ТЕГІН КЕШЕНДІ КӨМЕК

Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Ардақ Тукенованың айтуынша, аталған екінші деңгейлі банктің филиалдары облысымыздың барлық ауданында орналасқандықтан стратегиялық серіктес ретінде таңдалып алынған. Ал, «Халық банкі» Атырау филиалы директорының шағын және орта бизнес бойынша орынбасары Назымгүл Сағыналиевадан білгеніміздей, кеңес беру орталығы Атырау қаласы, Сәтбаев көшесі, 4 мекен-жайындағы «Халық банкі» Атырау облысы филиалындағы 219 кабинетте орналасқан. Арнайы оқытылған менеджерлер шағын және орта кәсіп өкілдеріне бизнесті тиімді қаржыландыру, кәсіпорынның құқықтық-ұйымдастырушылық формасын ескере отырып, салық салу, екінші деңгейлі банктермен бірлесіп жүзеге асатын бағдарламалар жөнінде кешенді кеңес береді. Мұның барлығы да ақысыз негізде іске аспақ.

– Мамандар аталған мәселелер бойынша таңертеңгі сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін қызмет көрсетеді. Кәсіпкерлікті қолдаудағы алғашқы «қарлығашымыз» іске қосылды, келешекте оқыту семинарлары, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – деген Назымгүл Ибрагимқызы банктің шағын және орта бизнесті қаржыландыруға арналған бағдарламалары туралы түсіндірді. Мәселен, «Овердрафт» кәсіпорынды қысқа мерзімге несиелендіруге, «Халық Агро» ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлерді қаржыландыруға бағытталады. «Бизнес-контракт» бағыты аймақтағы ірі кәсіпорындармен келісім-шартқа отырған компанияларға беріледі. «Бизнес-депозит» депозитінде қаржысы бар кәсіп иелеріне тиімді. Бұдан басқа, «Халық бизнес-старт», «Халық – кәсіпкер» бағдарламалары да бар.

– Мұнайлы өлкеде екінші деңгейлі банктердің 24 филиалы жұмыс істейді. Яғни, банктер арасында несие алуға асыққан кәсіпкерлерді тартуда бәсекелестік бар. Сондықтан, біз бизнес иесінің өтінішін тез қарап беруге тырысамыз. Қайтарымды қаражатты мемлекеттік бағдарламалар бойынша 6-7 пайызбен берсек, өзіміздің бағыттарымыз бойынша несиелеу 12 пайыздан басталады, – дейді Назымгүл Ибрагимқызы.

Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының сервистік және бизнесті қолдау бөлімінің басшысы Ербол Қайранбаев жеті бағыт бойынша «кәсіпкерлерді қолдау орталығында» сервистік көмек көрсете ала алатынын еске салды. Соның арқасында, бизнес-процесс жеңілдетіліп, уақыты үнемделеді. Айта кету керек, аталған ұйым жергілікті кәсіпкерлерге арнап «Точка роста» газетін шығарыпты. Арнаулы басылымда бизнес әліпбиімен қатар, осы саланың соңғы жаңалықтары тұрақты түрде беріліп отырмақ.

Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер бойынша орынбасары Ардақ Тукенова «Атырау innovations» – үздік идеялар байқауы басталғанын жария етті. Бұл ауыл шаруашылығы, өндіріс, мұнай-газ саласын таңдаған кәсіпкерлерге арналған. Яғни, бизнес иесі тиімді, өміршең идея ұсынады. «Біз оны қарастырып, облыс бойынша бес жобаны жолдаймыз. Ол орталықта қаралып, таңдаулылары инвесторға беріледі. Сондықтан, тың идеяңыз аяқсыз қалмасын десеңіз, асығыңыздар», – деді ол.

Осы орайда жергілікті кәсіпкер Альфия Мұқанова кейбір банктердің несиені тым ұзақ қарайтынына қынжылысын білдірді. Ал, өз кәсібін ашқысы келген кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқанын оңға бағалады.

Айбөпе САБЫРОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*