«Тост айтайын, батаңды білмеймін…»

Қонақтықта отырмыз. Шай ішіліп болған сәтте үй иесі төрде отырған ақсақалдан бата сұрады. Ол өз кезегінде «алыстан келген ағаңның жолы ғой, шырағым, сол білдірсін тілегін» деп еді, жасы алпысты алқымдап қалған ел ағасы батадан бейхабар болып шықты. «Біздікі тост болмаса» деп, әйтеуір бір нәрсе айтқандай болды.

Осы күні қит етсе, жастар кінәлі, жастар бұзылған деуге әуес-ақпыз. Ал, арбаның алдыңғы дөңгелегінің бәрі бірдей түзу жүріп бара жатпағанын естен шығарып аламыз.

image

«Әже, мен бір нан алайын деп едім, өтіп кетсем бола ма?» Супермаркеттегі кішкентай қыздың бір ауыз сөзіне шамданып қалған сары шашты әжей:  «Мені немерелерім де «әжека» деп анда-санда айтады, әжесі несі, өз бабушкаңа айтарсың» деп шарт ете қалды. Сөйтіп, кассадағы қыз жетпіс жастан әлдеқашан асып кеткен егде кісіге «апай» деп, сауда жасап жатты.

Бізден бір қабат жоғары тұратын бұл отбасыға біз қызыға қарайтынбыз. Кеше анасы қайтқалы көптен көрмеген ұлын көріп, амандық-саулық сұрасып ем: «Апа, анам кеткелі әкем өзгерді. «Қырқын өткіздік, енді маған қатын әперіңдер» дейтінді шығарды» дейді. «Қамсыз қарттығын ойлаған болар, қасында қара болар бір адамның болғаны да жақсы емес пе?» деп ем, «Жо, ол жастау біреу керек деп күйдіріп отыр» демесі бар ма?

Көпке топырақ шаша алмаспыз. Десек те, бұрынғының батагөй, ұрпақ тәрбиесін ұлттық дәстүрмен ұштастырар, қисса-дастанын жатқа соғар жандардың саусақпен санарлық болып бара жатқаны қынжылтады.

Сәбила ЖҮГІНІСОВА,

Балықшы кенті.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*