Тілекқабыл ҚАБДОЛОВ:МҰНАЙШЫЛАР МҮДДЕСІ МҮЛТІКСІЗ ҚОРҒАЛАДЫ

Ал, қазір ше? Барлық кен орындарында тұрмысқа қолайлы, жан-жақты қамтылған жатақханалар мен асханалар салынған. Олар журналистер бүгінде бейнелеп айтып жүргеніндей, кейбір қалалардағы қонақ үйлер мен мейрамханалардан еш кем емес. Қажетті тұрмыстық құралдармен, спорттық жабдықтармен жарақтандырылған. Теледидар жасап тұр. Жай ғана жуынатын емес, тіпті шомылатын бөлмелер бар. Ал, біз кезінде беті-қолымызды шаятын суды біраз жерден шелектеп жаяу таситынбыз. 
Турасын айтқанда, қазіргі кеніштердегі асхана мәзірі кез келген отбасының дастарханынан табылмайды. Оны мойындау керек. Жақсыны жақсы деген дұрыс. Тағам сапасы да жоғары. Жұмысшылардың өздерінен құрылған арнайы комиссия әкелінген әр тамақты жіті тексеріп, сәл күдігі болса, кері қайтарады. Ал, біз кезінде кен орындарына барғанда түнде шешеміз әдейі пісіріп қойған ет пен нанды қағазға орап, қойнымызға тығып алатынбыз.
Міне, салыстыру деген осыдан-ақ көрініп тұрған жоқ па? Ал, алдымыздағы әкелеріміз бен ағаларымыз бізден де қиын жағдайда еңбек еткен. Соғыс жылдарында ақын Асқар Тоқмағамбетов «Мұнайшылар, мұнай бер, соны сенен сұрайды ел» деп ұран тастағанда сөзін доссорлық «қара алтын» өндірушілерге арнапты. Соғыс кезінде жайлы жағдаймен санасатын мүмкіндік бар ма? Міне, қазіргі мұнайшы жастар аға ұрпақ үлгісіне адалдығын сақтап, солардың игі дәстүрінде тәрбиеленуі керек.

– Республика мұнай-газ кешені қызметкерлері кәсіподағының кеңесі Атырауда шоғырлануы да тегін емес шығар?

– Атырауды Елбасының өзі «мұнайлы астана» деп атап, оған лайықты мәртебе беріп отыр. Оның үстіне, мұнай-газ саласы ел экономикасының локомотиві болды және болып та қалады. Мұны Мемлекет басшысының өзі де айтып отыр. Сайып келгенде, Қазақстан тәуелсіздігін жаңа алып, бұрынғы экономикалық байланыстар бұзылғанда тұтас елді тығырықтан алып шыққан мұнай-газ саласы ғой. Оның үстіне, қазақ мұнайының қарлығашы саналатын Қарашүңгіл кен орны осы Атырау облысында орналасқан. Мұның бәрі мұнайлы мекеннің мәртебесін одан әрі көтере түседі. Сондықтан, осы сала қызметкерлерінің кәсіподақ кеңесінің Атырауда орналасуында өзіндік заңдылық бар. Оның үстіне, біз мұнайшылардың дәл жанындамыз, әркез олардың қасынан табыламыз.
Осы орайда мұнай-газ кешені қызметкерлері республикалық кеңесінің төрағасы ретінде ел бойынша осы салаға шолу жасап көрелік. Қазір Қазақстан дәлелденген мұнай қоры жөнінен дүние жүзінің алдыңғы қатарлы 12 мемлекетінің санатына кіреді. Тек соңғы он жылда ғана елімізде «қара алтын» өндіру көлемі үш есе өсті. Өткен жылы ол 79,2 млн. тоннаны құрады. Республиканың мұнайлы аймақтарының территориясы Қазақстан жерінің шамамен 62 пайызын құрайды. Барлығы 172 мұнай және 42 газ конденсаты кен орындары бар. Олар еліміздің 14 облысының алтауында шоғырланған.
Оның үстіне, ең көбірек дәлелденген мұнай қоры Атырау облысында. Мұндағы 75 кеніште мамандармен дәлелденген 930 млн. тонна «қара алтын» қоры бар. Әрине, солардың ішіндегі ең ірісі – Теңіз кен орны. Таяу уақытта алғашқы өнімі алынуы күтіліп отырған Қашаған кеніші де бізде. Оның болжамды алынатын мұнай қорының өзі 2,02 млрд. тонна. Мұндай байлыққа қашан кенеліп едік?! Әлемдік ғалымдардың өздері Қашағанды соңғы отыз жылда ашылған ең үлкен кеніш ретінде бағалап отыр.
Тағы бір дәйек келтірсем, 2003-2012 жылдары облыста мұнай өндіру 16,2 млн. тоннадан 30,2 миллионға өсіпті. Ал, Қашаған қатарға қосылғанда биылдың өзінде 1,5 млн. тоннадан үш миллион тоннаға дейін мұнай алынбақ. Демек, Атырау облысы – Қазақстан мұнайының кешегісі мен бүгіні ғана емес, ертеңі. Ендеше, расында да, мұнай-газ кешені қызметкерлері кәсіподағы кеңесінің Атырауда орналасуы тегін емес.
Оның үстіне, аймақтағы мұнай-газ компаниялары әлемнің елу шақты мемлекетімен экономикалық байланыс орнатқан, 55 кәсіпорында шетелдік инвесторлардың үлесі бар. Өңірде дүниежүзілік деңгейде маңызы зор, мәні жоғары жобалар жүзеге асуда. Әлі де асырыла береді.

– Бүгінде мұнай-газ кешені қызметкерлерінің республикалық кәсіподақ кеңесінің әлеуеті қандай?

– Қазір республика бойынша 56 бастауыш ұйым жұмыс жасайды, бесеуі заңды тұлға болып саналады. Олардың қатарында 30432 мүше бар. Солардың 575-і студенттер және 1110-ы зейнеткерлер. Әділет министрлігінде тіркеуден өтіп, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының толыққанды мүшесі болып табыламыз. Сайып келгенде, кеңестік кезең құрдымға кеткенде де облыста 15 мыңнан аса адамды біріктірген мұнай-газ саласының кәсіподағы жұмыс жасаған. Ол үлкенді-кішілі кәсіпорындарда сақталып қалды және қазіргі тұтастай республикалық салалық кәсіподақ кеңесінің құрылуына іргетас қалады. Сол аумалы-төкпелі уақытта кәсіподақ қызметінің басында болған ардагерлерге мың рахмет, біз олардың есімдерін әркез есімізде сақтаймыз.
Биыл облысқа Халықаралық еңбек ұйымы-Industri ALL Жаһандық одағы мен ҚР Кәсіподақтар федерациясы басшылығы келді. Олардың облыс экономикасының негізін құрайтын мұнай-газ кешенімен, осы сала кәсіподақтарының қызметімен кеңінен танысуына мүмкіндіктері болды. Тәжірибе алмасылды, ортақ проблемалар ортаға салынды. Бір қуанарлығы – қонақтар тарапынан «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы кәсіподақ комитетінің қызметі жоғары бағаланды. Мұндағы жасалған ұжымдық шартта еңбек адамдарына жасалып отырған кең көлемдегі қамқорлық өзгелерге үлгі ретінде ұсынуға лайық екендігі айтылды. Қазір бұл іргелі кәсіподақ ұйымын біраз жылдан бері тәжірибелі маман Мұрат Нысанбаев басқарып келеді.
Одан басқа Атырау мұнай құбырлары басқармасының В. Галингер жетекшілік ететін, «ҚазМұнайГаз – Бұрғылау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қайырбай Елеусінов басшылық жасайтын, «Мәтен Петролеум» акционерлік қоғамының төрағасы Д. Кенжәлиев болып табылатын кәсіподақ ұйымдары алдыңғы қатарда саналады. Әрине, барлық озаттарды айтып шығу мүмкін емес. Бірақ, осындай мықты бастауыштардың нәтижесінде мұнай-газ кешені қызметкерлерінің республикалық кәсіподақ кеңесінің іргетасы қаланады.
Биылғы мамырда біз ҚР Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп Халықаралық еңбек ұйымы-Industri FLL Жаһандық одағының халықаралық конференциясын өткіздік. Ол елімізде әлеуметтік диалогты дамыту және оған кәсіподақтардың кеңінен қатысуын талқылауға арналды. Оған республикалық мұнай-газ кәсіпорындарының өзіміздің қатарымыздағы отыз шақты кәсіподақ комитеттерімен бірге 12 тәуелсіз ұйымдар жетекшілері де шақырылды. Бүкпесіз әңгіме айтылып, толғаулы түйіндер тарқатылды. Соның бәрінің тоғысқан тұсы – кәсіподақ қозғалысын дамыту, оның пәрменділігін арттыру.

– Кәсіподақ ұйымдарының жергілікті атқарушы билікпен байланысы қандай?

– Өте жақсы. Біз облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов тарапынан тамаша түсіністік тауып отырмыз. Жергілікті атқарушы билік басшылығы кәсіподақтар жиналыстарына қатысады, еңбек адамдарымен кездеседі. Сайып келгенде, біздің бәріміздің көздеген мақсатымыз бір. Ол – өңірде әлеуметтік ахуалды сауықтыру, еңбек адамдарына жайлы өндірістік-тұрмыстық жағдай туғызу, түрлі жанжалдарға жол бермеу. Елбасының өзі республика кәсіподақтар қозғалысының қызметін жолға қойып, әрбір кәсіпорында ұжымдық шарт жасақтау қажеттігін алға тартып отырғанда осы ортақ мәселені шешуге біз де жергілікті атқарушы билікпен бірге ат салыспақшымыз.
Сөз соңында, күллі республика мұнайшыларын, соның ішінде атыраулық «қара алтын» өндірушілерді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, мықты денсаулық, еңбекте табыс, отбасында береке тілеймін.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.
Облыс кәсіподақ ұйымдары жетекшілері мен белсенділері ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайыновпен бірге.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*