«ТЕҢІЗ ҒАЛАМАТЫ» ТҰСАУЫН КЕСТІ

«Теңізшевройл» ЖШС-нің үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің жауапты қызметкерлері жақында аудан орталығы – Құлсары қаласындағы Мәдениет үйінде осынау сүбелі туындының тұсаукесер рәсімін жасады. Жағымды жаңалықтан алдынала құлақтанып үлгерген қазыналы өңірдің көзқарақты оқырмандары, әдебиет пен мәдениеттің жанашырлары көп жиналды. Онда сөйлеген ТШО-ның аталмыш бөлімінің кеңесшісі әрі журналист Светлана Қайырғалиева алып кеніш пен айтулы компания – ТШО тарихын жазуға байланысты әуелде облыс журналистерінің ішінен таңдау жасағандарында қателеспегендерін, кітаптың Теңіз мұнай кеніші тақырыбын тұңғыш толғап, алғаш қағылған қадасынан бастап, өсу, өрлеу, өркендеу кезеңдерін терең толғауымен, композициялық құрылымы және публицистикалық ажарлы тілімен ерекшеленетінін атап көрсетті.
Тағылымы мол кітаптың тұсаукесер рәсімі журналист-ақын Қаржау Оразбаевтың танымдық мәнге ие тамаша бір шығармашылық кешіне ұласты. «Ақыны әкімін емес, әкімі ақынын іздеген ел бақытты» дегендей, кешке арнайы келген Жылыой ауданының әкімі Мақсым Ізбасов құттықтау сөз сөйлеп, мерейгердің шығармашылық қызметіне шынайы тілектестігін білдірді. Елағасы «Кәсіби журналист ретінде Сіздің қаламыңыздан туған мағыналы да мазмұнды, пайымды да парасатты, заман ағымына лайықталған шығармалардың – Атыраудың ақпараттық кеңістігінде өзіндік салмағы жоғары екенін жақсы білеміз» дей келіп, қазақы дәстүрмен ақынның иығына шапан жапты.
Аудандық мәслихат хатшысы Мұхтар Кенғанов ТШО-ның бас менеджері Рзабек Дәуітұлы Артығалиевтің әдеби ортаға бет бұрған қолдау көмегі, қамқор қадамына шынайы ризашылық сезімін білдірді және мерейгерге құттықтау хат тапсырды.
Мерейгер қаламгер, сонымен қатар, мәдениет және ақпарат қызметкерлері Кәсіптік одағының Құрмет грамотасымен марапатталды.
Журналист-ақынның көп жылдар бойғы баспасөздегі әріптесі Қонаш Қалдыоразов, әдебиетші, ауданның Құрметті азаматы Мәжит Сағиев мерейжасқа толған қаламгердің шығармашылық жолына, әр жылдары жарық көрген әдеби туындыларына әр қырынан талдау жасады.
Ақын өз кезегінде өмір, әдеби орта, ақындық туралы толғамды ойларын тебірене ортаға салып, заман, туған жер, жастық туралы, жалпы азаматтық әуендегі көптеген өлең-жырларын шабыттана оқуға мүмкіндік алды.
Шығармашылық кештің соңында автор «Теңіз ғаламаты» деректі- публицистикалық дастанының екі жүзден астам данасын өзін қаумалаған жұртшылық өкілдеріне тарту етіп, қолтаңбасын қалдырып жатты.

Бүркіт БАЗАРБАЕВ, журналист-ақын,
Жылыой ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*