ТОЙЛАРЫМЫЗ «ШОУҒА» АЙНАЛЫП БАРА ЖАТҚАН ЖОҚ ПА?

Ал, қазір ана тойға барсаң да еститінің сол сөздер, мына тойға барсаң да еститінің сол сөздер, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай: «…Қолымызды соғайық, мойнымызды бұрайық!» дегендей, арасында «шапалақ, шапалақ!» деп қояды. Жазылған бір сценарий, тек адамдарының ғана аттары өзгертілген.
Қазіргі асабалардың көбінің тойды даңғаза у-шуға, «шоуға» ұластырып басқаратынына қынжыласың. Тойға келген ағайын, мүмкіндік болса, өзінің ақ тілегін айтып, жақсы ән-күй тыңдап, бір сәт көңіл көтеріп, би билеп, той қуанышын үй иесімен бірге бөлісу үшін келеді емес пе? Шындығы керек, қазіргі тойларға барсаң, аздан соң үйіңе кетуге асығасың. Оның себебі, той басқарып тұрған «шикі өкпе» асабалардың көбінің (әрине, бәрін демей-ақ қояйын) сөз сөйлеу мәдениеті төмен, қазақтың ауыз әдебиетінің інжу-маржаны – өсиет сөздері мен мақал-мәтелдерін білмейді. Әрі домбырамен асқақтатып жеке ән салатын, халықты өзіне тамсандыратын өнерлері жоқ. Тіл байлықтары төмен. Оған дәлел, көбісі: «…гүл шықсын, қолдарыңа жүн шықсын» деп айқайлайды кеп. Бұл не сөз? Тіпті, кейбіреулері ойын ұйымдастыруға ортаға үлкен-кіші, жастарды шақырып алып, халықты күлдірейін деп олардың киген киімдеріне, жүрісіне, бет әлпетіне «тиіседі». Тіпті, өрімдей жас қыздарға: – «Күйеуің бар ма?», «Жасың нешеде?», «Күйеуге тидің бе?», «Сен мынауыңмен вообще күйеуге тимейсің!» деп әжуалайды. Бұл мәдениетсіздік емей, немене?
Қазіргі асабалардың бірқатары тойларды «КВН» жүргізушілері сияқты басқарып жүр. Ортаға бір-екі жұпты билеуге шақырып алып, «өй!..өй!» деп біреу буындырып, қылғындырып жатқандай, өңеші үзілгенше бақырып, отырғандарды жікке бөліп, «Шеркеш», «Беріш», «Адай», «Таз», «Ысық», «Жаппас» деп рулардың атын атап, «бармысыңдар?» деп айқайлайды.
Тағы бір айтайын дегенім, «Беташар» төңірегіндегі мәселелер. Ата-бабамыз салт-дәстүрінде келіннің «бетін ашу» рәсімі – тойдың ажарлы да базарлы, мәнді де сәнді көрінісін беретін сәт. Қазақта «келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деген нақыл сөз бар. Өйткені, «Беташарды» айтушы өзінің ұлағатты өсиет сөздерін жас келінге арнап, бірден тойдың көркін қыздырып жіберуі керек. Әрине, ол елге белгілі, үлкен жыршы, ақын немесе домбырамен әнін өзі сүйемелдей алатын өнер иесі болса тіпті жақсы. Әйтеуір, қазақтың қара домбырасымен келіннің бетін ашу – шарт. Бұл – атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүр! Ал, қазір ше? Кейінгі уақыттарда асабалар «үй иесінің сұрауы бойынша» деп алып, келіннің бетін өздері домбырасыз фонограмамен ашып жүр. Басқаға қайдам, өзіме ұнамайды. Ата салтымызда бұлай емес еді.
Міне, бұл – менің той басқарудағы асабалық өнер жайлы көкейімде жүрген ой-пікірлерім. Айтайын дегенім, «Сын түзелмей, мін түзелмес» деген, бұл «кәсіптен» өздеріне нәпақа тауып, нәсіп етіп жүрген жастарымыз асабалық өнерге үлкен мән беріп, өздерінің сөз сөйлеу мәдениетіне үлкен жауапкершілікпен қарағандары дұрыс. Өйткені, дәл сол күні сенің бойыңдағы осындай бар өнеріңе баға беретін алдыңда – өз көрерменің, өзіңді сынар – тойшыл халқың отырғанын ұмытпағайсың!

Нәсіпқали ТӨЛЕГЕНОВ,
Д.Нұрпейісова атындағы Халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің оқытушысы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*