«Теңізшевройлдың» отандық экономикаға қосқан үлесі 23 жылда – 16 млрд. доллар

«Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Атыраудағы кеңсесінде бірлескен кәсіпорын тарапынан қаржыландырылған әлеуметтік инвестициялық бағдарламаның өткен жылғы қорытындысы шығарылды. Басқосуды кіріспе сөзбен ашқан компанияның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиевтің айтуынша, былтыр алты жобаға барлығы бір миллион шамасында АҚШ доллары жұмсалған. Енді, міне, солардың жетекшілері жұртшылық алдында жасалған жұмысы жөнінде есеп берді.

23 жылда

Жиналғандарды облыс әкімі атынан құттықтаған оның орынбасары Айгүл Әжіғалиева бірлескен кәсіпорынның тұтас еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып отырғандығын айтты. Мәселен, кәсіпорын құрылған сонау 1993 жылдан бері отандық экономикаға барлығы 116 млрд. АҚШ доллары құйылыпты. Аймақта Сарықамыс және Жаңа Қаратон тәрізді елді мекендер пайда болды, ондаған мектеп пен балабақша, аурухана мен емхана салынды, жүздеген шақырымдық инфрақұрылым жүргізілді және жөнделді. Жалпы, жергілікті атқарушы билік үкіметтік емес ұйымдарға жеткілікті қолдау көрсетіп келеді. Ал, қоғамдық құрылымдарды ТШО тарапынан демеу аймақта адами капиталды сапалы қалыптастыруға игі әсерін тигізді.

Бірлескен кәсіпорынның бас директоры Тед Этчисонның компания қызметкерлері мен олардың отбасыларының жылына бір мың сағатын әлеуметтік әлсіз топтарды қамқорлауға арнайтынын айтуы – шындығында, үлгі аларлық жай. Адам саулығы мен табиғат тазалығын жоғары санайтын ТШО қызметін осы тұрғыдан ұйымдастыруда.

Жалпы, өзі өмірге келген сонау 1993 жылы-ақ бірлескен кәсіпорын аймақты әлеуметтік тұрғыдан дамыту мақсатында бюджеті 50 млн. АҚШ долларын құрайтын бес жылдық «АтырауБонусҚоры» бағдарламасын жүзеге асыра бастаған-ды. Ол мәреге сәтті жеткізілген соң 1998 жылы алғашқы жылдық бюджеті төрт миллион доллар болған «Игілік» ерікті әлеуметтік бағдарламасы қолға алынды. Бүгінде игілігін күллі атыраулықтар көріп отырған оның қаражаты 25 млн. АҚШ долларына жетті.

Одан әрі басқару тізгінін қолына алған «Рененссанс» агенттігінің директоры Светлана Крутских жоба жетекшілерін кезегімен сахнаға шақырды.

16 млрд

Алдымен ортаға Орталық Азияның Еуразия қоры бойынша Дамира Темірханова шықты. Ол баяндаған «Жарқыра» жобасы – шын мәнінде, өмірде өзгелерге қарағанда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін аса қажет нәрсе. Аяқ-қолы тартылып, ақыл-есі кемтар балаларды көргенде, расын айтқанда, не істеріңді білмейсің ғой. Басын тауға да, тасқа да соғып, тығырыққа тірелген ата-ана қаншама? Дертке шалдыққан ұл-қызын алыс-жақынмен санаспай, дауасы табылар жердің бәріне алып барады. Айығып кетеріне үміттенеді. Міне, солар «Жарқыра» жобасы арқылы бір-бірімен танысып, өзара көмек қолын созуда. Жылы сөзімен демейді, барымен бөліседі. Сырқат балаларына бірлесіп ем іздейді. Шет елдерге шығып, дәрігерлік жәрдем алуға да мүмкіндік туған.

«Жаңа ақпараттық серпін» бағдарламасы – бүгінгі заманауи технология заманында аса қажетті жоба. Адамдардың алыстан араласып, бір-бірінің көңіл күйін білуі, қысылғанда қолдау, тарыққанда демеу көрсетуі – қазіргі кездің мол мүмкіндігі. Компьютерлік техниканы кеңінен пайдаланып, дүниенің төрт бұрышымен хабарласу қандай ғанибет!

Оның үстіне бүгінгі технология тілін терең түсініп, жаңа жабдықтарды еркін меңгеруге мүмкіндік тумақ. Мәселен, «Аналар үйінде» бәрі бар. Мұнда түрлі жағдайлармен осы орынды паналауға мәжбүр болған әйелдер бас қосқан. Көбінің мамандығы да жоқ. Сонда бір жылдан кейін қайда барады? Мынау дүбірге толы дүниеде орнын таба ала ма? Міне, ақпараттандыру бағдарламасы осындай жандарға жәрдемдеседі. Бүгінде 16 әйел компьютерді еркін меңгерді. Кейбірі білімін одан әрі жалғастыруды жоспарлап отыр. Демек, қызметке орналасарда бәсекелестікке қабілеттілігін танытпақ. Ақырында, осы бағдарлама бойынша ересек адамдар да компьютер үйрене алады.

«Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» үкіметтік емес ұйымы – аймақтағы белсенді қоғамдық құрылымдардың бірі. Оның жетекшісі Ұлықбек Тінәлиевтің айтуынша, «Менің кәсіби таңдауым» бағдарламасы – жасөспірімдерді жұмысшы мамандығына баулитын тамаша жоба. Ол Атырау қаласы мен Жылыой ауданында бірнеше білім ошағын қамтыған. Мәселен, Қосшағыл кентіндегі №2 орта мектептің мұғалімі Шәрипа Қуанышеваның пікірінше, балалар арасында ерекше құлшыныс пайда болған. Сөз ретінде айтар болсақ, шара барысында оқушылар қолымен жасалған бұйымдар көрмеге қойылып, көпшілік назарына ұсынылды. Жалпы, сараптама көрсеткеніндей, мектеп бітірушілердің 15 пайызы таңдаған мамандығына разы емес көрінеді. Демек, оларды о бастан өмірден өз орнын табуға баулыған жөн. Аталмыш бағдарламаның құндылығы да сонда.

Он сегіз жастан асқан 100 адамның қырық шақтысының қан қысымы жоғары. Бұл туралы Қазақстан отбасылық дәрігерлер ассоциациясының баяндамасында айтылды. Оның үстіне әлгі сырқаттардың жартысы ғана дәрігерге көрінеді. Не деген аңғалдық?! Адам өз саулығына осылай жауапсыз қарағаны жөн бе? Міне, осы бағдарлама аясында мыңдаған адам емделіпті. Әрі  біраз дәрігер біліктілігін арттырған.

Британдық кеңес баяндамасы да көпшіліктің көңілінен шықты. Бүгінде, шындығы керек, ағылшын тілі өмірлік қажеттілікке айналды. ТШО әлеуметтік инвестициясы арқылы қаржыландырылған жоба аясында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бір топ оқытушысы Ұлыбританияда білімін жетілдірген. Текке жер көріп, ел аралап қайтпаған, тәлімін кейінгілерге үйреткен. Соның дәлелі – аталмыш оқу орны студенттерінің инвесторлар алдында ағылшынша еркін сөйлеуі. Демек, бұл жастардың ертең өздерін биіктен көрсете алатындығына күмән жоқ.

«PYXERA Global» үкіметтік емес ұйымы жүзеге асырған «Ынтымақ» жобасы волентерлік қозғалысты қамтиды. Бүгінде оған 332 қыз-жігіт тартылған. Олар қарттар мен балалар үйлерін, мұқтаж жандарды қамқорлыққа алған.

Меңдібай Сүмесінов

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*