«Өтірік те, шындық та – шартты ұғым»

Ұлттық арна қолға алған «Ұлы Дала баласы» жобасы біздің өлкеде шілде айында жүріп өтті. Осы жоба барысында жалпақ жұртқа танымал «Айтуға оңай» әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының жүргізушісі, Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры, Қазақстан Президенті сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері Бейсен Құранбекті  аз-кем әңгімеге тарттық.

%d3%a9%d1%82%d1%96%d1%80%d1%96%d0%ba-%d1%82%d0%b5-%d1%88%d1%8b%d0%bd%d0%b4%d1%8b%d2%9b-%d1%82%d0%b0-%d1%88%d0%b0%d1%80%d1%82%d1%82%d1%8b-%d2%b1%d2%93%d1%8b%d0%bc

Атырауға қош келдіңіз! Жалпы, Атырау деген ұғымды немен ассоциация жасайсыз?

– Батырлықпен. Жалаң, жайдақ батырлық емес, сүйекке біткен, ой мен сөзге біткен батырлық. Махамбеттің жүрегіне, Жұмекеннің ойына, Фариза апамыздың мінезіне көшкен батырлық.

«Ұлы Дала баласы» жобасы туралы аз сөз…

– Бұл – Ұлттық арнаның осы жазғы маусымдағы үлкен жобасы. Тәуелсіздік мерейтойына жасалған тартулардың бірі. Мақсаты – жастарға, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлау.

«Журналистика ауада қалқып тұрған жоқ, ол қоғам барда өмір сүреді. Ал, қоғам оның қан тамырлары кесілгенде тынышталады» деген сөз бар. Қазіргі қазақ журналистикасының бағы мен соры туралы не айтар едіңіз?

– Тұлғалардың кетуі және жаңа тұлғалардың әлі толық қалыптасып бітпеуі осы саланың басты қиындығы деп есептеймін.  Осы аралықта ойландыратын бір  жай – кездейсоқ адамдардың тұлға болып көрінуге ұмтылуы. Әсіресе, әлеуметтік желіде.

Ішкі «меніңіз» қашан қалыптасты? Сіз амбициясы жоғары адамдардың санатынансыз ба?

– Менің  мінезім әкем (атам) қайтқан күні түбірімен өзгерген сияқты. Мен үлкен кісілердің қолында тәрбиелендім. Әкем қайтқан күні енді бәрімен жалғыз күресетінімді түсіндім. Сол күні есейдім. Сол күні ішімде Бейсен Құранбек оянды. Мен үшін амбиция – өз қадіріңді білу.

– Ақиқаттан теперіш көрген кезіңізді еске түсіріп көріңізші…

– Әрбір күн – ақиқаттан теперіш көру немесе ақиқатқа теперіш көрсету. Талай шындықты өз ішіңде тұншықтырасың. Немесе шындықтың ішінде өзің тұншығасың. Бұл – өтірікке тұншығудан жақсы. Өйткені, сенің шындығыңның бәрі өзгенің немесе елдің шындығы бола бермеуі мүмкін ғой. Өтірік те, шындық та – шартты ұғым. Кімнің қалай қабылдауына байланысты нәрсе. Ал, ақиқат жалғыз – бір күні өмірге келгенің және бір күні өлетінің. Ештеңе де мәңгілік емес.

– Қайта-қайта оқитын кітабыңыз бар ма?

– Абайдың «Қара сөздері». «Әр хакім өз хазіретіне жақын тұрады» демекші, Абайды оқыған сайын, қайталап оқыған сайын қазаққа жақындай түсесің. Тамырыңды сезінесің. Қазақша ойлана бастайсың. Қазақ тілінде жазу дегеніміздің бәрі қазақша жазу дегенді білдіре бермейді. Міне, Абай осыған үйретеді. Әлеуметтану, психология, ұлы адамдардың өмір жолдарын оқуға тырысамын. Және ақындарды оқимын. Үйге келген қонақтарға да оқып беріп отырамын.

Жеделдетілген, жеңілдетілген технология заманында өмір сүріп жатырмыз. «Мұның кесірлі тұстары да бар» дегенге келісесіз бе? Мысалы, ақпарат алу үшін көз майыңды сарқып ізденудің түк те қажеті жоқ. Білім алсаң да сол. Өйткені, бәрі ғаламтор бетінде тұр. Бұл біздегі табандылық, қиындықпен бетпе-бет шыңдалу сынды қасиеттерді өлтіріп жатырған жоқ па?

– Дұрыс пікір. Шынында табысқа жетудің бірден-бір жолы табандылық екенін естен шығармауымыз қажет. Ауадан алтын, көбіктен күміс алынбайтыны секілді… Томас Эдисон – шамды ойлап тапқан ғалым. Ол жарықты ойлап таппастан бұрын – халықты жинап алып, мен бүкіл ғимарат пен көшелерді жарық қылатын боламын деп уәде беріпті. Бірнеше жыл өткеннен кейін оны бір адам көріп қалып, «Әлгі шаруаңыз не болды? Жасаймын деп уәде берген едіңіз, жасай алмадыңыз ғой» деп мұрнын шүйіре сұраған екен. Томас: «Он мың рет тәжірибе жасадым, он мың рет сәтсіздікке ұшырадым. Бірақ, әлі жалғастырамын» депті. Жаңағы адам содан кейін, «Қоя салсаңызшы одан да, бәрібір түк шықпайды ғой» десе, «Жоқ, қателесесің. Мен он мың рет қалай жасамау керек екенін білдім. Енді жақын қалдым» деген екен. Расымен де, жарты ай өткеннен кейін Томас жарықты ойлап тапты. Эдисонның бір сөзі бар: «Жұмысты жасар болсаң,  жаныңды сал немесе табандылықпен жаса» деген. Кейде жұмыстан сәл проблемалар шығып қалса, «Мен жарықты ойлап тапқан кезде бірнеше мәселелерді шеше білдім. Сен осыншама ұсақ мәселелердің шешімін таба алмайсың ба?» дейтіндей көрінеді. Сонда өз-өзімнен ұялып кетемін.

– Қазіргі жастардың тележурналистика саласына ұмтылуының себебі неде деп ойлайсыз? Танымал болуға деген құштарлық қаншалықты қауіпті?

– Жауабын өзіңіз де айтып отырсыз. Басты себептің бірі – танымалдыққа құштарлық. Бұл да бізге жаһандану алып келген дерт. Батыс менталитеті. Табыстың басы – танымал болуда деп түсіну. Мұны «жылтыр бет» синдромы деп атайық. Ал, беттің артында не тұр? Кейде, түпсіз қуыс қана. Олардың арасында да дарынды қыз-жігіттер бар. Бірақ, менің ойымша, журналистика өз бетіңнен емес, газет бетінен басталуы  керек. Газет мектебінен өту керек. Біздегі тележурналистиканың көптеген корифейлері өз жолын газеттен бастаған. Бұл оларды пісірді, жетілдірді, ойлай білуге үйретті. Өйткені, журналистика – сөз айту емес, ойлы сөз айту. Ой қорыту. Ойсыз берілген ақпарат – қызыл ақпарат, сары ақпарат, жүйесіз ақпарат.

– Сіз жүргізетін «Айтуға оңай» ток-шоуы – еліміздегі танымал бағдарламалардың бірі. Осы жылдарда «әттеген-айы» болды ма? Жалпы, тақырып Сізді таба ма, әлде керісінше ме?

– «Әттеген-ай» әрқашан да болады. Елдің алып келген шаруасы шешілмей  мұқтажға көмек, мұңайғанға тірек бола алмай қалсақ, бұл – ұжым үшін – ауыр нәрсе. Кейде бір бағдарламаның жүгі айлар бойы жаныңда зілбатпан болып тұрады. Ұмыта алмай, сол аурадан шыға алмай жүресің. Ай сайын мыңдаған хат келіп, жүздеген қоңырау соғылады. Әр хаттың артында адам тағдыры тұрады. Кейде тұтас бір әулеттің, ауылдың, елдің тағдыры тұрады. Оның бәрін бірдей жарыққа алып шығу, бәріне бірдей қолұшын беру мүмкін емес. Міне, осының бәрі – «әттеген-ай». Ал, қалған шаруалар ұжым ішінде шешіледі. Тақырып тағдырдан шығады. Өзіміз іздейміз, өздері келеді.

Жастарға өнеге беруден жалықпайсыз.Тренингтер өткізіп жүрсіз. Жиі айтатын тәмсіліңіз бар ма?

Қазақта жеті ата туралы ұғым бар ғой. Мен сол ұғымды өзіме лайықтап алғанмын. Жастарға да осыны жиі айтамын. Яғни, Бауыржан Момышұлының батылдығын, Дінмұхамед Қонаевтың кішіпейілдігін, Томас Эдисонның табандылығын, Уолт Диснейдің шығармашылық белсенділігін, Иммануил Канттың ұқыптылығын, Уильям Френдтің нақтылығын және Роман Гарсияның жанкештілігін өзіме үлгі еттім. Осы жеті қасиетті бойыңа дарытсаң алмас асуың болмайтынына кәміл сенемін.

Бүгінгі таңда Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының Бас директорысыз. Лауазымыңыз шығармашылық еркіндігіңізге қаншалықты әсер етеді?

– Мен өзімнің шығармашылық еркіндігімді жанұшыра қорғайтын және әрбір бос минутымды өзгеден қызғанатын адаммын. Бірақ, уақыт бізге емес, біз оған жұмыс істейміз ғой. Телеарнадағы қызмет, «Айтуға оңай», одан бөлек басқа да шаруалар менің уақытымды өзара бөлісіп алған. «Жетісу» телеарнасы – жұмысы жүйеленген, мамандар дұрыс шоғырланған, әрбір қызметкер өз шаруасын жетік білетін орын. Бұл жұмысты жеңілдетеді. Дегенмен, осы жазда демалыс үшін үш күн де таба алмадым. Отбасым менен бөлек демалуда. Кейде бір-екі сағат ерте оянып алып, ойларымды жүйеге келтіріп, жазатын дүниелерімді жазып аламын.

– Юнеско көлемінде өткен Коммуникацияны дамытудың Халықаралық бағдарламасының үкіметаралық кеңесінің 28-сессиясында әлем бойынша сегіз мамандық таңдалып, оның бірі журналистика екендігі екшеліп берілді. Сіз үшін ше? Шынымен, бейбіт Қазақстанда журналист болудың өзіндік қатері бар ма?

– 2014 жылы осы ұйымның Бас директоры Ирина Бокова жасаған баяндама шын мәнінде журналистиканың қауіпті мамандық екенін көрсетті. Ойлап көріңіз, 2006-2013 жылдар арасында, бас-аяғы жеті жылда әлемде өз қызметін атқару барысында 593 журналистің өмірі қиылған. Демек, журналистика қорғалмайды, ақпарат қорғалады. Ақпаратты құпия ұстау үшін мемлекеттер мен ұйымдар, жекелеген адамдар бәріне барады. Ақпараттың ашықтығы, әрі қолжетімділігі дегеніміз – жай ғана   миф. Өйткені,  ақпарат – ең қауіпті қару. Құпия ақпараттармен жұмыс істегісі келген әрбір журналист қауіпті қарумен жұмыс істейді. Журналистер үшін қатерлі аймақ ретінде Филиппин мен Мексика, Ирак пен Сирия, Пәкістан мен Сомали елдері көрсетілді. Қазақстан бұл тізімде жоқ. Қазақстан журналистикасы мемлекет құру мен ұлттың ұйысуына қызмет етіп келеді. Оның ұлт мұратынан жырақ көздеген мақсаты болған емес.

Әңгімеңізге рахмет!

 Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*