ТОҚСАН ЖАСЫНДА МАЙОР АТАНДЫ

– Бұдан кейін Отанымызға фашистік Германия тұтқиылдан шабуыл жасап, адамзатқа қайғы мен қасірет әкелген Ұлы Отан соғысы басталды. Қан майданда осы полкте 1941 жылдың шілде айының аяғына дейін болып, жаумен арпалысқан сұрапыл күндерді бастан кешірдім. Содан соң 95-ші шекарашылар полкіне ауыстырылып, онда полк командирінің көмекшісі қызметін атқардым. Кейін Бірінші Украина майданында 17-ші шекарашылар полкінде бөлім командирі қызметіне тағайындалдым. Батыс Украина, Венгрия, Румыния шекараларын жаудан азат ету үшін 38-ші шекарашылар полкінде взвод командирі болдым. Жауды өз ұясында талқандап, Ұлы Жеңіс күнін Берлин қаласында қарсы алдық. Көптеген қарулас достарымнан айырылдым. Берлинде әрбір көше, әрбір үй үшін кескілескен қанды шайқастар жүрді. Бірақ, бізді жарқын болашаққа деген сенім, Отанға деген сүйіспеншілік сезімі жігерлендіріп, жанымызға қажыр-қайрат берді. Берлин қаласында 1946 жылдың мамыр айына дейін болып, полкте бөлім командирі міндетін атқардым. Туған жерге 1946 жылдың тамыз айының аяғында күзге қарай оралдым, – дейді қарт майдангер ата бізбен әңгімесінде.
Қалихан Мұхтаров 1947 жылдың күзінде Жылыой аудандық ішкі істер бөліміне қызметке орналасып, осы салада 1965 жылға дейін еңбек етеді. Кейіннен кіндік қаны тамған өлкеге оралып, сол кездегі Комсомол кеңшарында директордың орынбасары, кадр бөлімінің маманы, цех бастығы қызметтерін атқарады.
Қалихан ата – Күләш шешемен бірге төрт қыз, бір ұлды дүниеге әкеліп, бақытты шаңырақ иесі атанған жан. Бұл күнде өз ұрпағынан көрген үш немере мен он төрт жиенінің қызығына бөленген мәуелі бәйтерек. Қалихан ата қартайған шағында жазылып жастық, иіліп төсек болып отырған жалғыз ұлы Ғалымжан мен келіні Алмагүлдің арқасында алаңсыз ғұмыр кешуде. Майдангер – Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Қарт жауынгерге Ұлы Жеңістің мерейтойына орай Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен «Полиция майоры» атағы берілген.
– «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» деген. Қазір «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» туды. Енді немерем Қайраттың үйленгенін көрсем, – дейді Қалихан ата күлімсіреп.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*