ТЕОРИЯ МЕН ТӘЖІРИБЕ БІРЛІГІ

Ғалым-математиктердің және өндіріс мамандарының алдыңғы қатарлы зерттеулері мен жасақтамалары, оларды өндірісте қолдану мәселелері қаралған конференцияға ресейлік және шетелдік белгілі ғалымдар, сондай-ақ, Қазақстан, Ресей және басқа да алыс-жақын шетелдерден өндіріс мамандары қатысты.
Шараны ҚР ҰҒА академигі, халықаралық конференция бағдарламалық комитеттің төрағасы Бақытжан Жұмағұлов ашып, он алты жыл бұрын бастамасын тапқан бұл конференцияның маңыздылығына тоқталып, жеткен жетістіктерімен бөлісті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясының басым бағыттарынан туындайтын міндеттерге тоқталды.
– Бүгінгі конференция жас ұрпақтың білімі мен біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Төрт ғылыми бағытта жүргізілетін конференция бағдарламасының да мазмұны терең. Бір ерекшелігі – аймақтың экологиялық мәселелері де кеңінен талқыланбақ. Бұл конференцияның ағымдағы жылы мұнайлы астанада Қазақстан мен Ресей мемлекеттері Президенттерінің қатысуымен «Мұнай-газ секторындағы инновациялар» тақырыбында өтетін ХІ аймақаралық-ынтымақтастық форумының қарсаңында ұйымдастырылуы тектен-тек емес, – деп конференция жұмысына сәттілік тілеген облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев жан-жақтан келген ғалымдарға аймақ басшысының атынан «қош келдіңіздерін» жеткізді.
Конференцияға қатысушылар мұнай-газ саласының қазіргі заманғы жағдайы мен дамуын, оның маңызды бағыттарын, математикалық модельдеу мәселелерін қолдануды талдады. Гетрогенді ортадағы математикалық модельдеуді өңдеу мәселелері және оның мұнай қабаттарына әсері, автоматты талдаудың практикалық жүйесін құру және басқа да ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Ең бастысы, теория мен тәжірибе бірлігі аса қажет екендігі атап айтылды.
Конференция жұмысы жалғасуда. Ауқымды шара жөнінде толық материалды газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*