Құтты қоныс – Қызыл үй

Содан берідегі уақыт көшіндегі Қызыл үй де елдегі өзгерістердің куәгері. 1957 жылы Чапаев атындағы совхоз құрылғанда ферма орталығына айналды. Осыннан орденді Хатима Дайырова сынды үздік ферма меңгерушісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Батан Ыбыраев, орден-медальдар таққан Мұқси Досқалиев, Шәріп Сыдихов, Қабес Уахитовтай ондаған еңбек майталмандары шықты. Нарықтық қатынастарға көшкен уақытта жиек пен құм өңірін қоныстанған елге ортақ орталық болды. Қазіргі уақытта Исатай ауданының Тұщықұдық ауылдық округі бойынша ресми тіркелген ондаған шаруа қожалығының дені осы Қызыл үй мен Айбас аумағына орналасқан.

Құтты қоныс – Қызыл үй

Өңірде ауыл шаруашылығын өркендетудегі ұрпақтар сабақтастығының сақталуы – мақтаныш. Осындағы  шаруа қожалықтарының өрісті малға толтырып отырғаны сөзімізге дәлел. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Туған жер» жобасы аясында жақында өткен «Менің ауылым» мәдени жобасының шарасы көптің көңілінен шықты.

Ескерткіш  елді қуантты

Алғашқы рәсім ауылды жанай өтіп, анау Айбасты маңдайға ала жосылып жатқан айдау жолға таяу орнатылған ескерткіш белгінің ашылуы болды. Бұл белгіні қоюшылар – осыдан 55 жыл бұрын Қызыл үйдегі Қызыл төбе бастауыш мектебінің бірінші сыныбына барғандар екен.

Елдің тарихын насихаттап, азаматтарды туған жерге тарту үшін ауылдастар болып бастама көтерген болатынбыз. Соның нәтижесі ретінде «Менің ауылым» мәдени жобасы бастау алды, – дейді Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Мәди Өтеғалиев.

– 1963 жылы Қызыл төбе бастауыш мектебінің бірінші класына барған оқушылар – қазір ата мен әже. Сол жігіттердің, қыздардың ұйымшылдығымен, қолұшын беріп, қолдаған азаматтардың арқасында белгіні орнаттық, қош келдіңіздер, – дейді түлектер өкілі Айғали Аққалиев.

Ауылға ауыз су келді

Қуаныштың үлкені – мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасы арқылы жүзеге асқан іс – елді мекенге су тарту қондырғысы мен ауылішілік су желісі құрылысының пайдалануға берілуі.

Қазіргі кезде Елбасының саясаты арқасында әрбір ауылға үлкен қолдаулар жасалуда. Қызыл үй елді мекеніне таза ауыз су құбыры жеткізіліп, пайдалануға берілгелі отыр.  Тағы бір үлкен мәселе – табиғи газ жеткізу үшін жобалау-сметалық құжаттары дайындалу үстінде. Құжаттарын жасақтауды биыл бітірсек, келесі жылы құрылыс жұмыстарын бастаймыз деген үміттеміз. Жалпы Қызыл үй мен Жасқайрат елді мекендерін газдандыру – облыстағы инвестициялық жобалар қатарына еніп тұрған жұмыстар, – деді аудан әкімі Марат Мұрзиев.

Аудан басшысы Қызыл үй негізгі мектебінің жаңа типтегі қос қабатты ғимаратының құрылысы жылдың соңына дейін аяқталып, пайдалануға берілетіндігін  айтты.

Құтты қоныс – Қызылjpg

«Бәйгетөбедегі» бәсеке

Ауылдан қозы көш жердегі  «Бәйгетөбе» басына халық көп жиналды. Алдымен үш шақырымдық жарыс жолына желаяқтар шықты. Шақырайған күн астындағы шаңдақ жолда сыр бермей жүгіріп өту де оңай емес-ті. Сөйтіп, тәуекелдің таралғысын шірене тартқан 14 желаяқтың арасынан мәре сызығын алғашқы болып Дінмұхаммед Қилымов қиды. Ал, екінші болып Бейбарыс Әділжанов кесіп өтсе, үшінші болып Айбол Бейсенов келді.

Үш шақырымдық атан жарыста Мүсілім Нұреденовтің Қоңыр атаны мен Есболат Әбілхайыровтың Сары атаны суырылып алға шыққан шаруаның ауырына жексе де, шыжыған ыстықта таңдайы кепсе де қыңқ демейтін жануарлар шаңы бұрқыраған жарыс жолын әп-сәтте айналып келе қалды. Бас жүлде Сары атанның қанжығасында кетті. Қоңыр атан екінші жүлдені қанағат етті.

Көпшіліктің  делебесін қоздырып, қиқуға бастырған 21 шақырымдық ат бәйгесіне жарыс талабы бойынша тек Тұщықұдық ауылдық округінің шабандоздары қатысуы тиісті еді. Ауыздығымен алысқан он үш ат сап түзеп, жарыс жолына шықты. Жиналғандар асыға күткен жетінші айналысты соңғы топтан суырылып шығып, бесінші айналыста алғашқы бестікке екінші болып енген Меңдіқұл Аққуатовтың 19 нөмірлі 5 жасар Қараторы аты мәре сызығын бірінші болып қиды (1-орын демеушісі – Атырау облысының Құрметті азаматы, Чапаев атындағы совхозды жеті жыл басқарған Жанай Беркалиевтің және «Руслан» шаруа қожалығының атынан ұлы Жасұлан Беркалиев).

Түйін

Уақыт түске еңкейген шақта «Қызыл үй – құтты мекенім» атты салтанатты шараға ұласты. Жиналғандарды аудан әкімі құттықтап, еңбек ардагерлерінің бір тобына Алғыс хат ұсынды. Бір топ ауыл ардагерлері мен шаруагерлер «Ауыл еңбегі үшін» медалін иеленді.

Арқан тартыс, кір тасын көтеру, қазақ күресі, түйе палуандар белдесуі, қой көтеру сияқты ұлттық-спорттық ойындар да жүріп, жүлдегерлері марапатталған, ат бәйгесі мен атан жарысы жеңімпаздары да сахна төрінде ұлығыланған шара соңы көркемөнерпаздар концертімен қорытындыланды.

            Жоламан ДӘУЛЕТИЯР.

Суреттерді түсірген Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ.

Исатай ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*