ТЫЛ АРДАГЕРЛЕРІ ДЕ ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ

 

Майдан мен тылдың біртұтас қимыл-әрекеті сол ұлы Жеңісті әкелді де. Сол бір жылдардың ізі өшкен жоқ ел көкейінен, соғыс өртінің шарпуы тимеген шаңырақ бар ма екен, сірә? «Майдан», «тыл» деген жай аты ғана. Әйтпесе, бірі мылтықты, бірі мылтықсыз – екеуі де жанкешті шайқас болатын. Ер азаматты оқ қинаған, бала-шағаны жоқ қинаған заман еді ғой.

Шынында да, оқтың азабынан жоқтың азабы кем соқпаған тұстары да аз болмайтын. Қаншама адам қорғансыз, асыраушысыз қалды… Талай тарлан, небір боздақ құрбан болды. Талай жесір көзінің жасын бұлады, талай жетім «әкешім» деп жылады. Бір кездері айдарынан жел ескен ер-азаматтар ауылы ақжаулықтылар ауылына, жайнаңдаған жастар мекені қариялар мекеніне айналған сол бір қасіретті шақ еске түскенде жүрегің сыздайды.
Майданда қорғасын жауса, елде «қара қағаз» жауған кез еді ол. Ер-азаматын, баласын жоқтап, аза тұтқан аналар жылап-сықтап, мұң-шерін шүберекке түйіп, ертеңіне көзі іспектей болып жұмысқа баратын. Олар маңдайдан тер, көзден жас ақса да өз жұмыстарына бекем болды, жарғақ құлағы жастыққа тимей, күн қатып, түн қатып сарыла еңбек етті. Шаңырағын шайқалтпай, таза сезімнің жылуымен жағылған ошақ отын сөндірмей, балаларына қамқор бола білді.
Заман ағымының әсері ме, кім білген, ауыл балаларының ойыншығы қамыстан жасалған «мылтық» еді. Бірде көрші үйде тұратын бала Сатқан екеуміз сондай «мылтықтар» жасау үстінде сұқ саусағымды пышақ кесіп кеткені бар. Тағдырға табанымызды қарытқан сол кездің белгісіндей болып пышақтың із-сызаты саусағымда қалып қойды. Жазда қос қанатының астында қызыл жұлдызы бар төмен ұшқан ұшақтардың киіз үйдің түндігін желпілдетіп кететіні әлі күнге дейін көз алдымда. Ұшақтың ажылдаған даусынан желідегі құлындар құлақтарын қайшылап, үрпиісіп қалатын. Батыс жақтан ауық-ауық күннің күркіріне ұқсас дыбыс алыстан талып естіледі.
1944-1945 жылдар. Ол кезде сегіз-тоғыз жастағы баламыз. Біз қатарлы балалар шаруадағы аналарының қасында еріп жүретін. Қыста мал суарысып, малға пішен салысып, ауланың қарын күреп, үлкендерге қолғабыс беретін. Пішен шабу науқаны кезінде мая басына түйеге жегіп шөмеле таситын. Ересектеу балалар жазатайым жұмысқа шықпай қалса, бригадир оларды балағаттап, қамшы үйіруге дейін баратын. Соғыс жағдайында тәртіп қатаң, мұндай әрекетке пәлендей мән берілмейтін. Соғыс зардабына жететін зардап жоқ шығар. Аш құрсақ болғанымыз да рас, жалаңаш болғанымыз да өтірік емес. Бірақ елдегі адамдар ондай-ондай қарын аштығына рухани тоқшылықты, киімнің жыртығына мақсат бүтіндігін қарсы қоя білді.
Осындай қиямет-қайым қиындықтарды жеңе білген кешегі тыл еңбеккерлерінің бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Жаңылмасам, Жеңістің 55 жылдығына дейін тыл ардагерлері арнайы есепке алынатын. Оларды соғыс ардагерлері қатарына қосып, «Соғыс ардагері» деген төсбелгісін де берді. Жолдама беріп, санаторийге жіберетін. Ал бүгінде мереке күндері «соғыс және тыл ардагерлері» деп қосып аталғанға риза. Тыл ардагерлері мақтаншылықтан аулақ жандар. «Соғыс жылдарында еңбек еттік, жоқшылық көрдік, жан азабын тарттық» деп кеудемсоқтанып, ешкімге міндетсімейді. Біреуге алақан жайып жалынбай, еңкейіп құлдық ұрмай-ақ, қанағатшыл болмысымен өмірден өтіп жатқандары да аз емес.
«Тыл ардагерлеріне жолдама, пәтер беріліпті не үйін жөндеп беріпті» дегенді естімеппіз. Оларға берілетін жәрдем мөлшері де жартусыз. Тыл еңбеккерлерінің еңбекқорлық, елжандылық, отаншылдық қасиеттерін дәріптеп, жас ұрпаққа үлгі ету жағы әлі де кемшін. Ыңғайын тауып, ұйымдастыра білсе, жастарды қазақстандық патриотизмге баулудың бұл да бір жолы емес пе?
«Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді» деген болатын хас батырымыз Бауыржан Момышұлы. Бұдан бірер жыл бұрын Ресейдің «Ветеран» газетінде бір топ ардагерлердің тылда еңбек еткендердің құқығын соғысқа қатысқандардікімен теңестіру туралы пікірін оқығаным бар. Соғыс ардагерлерінің санатына қоспағанмен, оларға деген әлеуметтік қамқорлық аясын кеңейту қажет-ақ.
Мұны жергілікті құзыретті орындар Үкімет алдына мәселе етіп қоюға болмас па еді? Бұл күндері тыл ардагерлерінің жасы да – соңы сексеннің сеңгіріне, алды тоқсанның төріне таяп, қатарлары селдіреп қалды ғой…

Құмарғали ҒАБДЕШҰЛЫ,
ардагер журналист.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*