ТУҒАН ЖЕРДІҢ ІЛТИПАТЫ

Міне, Қазақ хандығының 550, Ұлы Жеңістің 70 және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мерекелері аясында Жылыой ауданының әкімі Мақсым Ізбасов Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және осы өңірде туған, ұзақ жыл жемісті жұмыс жасаған әртүрлі сала өкілдеріне «Жылыой ауданының Құрметті азаматы» атағын салтанатты түрде тапсырды.

Марапатталғандар қатарында еңбек жолын Биікжал мұнай-газ барлау экспедициясында бастаған, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, геология-минералогия ғылымдарының докторы Балтабек Қуандықов та бар. Кең Жылыойдан қанаттанып, Геология министрінің орынбасары, «Қазақойл» ұлттық компаниясының президенті қызметтерін атқарған азамат жерлестерінің лайықты марапатына ие болды.

– Біз атақ алу үшін жұмыс жасағанымыз жоқ,  – деді ол салтанат сәтінде, – әйтсе де, азды-көпті еңбегіміз жылыойлықтар тарапынан жоғары бағасын алып жатса, ол – үлкен құрметтің көрінісі. Сондықтан,  зор алғысымды айтамын.

Сөз ретінде айта кетсек, Биікжалдағы СГ-2 бұрғылау қондырғысы сонау кеңестік кезде ең терең ұңғымалардың қатарында саналған. Бүгінде мұнда еңбек еткендердің де, оның тарихын жан-жақты білетіндердің де қатары сиреген. Сондықтан, байырғы бұрғышылар Болат Өтебаев пен Мұрат Ильясовтың да «Жылыой ауданының Құрметті азаматы» атағын алуы – өте құптарлық.

Бүгінде Атырау жылу-электр орталығының президенті Мұхамбетқали Қалиев – Қосшағыл кентінің перзенті. Қызмет бабына байланысты туған жерінен жырақта жүргеніне қырық жылдан асса да, аудандық «Кең Жылой» газетін жаздырып оқитын атыраулық оқырман. Өскен ортасын есінен еш уақытта шығармаған, онымен байланысын үзбеген жан. Міне, оған да «Жылыой ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Бұқара мен биліктің арасындағы алтын көпір иесі журналистер қауымының атақ пен марапатқа ие болуы сирек кездеседі. Бұл жолы қарымды қаламгерлер Қаржаубай Сұлтанғалиев, Жоламан Бошалақов, Қаржау Оразбаев, Құттыгерей Смадияров осы құрметті атаққа ие болды. Солардың қатарында өзіміздің әріптесіміз – облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов те «Жылыой ауданының Құрметті азаматы» атанды. 

Осы өңірдегі Қаратон кентінде туып-өскен Исатай Құндызбайұлы   экономика, мұнай тақырыбына тұрақты қалам тербеп келеді. «Теңізшевройл» компаниясы ұйымдастырып жүрген журналистердің облыстық конкурсының  бас жүлдесін екі дүркін жеңіп алды. Тұтас облыстың, соның ішінде Жылыой ауданының экологиялық мәселелерін көтерген сериялы материалдары үшін 1990 жылы Қазақстан Журналистер Одағының сыйлығын алса, соңғы кезде журналистика және мәдени-рухани саладағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Қазақстанның Құрметті журналисі және Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері атағын иеленді. Бірақ, оның өзі айтқанындай, туған жердің құрмет-ілтипатынан артық не бар?..

                                                                                           М.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.    

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*