ТӨЛ ТЕҢГЕМІЗ ТҰҒЫРЛЫ БОЛСЫН!..

Осы мереке қарсаңында ҚР Ұлттық Банкі Атырау филиалының директоры Қозыбақ Құлбарақовқа хабарласқанбыз.

– Қозыбақ Әбуұлы, төл теңгеміздің өткені тарихқа айналып бара жатқанымен, айналымға шыққан алғашқы жылды тағы бір еске алайықшы.

– Сіз білесіз бе, сонау жаугершілік жылдары бір ел екіншісіне басқыншылық жасап, өз атынан ақша шығару жөнінде талап қойғанда, жеңілген жағы көнбейді екен. Өйткені, төл ақшасынан айырылу – мемлекеттігін мүлдем жоғалту. Міне, сондай түсінік болған. Сондықтан, әр ел өз валютасын бағалайды, оны аяқасты етпейді.

Иә, сонау 1993 жыл есімізде. Ол кезде облыс басшысы Сағат Түгелбаев еді. Мемлекеттік банктің облыстық кеңсесіне Б.Ысқақов жетекшілік ететін. Үлкен ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Қысқа мерзімде 1961-1992 жылдардың банкнот үлгісіндегі 19,4 млрд. рубль айналымнан шығарылып, 38,8 млн. теңгемен ауыстырылды. Әсіресе, екінші деңгейдегі банк филиалдары басшылары А.Бекешев, Қ.Құрманғалиев, Ғ.Мыңбаев, Қ.Мырзабаева, М.Бұқтыбаев, Қ.Дүйсенова, Б.Тоқмамбетов, А.Мырзағалиев, Б.Сабыров ұжымды екі-үш ауысымда жұмыс жасауға жұмылдырды. Сонымен қатар, бүгінгі мерекеде аймақтық және аудандағы банк саласында ұзақ жыл жемісті еңбек еткен С.Мұқанов, Қ.Төребаев, Ш.Қанатов, Р.Жәрдемов, К.Сариева, Қ.Тәшекенов, Ғ.Шахманов, А.Мәдиева, Қ.Суфальдияров, Н.Зияшев, Р.Есқайыров, Р.Мұхамбетова, Р.Уайысова, М.Аязғалиева, Б.Сүйінов, С.Шегірекова есімдерін атар едім.

Кейінгі толқын жетілді. Оларға ағалық ақылын айтып, бағыт берген О.Кенжетаев пен А.Шолақов еңбектерін әріптестері әркез жылы сезіммен еске алады. Бүгінде А.Ибраева, А.Қабесов, А.Сағынбаева, А.Аққұлова, Н.Құрамбаева, М.Сағындықова, З.Сұңғатова сынды мамандар жұмыс жасауда. Ал, екінші деңгейдегі банкілердің облыстағы филиалдарын М.Ищанова, Р.Тұяқбаева, Т.Жахамбетов, Қ.Зинеденов, Ж.Сәрсенбаев, А.Байнекеева, М.Мұстажапов, Н.Құрман. М.Қанатов жетекшілік етеді.

– Сол сын шақта өзіңіз қайда болдыңыз?

– Мен арнайы құрылған сыртқы экономикалық байланыстар банкі бөлімшесінде қызмет атқардым. Кейінірек, яғни 1994 жылдың наурызында «Әлем Банк Қазақстан» Атырау облыстық басқармасының бастығы Ғабит Нұрғалиұлы Мыңбаев балама негізде алты үміткердің ішінен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған соң осы кісінің орнын бастым. Марқұм Ғабекең сыртқы экономкалық байланысты ұйымдастыруда, валюта нарығын қалыптастыруда зор еңбек сіңірген азамат еді. Ал, мен өзімнің бұдан 22 жыл бұрын тәуелсіздігіміздің белгісі – теңгеміздің айналымға енгізілуіне қатысып, азды-көпті үлес қосқанымды мақтан тұтамын.

– Үстіміздегі жылдың 11 ақпанында Елбасының ипотекалық несие алушыларды қолдау туралы берген тапсырмасы қалай жүзеге асуда?

– Бұл бағытта ҚР Ұлттық Банкі 130 млрд. теңге бөлді. Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы енгізілді. Ол жеке тұлғалардың 2004-2009 жылдар аралығында алған ипотекалық тұрғын үй және басқа да осындай қарыздарын өтеуді жұмсартуға бағытталған. Бағдарлама, алдымен, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкерлерге, ипотекалық тұрғын үй және басқа да осындай қарыздарын шетелдік немесе ұлттық валютада алғандарға, мерзімі өткен берешектері барларға арналған. Сонымен қатар, қайта қаржыландыруға заңды күшіне енген сот актілері бар ипотекалық тұрғын үй және басқа да осындай қарыздар кіреді.

Осыған орай жеке тұлғалардың ипотекалық қарыздарын қайта қаржыландыру тоғыз екінші деңгейдегі банкі арқылы жүзеге асуда. Демек, 2004-2009 жылдар аралығында ипотекалық тұрғын үй және басқа да осындай несие алып, оны төлей алмай жүргендер облыстағы филиалдарға өтініш беруіне болады. Әркім жедел жұмыстануы, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекті алып қалуы қажет. Ал, банктерге барғанда қиындық туып жатса, облыстық әкімдік жанындағы комиссияға шағымдануға болады. Биылғы 6 қарашадағы есеппен 428 өтінім беріліп, оның 214-і бойынша қайта қаржыландыруға оң шешім қабылданды.

– Тағы бір мәселе теңгенің айырбастау бағамын еркіндікке жіберуге байланысты туындауда. Халықтың банкілерде сақтаулы азды-көпті қаражаты бар емес пе?

– Бұл бағытта Елбасының берген нақты тапсырмасы бар. Соған сәйкес ҚР Ұлттық Банкі жеке тұлғалардың ұлттық валютада ашылған депозиттері бойынша бағамдық айырманы төлеу тәртібін бекітті. Демек, біріншіден, 2015 жылғы 18 тамыздағы жағдай бойынша жеке тұлғаның банк шотындағы салым қалдығы бір миллион теңгеден аспауы тиіс.

Екіншіден, бағамдық айырманы алу үшін салымшы депозитті арнайы шотта кемінде бір жыл сақтауға міндеттенеді.

Үшіншіден, өтемақы алу үшін салымшылар 2015 жылғы 1 желтоқсанға дейін банкке өз депозиттерін қайта рәсімдеу үшін өтініш жасауы керек. Міне, осы талаптың аймақта орындалуы нашар. Мәселен, облыстағы 17 банк филиалында өтемақыға жататын жеке тұлғалардың 26857 мерзімдік салымдары бар. Соның биылғы 6 қарашадағы есеппен тек 2113-і ғана қайта рәсімдеу шартын жасаған. Демек, небәрі сегіз-ақ пайыз. Өзгелері не бітіріп отыр? Уақыт тым аз қалды. Өздерінің тиісті ақшалары үшін басын ауыртпай ма?

– Бүгінде ескі үлгідегі 2000, 5000 және 10000 теңгелік банкноттар жаңасымен бірге айналымда жүр. Олар қашан ауыстырылып бітеді?

– Жалпы, ҚР Ұлттық Банкі ескі үлгідегі банкноттарды жаңаларымен ара-тұра ауыстырып тұрады. Сондықтан, 2006 және 2012 жылғы үлгідегі банкноттардың қатар айналымда болу уақыты 2015 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленген. Қазір екінші деңгейдегі банк филиалдарына 2006 жылғы үлгідегі банкноттарды беру тоқтатылды. Ал, бұлар жеке азаматтардың қолында жинақталып қалса, тезірек ауыстыруға тырысқандары жөн.

Сонымен қатар, айналымнан алынған 200 және 500 (1999 жылғы), 1000 және 2000 (2000 жылғы), 5000 (1999-2001 жылдардағы), 10000 (2003 жылғы) теңгелер төлем құжаты ретінде күшін жойды. Олар 2018 жылғы 14 қарашаға дейін Ұлттық Банкінің аймақтық филиалдарында қабылданады және түпнұсқасы расталған соң қолданыстағы ұлттық валютамен ауыстырылады.

Сөз соңында барлық әріптестерімді ұлттық валютамыз – теңгенің айналымға енуінің 22 жылдығымен құттықтаймын. Осы жолда талмай еңбек сіңірген ардагерлеріміз аман болсын. Елімізге тыныштық пен тұрақтылық, төл теңгеміздің төрден орын алуын тілеймін.

 

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*