«ТЕКТІ СӨЗДІҢ ТӨРЕСІ – ТЕРМЕ»

Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен өткен кеште Атырау қаласы, Қызылқоға, Индер, Исатай, Мақат пен Махамбет аудандарынан жиналған он бір термеші бақ сынады. Байқаудың мақсаты – қазақ халқының мол мұрасы саналатын дәстүрлі ән өнерін кейінгі ұрпаққа жеткізу, сақтау, өңірдің өнерлі өрендерін, жас термешілердің талантын шыңдау, шығармашылық кәсіби деңгейін өсіру, өнерсүйер қауымға кеңінен насихаттау болды.  

Термешілердің өнерін Қазақстан Жазушылар Одағы мен Журналистер Одағының мүшесі Жәниба Қарасаева, республикалық термешілер байқауының жеңімпазы Еркінғали Әубәкіров, домбырашы, үздік мәдениет қызметкері Алуа Исмағамбетовалар таразыға салды. 

Кеш шымылдығын ашқан облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Ғабдібек Хабиров дода дарабоздарына сәттілік тіледі.

Байқау ережесі бойынша, қатысушыларға Қазақ хандығының 550, Ұлы Жеңістің 70, сондай-ақ Конституцияның  20 және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдықтарын жырлаған жергілікті ақындардың шығармаларын қалаған мақаммен орындау тапсырылды. «Таза, мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады» демекші, өз өңірінде үздік атанып, дараланып шыққан дарабоздар көркем сөзден маржан сүзіп, жүйрік ойдан жыр тоқыды. Әсіресе, Атырау қаласының үмітін арқалаған Байбақты Ідірбай, Шаттық Тастемірқызы, махамбеттік Өмірбек Нәжімеденов, «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» колледжінің студенті Дариға Шынғалиева мен Құрманғазы ауданының намысын қорғаған Толыбай Қажыгереевтердің орындау шеберліктері  өзгелерден жоғары болды.

Сайыс болған жерде жеңу мен жеңіліс қатар жүреді емес пе?! Бас жүлдені махамбеттік Өмірбек Нәжімеденов жеңіп алса, бірінші байрақ облыс орталығының намысын қорғаған Байбақты Ідірбайға бұйырды. Ал, екінші жүлделі орынға атыраулық Шаттық Тастемірқызы ие болды. ІІІ орынды Индер ауданы атынан қатысқан Нұрдәулет Ахмедияр мен «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» колледжінің үкілеген үміті Дариға Шынғалиевалар  қанжығаларына байлады.   

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*