Теңдессіз туынды

Астана. Елбасы. Бұл әрбір қазақстандықтың жүрегіне жақын, әрі егіз ұғымдар. Астана – тәуелсіз Қазақстан үшін жарқын келешектің нышаны, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың теңдессіз төл туындысы!

Теңдессіз туынды

Қазақ елі тәуелсіздігінің нышаны іспеттес әсем қаламыз Астананың бой көтергеніне биыл 20 жыл толды. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, осынау аз ғана жылдың ішінде елордамыз әлемдегі дәулеті тасып, сәулеті асқан  сұлу шаһарлардың  қатарына еніп үлгерді. Тарихқа сәл шегініс жасап, елордамыздың жылнамасына көз жүгіртер болсақ, сонау 1997 жылдың 20 қазанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ақмола қазақ елінің астанасы болып жарияланған-ды.

Астананың сәулеткерлік тұжырымдамасын жасау барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың елордада Батыс пен Шығыстың мәдени дәстүрлері үйлесім тапқан ерекше еуразиялық стиль қалыптастыру идеясы негізге алынды. Астананың бас жоспарының авторы белгілі жапон сәулеткері Кисе Курокава болды. «Бәйтерек» кешені Астананың басты символына, оның өзіндік бойтұмарына айналды. Өзге де бірегей сәулеткерлік ғимараттар қатарында белгілі британдық архитектор Норман Фостердің жобасы бойынша пирамида үлгісінде салынған «Бейбітшілік және келісім» сарайын, әлемдегі ең биік шатыр үлгісіндегі ғимарат ­– «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын, теңізден алыс орналасқан океанариум – «Думан» орталығын, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театрын, Орталық Азиядағы ірі рухани орда – «Әзірет Сұлтан» мешітін, «Қазақстан» орталық концерт залын, «Қазақ Елі» монументін, қазіргі заманғы өнер музейі мен Президенттік мәдени орталық ғимараттарын атауға болады.

Жол түсіп, іссапармен Астанаға барған сайын бой көтерген зәулім тұрғын үйлері, сәулетті де сәнді ғимараттары, саябақтар мен мәдени-демалыс орындары жаныңды жадыратып, көңіліңді марқайтады.  Жиырма жыл ішінде Астана Қазақстанның  тәуелсіздігі мен егемендігін паш еткен мемлекеттік орталық болып танылды. Сәулетті Астанамен тағдыры тоғысқан, халқымен жүрегі бір Елбасы бастаған нұрлы көш –Қазақстанның Тәуелсіздік жолы жалғаса бермек. Астанадай ғаламат қала Қазақ жерінің мәңгілік жерұйығына айналды.

Елбасының бас қаланы Сарыарқаның төсіне көшіру идеясы және оны жүзеге асыруы – көпұлтты халқымыз үшін аңызға бергісіз, ерлікпен пара-пар қадам. Осы идеяны Елбасының көтеруінің өзі оның кемеңгер екендігін көрсетеді.

XVII ғасырда өмір сүрген ағылшын ақыны Джордж Герберттің «Келешегін болжай алмаған көштен қалады» деген сөзі бар. Ал, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елінің келешегін болжай білді. Президенттің көрегендігін бүгінде бүкіл әлем мойындап отыр.

 

Бақытжан ЖҰМАТ

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*