кашданилықтар әлемді жұлдыздар басқарады деп сеніп, сол нанымды жұртқа уағыздайды. Алла Тағала оларға тура жол көрсету үшін Ибраһим пайғамбарды (а. с.) жіберген. Екіншісі, қиял жетегіндегі өзін күшті рухтылармыз деп есептейтіндер қиялдың адамға әсер ететіні туралы айтып, бас қатырады.

Үшіншісі – жер бетіндегі рухтар-жындардың көмегімен жасалатын сиқыр. Олар мұсылман, кәпір болып екіге бөлінеді екен. Мұндай іске куә болғандар сиқыршылардың жер бетіндегі рухтармен дуа сөздері арқылы оңай қатынас жасайтындықтарын айтады. Сиқырдың бұл түрі – дуалау, бағындыру. Иллюзиялар мен көз алдау, айла арқылы адамның көру, бақылау қабілетін алжастырады.

Адам бір нәрсеге қарап тұрып, сол жерде не болғанын байқамай қалуы мүмкін. Кейбір майлар мен тағам түрлерінің емдік қасиеттерін пайдалану арқылы жасалынатын сиқыр түрі де бар көрінеді. Жүректі жаулап алу арқылы сиқыршы Алла Тағаланың ұлы есімін білемін, маған жындар бағынады, айтқанымды орындайды деп сендіреді.

Егер тыңдаушы аңқау, сенгіш адам болса, оның айтқандарына иланып, жүрегі соған байланып, айбаты мен мысы басып кетуі мүмкін.

Ал, бойын қорқыныш билеген жанның сезім түйсіктері әлсірейтіні рас. Сиқыршы сол уақытта оны әбден билеп алып, қалағанын жасатады. Жұрт арасында негізсіз қауесет, өсек тарату да сиқырға жатады екен. Сондықтан, әр іске мән беріп жүрген абзал.

ДУАГЕРДІҢ БЕЛГІЛЕРІ

Адамды жадысынан айырып, өзіне тәуелді ететін тәуіпсымақтардың өзіне тән белгілері болады. Мәселен, қаралу үшін барып отырған емші аурудан өзінің және анасының есімін сұрауы ықтимал. Сонымен қатар, сырқаттан бір затын, тер сіңді киімін, бас киімін және басқаларды алдыртады. Одан әрі құрбандыққа шалу үшін белгілі бір сипаттағы хайуанды әкелуін талап етеді. Оны Алланың атымен соймайды.

Құрбандықтың қанын науқастың ауырған жеріне жағады немесе алыс бір жерге апарып тастайды. Тұмар, дуа жазып береді. Құран аяттарынан бөлек, түсініксіз дуа сөздерін оқиды. Енді бір тәуіп науқасқа ортасында арабша әріптер немесе сандар жазылған төртбұрыш суреті салынған орамал, қағаз беруі де мүмкін.

Ауырған жанды күн түспейтін бөлмеде біраз уақыт ұстауға бұйырады. Кей емші сырқатты қырық күн бойы суға жақындатпайды. Бұл – сиқыршыға қызмет жасайтын жынның христиан дінінде екенінің белгісі.

Белгілі бір заттарды беріп, оларды көміп тастататындар да бар. Парақшалар беріп, оларды өртетіп, түтінін жұтқызады. Адамға түсініксіз сөздермен сөйлейді.

Кейде сиқыршының келген кісінің аты-жөнін, қай елден, қандай мақсатпен келіп отырғанын өзіне айтатыны да бар. Қағаз парағына белгісіз әріптерді жазып, оны ішірткі етіп ішуін бұйырады. «Егер емші-тәуіптің бойынан осы айтқандар байқалса, сөз жоқ, антұрған сиқыршы болғаны» делінеді Уаһид Абдуссалам Балидің «Өткір қылыш» кітабында.

ШАРИҒАТТЫҢ ҮКІМІ

Ислам дінінің бүкіл мұсылман қауымы мойындаған атақты ғұламалардың барлығы да сиқырдың мұсылманға жат іс екендігін айтқан. Имам Мәлік: «Өзіне ешкім ештеңе жасамаса да сиқыр амалдарын жасаушы сиқыршының үкімі Алла Тағаланың «Расында олар оны айырбастап алғанға ақыретте несібе жоқтығын білді» деген Бақара сүресінің 102 аятына сай» деп жауап берген.

Ал, Қуртуби: «Фиқһ ғұламалары мұсылман сиқыршысы мен басқа діндегі сиқыршының үкімдері туралы таласты. Ол кешірілмейді де, тәубесі де еш қабыл алынбайды. Өйткені, оның жасаған күнәсі діннен шыққан, діннен безген зиндық пен зинақордың күнәсіндей.

Алла Тағала сиқырды күпір деп атаған: «Ол екеуі (екі періште) «біз сынақ үшін келдік, күпірлік қылмаңдар» демейінше, ешкімге үйретпеген» деп Бақара сүресінің 102 аятында айтылған. Ахмад ибн Ханбалдың да, Әбу Сәуірдің де, Исхақтың да, Шапфиғидың да және Әбу Ханифаның да пікірлері» дейді «Куртуби тәпсірі» деген еңбегінде.

Шариғат бойынша сиқыршының жазасы өте ауыр болған. Өйткені, адамды жадысынан айыру – өте үлкен қылмыс, күнә.

ЖОЮДЫҢ ЖОЛДАРЫ

Дуаланған адамға сиқырдың әсерін Құран, сүннет, дұға, зікірлер арқылы жоюға болады екен. Мысалы, бір аятты немесе бірнеше аяттарды оқу арқылы емдеу түрі бар. Бұл амал Алла Тағаланың «Құраннан иман келтіргендерге шипа және рахмет түсіреміз» деген Исра сүресіндегі 82 аяттың мағынасының шеңберінде жүзеге асырылады. Мұнан өзге осы мәселеде тағы бір айқын дәлел бар.

Ол Айша анамыздың (р. а.) айтуынша, бірде оған асыл дініміздің пайғамбары, Расулалла (с.а.с) қасында бір әйелмен бірге кіріп: «Мынаны Алланың кітабымен емде» деп тапсырады. Бұл хадиске үңіліп қарар болсақ, Құран Кәрімнің аяттарының бәрі де шипа деген түсінік шығады. Сондықтан, Алла Тағаланың ақиқат жолымен ғана жүргеніміз дұрыс деген ой туады.

P.S.

Біз бұл мақаламызды ауырғанда емшіден емші, тәуіптен тәуіп қалдырмай қаралып, тек жаны мұрнының ұшына жеткенде ғана дәрігерге қаралатын жандарды білетіндіктен, сабақ болсын деген оймен жаздық. Аз ғана ғұмырда ешкімге қиянат жасамай, адал жолмен жүріп, жақсы амалдармен ел есінде қалғанға не жетсін?! Мынау жалған – бес күндік! Осынау сынаптай сырғыған, зымырандай зулаған, жер бетіне қас-қағым уақытқа ғана келген қысқа ғана өмірді өкінбестей етіп өткізу үшін жүрекке – иман, пендеге қанағат керек. Сол ғана маңызды.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *