«Өткенді таразылау – өзекті міндет»

xangeldi– Бұл ретте, тарих ғылымындағы ілгерілеу мен ізденістің өрлеуіне президенттік фактор соны серпін бергені белгілі. Осы тақырыпты тарқата түссеңіз.
– Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың ұлт тарихына ерекше ілтипаты туралы тоқталар болсақ, ол қашанда тарих тағылымын алға тарта сөйлеуді дәстүрге айналдырған. Тәуелсіздігіміз жарияланған күннің ертеңінде: «Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін. Сенімнен айырылмайық, бауырларым!» – деген еді. Елбасының Жарлығымен 1997 жыл саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жарияланса, 1998 жыл ұлт тарихы жылы деп жарияланғаны белгілі. Мұның сыртында Президент қаламынан туған «Тарих толқынында», «Ғасырлар тоғысында», «Еуразия жүрегінде», «Қазақстан жолы» кітаптары халықтың тарихи санасын қалыптастыруға игі әсер етті, әрі тарихи зерттеулердің заманауи методологиясын түзуге септесті.
Президенттік фактордың мейлінше жарқырай көрінген саласы – «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы. 2004-2011 жылдар аралығында жүзеге асқан осынау бағдарламаның тарих ғылымына салған олжасы ұлан-ғайыр. Ежелгі дәуірден ХХІ ғасыр басына дейінгі тарихи үдерісті бедерлеген деректер, жәдігерлер, құнды ақпараттар дүниенің төрт бұрышынан ағылды. Зерттеушілердің әлеуметтік-кәсіби есеюі көз алдымызда жүріп жатты. Бес ғасырдан астам тарихы бар Қазақ мемлекетінің шежіресінде бұрын-соңды мұндай ауқымды, нәтижелі, мақсатты рухани-практикалық және ғылыми-танымдық ізденіс орын алмағаны күмәнсіз ақиқат. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуы – тәуелсіз Қазақстанның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар мақтанышы. ЮНЕСКО тарапынан да бұл дүниеде сирек кездесетін жоба, басқа елдерге де өнеге болатын құжат деп белгіленді.
Әлемдік және отандық тарихтың сабақтарын тереңнен толғаудың тамаша үлгісі – Елбасымыздың «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауы.
– Жалпы, осы тұста отандық тарих ғылымының әлеуетін арттыруда, қоғамға ықпалын еселеуде сала мамандарының рөлі айрықша екені сөзсіз. Сіз қазіргі ахуалды қалай бағалар едіңіз?
– Азаттықтың 20 жылы ішінде тарихшы ғалымдардың айтулы шоғыры республикамыздың барлық өңірінде қалыптасты. 200-ге жуық ізденуші түрлі мамандық бойынша тарих ғылымдарының докторы, 1000-ға тарта адам тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алуға диссертациялар қорғады. Кезінде ғылым докторын облыс орталықтарындағы жоғары оқу орындарынан көру қиын болатын. Бүгінгі ахуал көш ілгері.
– Тарих тақырыбын қайта зерделеу, оқулықтарды қайта жазу туралы мәселе Елбасының Жолдауында айтылған маңызды жайттардың бірі болды.
– Иә, расында да Қазақстан тарихын ғылыми танудың өтпелі кезеңі аяқталып, сапалық жаңа сатыға көтерілгенін айшықтаған екі бетбұрысты сәтті ерекше айтатын уақыт келді. Бірі – Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласы, екіншісі – 2012 жылғы 14 желтоқсанда жариялаған «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауы. Бағдарламалық мақалада тарих оқулықтарын ең биік талаптарға лайықтап жазуға тапсырма берілсе, Жолдау инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясатын паш етті, ұлттың тарихи санасын қалыптастыруды, бүкілқазақстандық бірегейлікті халқымыздың тарихи санасының өзегіне айналдыруды жаңа патриотизмнің алғышарты ретінде айрықша атап өтті. Осылардың әрқайсысында ұлттық интеллигенцияның рөлі жоғары екені қаперге салынды. «Интеллигенция, – деді Елбасымыз, – қалыптасқан мемлекет кезеңінде жаңа жалпыұлттық құндылықтар жасауда алдыңғы қатарлы күш болуы керек. Олар заманға сай және болашаққа құлшынысты болуға тиіс».
– Демек, тарих ғылымы өтпелі дәуірді артта қалдырды. Тарих тағылымы мен тәлімін замана талабына сай кәдеге жарату жөнінде қандай ұсыныс білдірер едіңіз?
– Қазақстанда тарихты оқыту, зерттеу, насихаттау мемлекеттік саясат пен практикадан бір сәт тыс қалған емес, жинақталған тәжірибе де баршылық. Десек те, кадрлық-ұйымдық мәселеде тарихтан PhD даярлау қарқыны өте төмен. Егер осылай жалғаса берсе, 10-15 жылдан кейін жоғары оқу орындары мен Ғылыми-зерттеу институттарында қызмет істейтіндердің негізгі денін магистрлар құрауы әбден мүмкін.
Білім және ғылым министрлігінің қаперіне саларымыз: Қазақстанда антрополог мамандарды даярлау тоқтады. Ертең қаңқасы табыла қалған тарихи тұлғаларымыздың бейнесін қалай қалпына келтіреміз? Антрополог мамандығын игеру үшін алдымен биология немесе медицина факультетін бітіру керек. Ал, мұндай бакалавр ешқашан тарих факультетіне магистратураға қабылданбайды. Ереже рұқсат етпейді. Қысқасы, тарих ғылымының тұтас саласы жабылу қарсаңында.
Ал, оқытудағы бөгет – жоғары оқу орындарында педагогикалық жүктеменің шамадан тыс көптігі. Кредиттік жүйеде ол 350 сағаттан аспайды деген сөзді ғасыр басындағы Білім және ғылым министрінің аузынан естіген едік. Іс жүзінде 700 сағаттан кем түспей тұр. Нәтижесінде оқытушы 6-7 пәннен дәріс оқуға мәжбүр. Бұған айлығы төмен оқытушының қосымша жұмысқа жегілуін, толтыратын, жазатын қаптаған қағаздарын қосыңыз. Тап қазір студентке сапалы тарихи білім беру осы себепті қиынға соғуда.
Енді зерттеулер туралы. Тарихтан ғылыми-зерттеу институттары екі қалада ғана – Астана мен Алматыда шоғырланған. Ал, облыстардағы ғылыми-интеллектуалдық әлеуетті игі іске жұмылдыру үшін жергілікті билік қолдауы қажет екенін, әрі ол тамаша нәтижелермен көмкерілетінін Қарағанды, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан өңірлерінің тәжірибесі көрсетіп отыр.
«Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру барысында республикалық және жергілікті қоғамдық кеңестер құрылған еді. Оған билік өкілдері, ғалымдар, мамандар кірді. Сол тәжірибені қайта жандандыру керек сияқты. Мәселен, Мемлекеттік хатшы жанынан, облыстық, қалалық әкімдер жанынан ұлт тарихы бойынша қоғамдық кеңестер құрылып, билік пен ғалымдар қауымының ізденісін үйлестірсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Жалпытарихты зерттейтін қазақстандық ғалымдардың ізденістері үйлестірілмей отыр. Мұнсыз ежелгі және орта ғасырлар, жаңа дәуір мен қазіргі заман бойынша әлем тарихының оқулықтарын жазу қиынға соғады. Бөтеннің оқулықтарымен жастарымызды оқыту жарға соқтыруы бек мүмкін. Мәселені оңтайлы шешудің бірінші қадамы ретінде іргелі оқу орындарының бірінің құрамында жалпытарих бойынша бастамашыл-ұйымдық орталық құрғанды жөн санаймыз. Уақыт өте келе соның негізінде жалпытарих ғылыми зерттеу институттары ашылып қалар.
– Тарихи білімді насихаттауда іске қосатын мүмкіншіліктер мол екені анық. Мәселен, «Білім», «Мәдениет» телеарналары ақпарат кеңістігінен лайықты орындарын тауып отыр. Осы ретте, тарихшылар тарапынан «арнайы тарих телеарнасын неге ашпасқа?» деген сауал да туындауда.
– Бұл сөздің жаны бар, біздің сала мамандары бекерге айтып жүрген жоқ. Ресейде «Бірінші тарих арнасы» жұмыс істеп тұрғанын әріптестерім жақсы біледі. Сол арқылы архивтер мен кітапханалар қойнауындағы, тарих ғылымы саласындағы, жекелеген зерттеушілер зертханасындағы өзекті ақпараттар, жаңалықтар қалың қауымға жол тартып жатыр. Біздің де азаматтар осындай жұмысты атқара алатынына кәміл сенемін.
Тарихшы ғалымдар инновациялық дамуға бет түзеген Қазақстан халқының рухани-интеллектуалдық кемелденуі мен сұранысына жауап беретін биіктен көрінуге міндетті. Ол үшін білімпаздардың басын біріктіретін, ізденістерін ортақ арнаға тоғыстыратын, интеллектуалдық ұлт қалыптастыруға септесетін бірегей ғылыми жоба қажет. Тап бүгін бұл жауапкершілік жүгін пәнаралық бағдарлама «Ғылыми қазына» аясында 10 томнан тұратын «Отан тарихы» академиялық басылымын даярлау арқалап тұр.
Қазақстан тарихы әр жылдары 1 том, 2 том, 5 том көлемінде жарық көргенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Дайындалу үстіндегі «Отан тарихының» олардан бірнеше ерекшелігі бар. Біріншіден, Қазақстанның, таяу-алыс шетелдердің ғалымдары тартылып отыр. Екіншіден, бұрынғы басылымдарда ашылмаған тақырыптар зерделенуде. Үшіншіден, ұлт тарихына бүгінгі Қазақстан шекарасы аумағында қарау тоқтатылады. Жаңа басылымда Отан тарихы әлемдік тарихтың ажырағысыз әрі құрамдас бөлігі тұрғысынан зерттелмек. Өйткені, Қазақстан ежелден алыс-жақын аймақтармен, құрлықтармен ықпалдастықта тірлік кешкендіктен бәсекеге қабілеттігін шыңдай алды. Сонымен қатар, көптомдық «Отан тарихы» болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылған жұлдызды сәтте жазылмақ. Осынысымен-ақ діттеген межеден шығуға толық мүмкіндік бар.
Көптомдық тарихын жазып жатқан ел жалғыз Қазақстан емес. Әзірбайжандар, татарлар 7 томдық төл тарихын жариялады. Ресей тарихшылары 20 томдық тарихты жазуға кірісті. Үкімет оған 250 млн. рубль бөліп отыр. Армяндар 8 том тарихының алғашқы кітаптарын алды.
Тәуелсіздік пен тарих – тамырлас. Тәуелсіздіксіз тарих оңалмайды, тарихсыз тәуелсіздіктің қадір-қасиеті ашылмайды. Ендеше біздер, тарихшылар, ұлы міндетке сай еңбек етейік.
Әдебиет – ардың ісі деген сөз бар. Ұлт тарихын жазу – ердің ісі. Уақыт артқан міндет үдесінен шығу – баршамыз үшін әрі абырой, әрі жауапкершілігі аса зор тағдыр анықтағыш сәт. Отан тарихын елестен арылтып, ақиқат тұжырымдарымен көмкере білген ғалымдарымыздың жүзі қашанда жарқын. Олар «ер» деген атаққа лайық.
– Мағыналы әңгімеңізге үлкен рахмет!

Сұхбаттасқан:
Гүлжан ӘМІРОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*