Тазалыққа – вахталық әдіспен!

Атыраудың жол тазалаушылары вахталық әдіске көшті. «Арнаулы автобаза» жауапкерлігі шектеулі серіктестігі арнаулы техника жүргізушілері үшін 15 күн еңбек етіп, 15 күн демалатын жұмыс жүйесін өмірге енгізді.

%d1%82%d0%b0%d0%b7%d0%b0%d0%bb%d1%8b____%d0%b0-%d1%86-%d0%b2%d0%b0%d1%85%d1%82%d0%b0%d0%bb%d1%8b__-__%d0%b4%c2%a6%d1%81%d0%bf%d0%b5%d0%bd

«Арнаулы автобазаның» басшылығы бұдан бұрын жұмыс қолының жетіспейтіндігі, техникалардың тапшылығына байланысты  шағымданған еді. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өткізген алқалы жиында да осы мәселе көтерілді. Байқасақ, жергілікті жерде 40 мың теңге жалақылы жұмысқа ешкім келмейтін болып шықты. Осы себептен кәсіпорындағы 350 адамның орнына 130 жұмысшы еңбек етіп келген.

Кәсіпорынды шырмаған проблемалар бүгінде бірте-бірте шешіле бастады. Қазан айынан бастап жол қызметіндегі жұмысшылардың жалақысы екі есеге өсті. Жүргізушілердің айлығы да ұлғайып, 120-160 мың теңгеге жетіп отыр. Облыс әкімшілігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа жұмыс жүйесі тиімділігін көрсетеді деген үмітпен қолға алынуда.

– Қазірдің өзінде біз 230 адамды жұмысқа қабылдап отырмыз. Алдағы қыста штат толығады деген жоспарымыз бар. Арнаулы техникалардың жүргізушілері вахталық әдіспен еңбек ете бастады. 15 күн жасап, 15 күн демалатын қызметке негізінен ауданның тұрғындары қабылдануда. Олар үш мезгіл тамақ, жататын орынмен қамтамасыз етілуде. Бір жүргізуші вахтасы кезінде 80 мың теңге еңбекақы алады, – дейді  серіктестік директорының орынбасары Самат Тұрниязов.

«Арнаулы автобаза» бүгінде 10 арнайы техника сатып алуда. Қоқыс тасымалдаушы жаңа көліктер қатты тұрмыстық қалдықтарды уақытында шығару мәселесін шешеді. Одан өзге, қараша айында қысқы маусымға қажетті техникалар жеткізілетін болады. Кәсіпорын 290  қоқыс контейнерін алды. Ол алдағы уақытта арнайы жерге орнатылмақ.

Қоқыстардың қалай «пайда бола қоятыны» да анықталып жатыр. «Арнаулы автобаза» ЖШС-інің  директорының  тағы бір  орынбасары Кимеядин Шмановтың айтуынша, биыл тендерде жеңіп алған, мемлекеттік мекемелердің ауласынан қоқыс шығаруға міндеттелген жеке кәсіпкерлердің қатты қалдықтарды сақтайтын полигондары жоқ. Сондықтан, олар түрлі қулықтарға барып жатады екен.

– Кәсіпкерлер шығарған қоқыстарын кез келген жерге төге салады. Ол – біз қызмет көрсететін контейнерлік алаңдар немесе қала іргесіндегі ашық алаңдар болуы мүмкін, сөйтіп, өз міндеттерінен оңай құтыла қояды. Түрлі қоқыстардың жинақталып қалуына осы жағдай себепші болуда. Біз қалалық әкімдікке 2017 жылы өткізілетін тендерлерде жеңімпаздың өзінің жеке полигоны, немесе осындай алаңы бар кәсіпорынмен келісім-шарты болуы шарт екендігін айтып, хат жаздық, – дейді Кимеядин Шманов.

«Арнаулы автобазаның» жергілікті атқарушы орындарға шағымынан кейін, 7 кәсіпорын олармен келісім-шарт жасасыпты. Осылайша, тазалыққа жауапты негізгі құрылым қоқыстарды қалалық қоқыс алаңына жеткізуді мойнына алып отыр. Алайда, тазалық жайындағы проблема тек мұнымен шектелмейді. Қазір облыс орталығында салынып жатқан жеке тұрғын үйлер көп. Олардың айналасындағы құрылыс қалдықтарынан аяқ алып жүргісіз. Дегенмен, оны тазалауға үйдің иелері асықпайтын көрінеді.

– Біз полиция қызметкерлерімен бірге рейдтер ұйымдастырудамыз. Оның барысында жеке баспаналардың қожайындарына қоқысты алудың қажеттілігін ескертеміз. Сөзімізді тыңдамаса, онда іске полицейлер араласып, айыппұл салады. Үйдің иелерінің айналасындағы лас-қалдықтарды тазалауы үшін жеке техникаларды жалға алуына немесе біздің қызметімізді пайдалануына мүмкіндігі бар. Белгіленген көлемде ақшасын төлесе, қоқысты қалалық полигонға да жеткізіп береміз, – дейді кәсіпорын өкілдері.

«Арнаулы автобаза» ЖШС  қала тазалығына байланысты шараларда әлеуметтік желілердің де көмегіне сүйеніп отыр. Қазірдің өзінде кәсіпорынның «Инстаграмдағы» бетшесіне 950 адам жазылған. Тұрғындардың «Ватсаптағы» +7-701-180-26-79  желісі және диспетчерлік қызметтің 29-02-62 телефоны бойынша шағымдануына мүмкіндігі бар. Қысқы мезгілде қала көлеміндегі қарды уақытында шығаруда да осындай желілер пайдаланылатын болады.

Азамат Базарбаев

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*