ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТӨЛҚҰЖАТЫ

 

Толықтырылып, жаңа қосымшалар енгізілген бұл құ-жат алдымен еліміздің қарқынды дамуына жол ашты.

Конституцияның екінші бабы айқын белгілеп бергендей, Қазақстан Республикасы президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет болып танылды.

Одан әрі жаңа Конституция бойынша мемлекеттік біртұтас билік заң шығарушы, атқарушы және сот билігі болып үш тармаққа бөлінді. Ата Заңымызда осы үш билік тармағының өзара және Мемлекет басшысының билік тармақтарымен арақатынасы нақтыланды.

Көппартиялық негіздегі саяси жүйе қалыптасты, парламентаризмнің негізі қаланып, қос палаталы Парламент дүниеге келді. Соның нәтижесінде бүгінде тиісті тәжірибеден өтіп, кәсіби шеберлігі шыңдалған Парламентте қоғам игілігіне қызмет етіп жатқан жүздеген жарқын із қалдырар жаңа заңдар қабылдануда.

Конституцияға жергі-лікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару бөлімінің енгізілуі де халықаралық үрдістерге сай келеді. Жергілікті өзін-өзі басқару институтының танылуы – әрбір азаматтың өз ой-жоспарларын жүзеге асыру, азаматтық бастамашылдығын көрсету мүмкіндігі болуын, жергілікті маңыздағы мәселелерді халықтың дербес шешуін қамтамасыз ету деген сөз. Бұл – жаңа Конституцияның жетістігі.

Сондай-ақ, сот жүйесін қалыптастырудың айқын ережелері белгіленді. Соттар мен судьялардың мәртебесі заңнама тұрғысында анықталып, ол сот төрелігін жүзеге асырудың құқықтық кепілдіктерін нығайтты. Елімізде серпінді түрде сот реформасы жүріп жатыр. Соның нәтижесінде бүгінде озық елдер үрдісі мен үлгісіне бой ұрған тәуелсіз сот билігін, сондай-ақ, сот төрелігін жүзеге асырудың өркениеттік жүйесі қалыптасты.

Конституцияның қабылдануы республикамыздағы сот жүйесіне алып келген жаңалықтары қылмыстық істерді тергеу мен қарау тәртібін бұрынғыдан да жеңілдету мақсатында Қазақстан Республикасының Іс жүргізу кодексіне тиісті өзгертулер енгізіліп, Жоғарғы соттың нормативтік қаулысы қабылданды. Сот өндірісін оңтайландыру және сот қаулыларын орындаушы органның құрылымдық жүйесі жетілдіріліп, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңына өзгертулер енгізілді.

Алқабилер институтының тиімді түрін енгізудің жолдары ғылыми талдаудан өтіп, 2007 жылдан бастап заң қолданысқа енді. Аталған заң бүгінге дейін тиімді қолданылып келеді. Мамандандырылған соттар орнықтырылып, республикамызда қазір мамандандырылған экономикалық, әкімшілік және Астана, Алматы, Атырау қалаларында кәмелетке толмағандарға арналған соттар жұмыс жасауда.

Дауларды шешудің баламалы әдістерін енгізудің мүмкін-шіліктері жан-жақты зерттеле келе, «Аралық соттар туралы» және «Халықаралық коммерциялық төрелік туралы» Заңдар қабылданды. Республика соттары тергеу ісіне сот бақылауын енгізуде шетел тәжірибесін терең зерттеп, осы әдістің дұрыстығына көз жеткізді. Елбасының «Конституцияға сәйкес қылмыстық қудалау органдарының іс жүргізу қызметіне деген сот бақылауын күшейте түсу керек, ол үшін тұтқындауға соттың санкциясын шығару институтын енгізуіне дейін бару керек» деген ұсынысын басшылыққа ала отырып, 2008 жылдың 5 шілдесінде қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізіліп, алғашқы тергеу кезінде сезіктіге, айыпталушыға қамау, үй қамауында ұстау, бұлтартпау шарасына санкция беру прокуратурадан сотқа өтті. Ол заң 2008 жылдың 30 тамызынан бері қолданыста. Осы және басқа да бағыттағы сот жүйесін жетілдіре түсу жолында жасалып жатқан барлық игі шаралардың басталуы сот реформасының өзекті бағыттарын айқындап берген Ата Заңымыздың арқауында жатқанын атап айту ләзім.

Негізгі заңымызда алғаш рет Конституциялық Кеңес сынды мемлекеттік орган белгіленді. Бұл да – өте құптарлық жай. Өйткені, Конституциялық Кеңес Конституцияның тұрақтылығын қамтамасыз етумен бірге, қабылданатын заңдардың Ата Заңға сәйкестігін бақылайды және оның сапасына да кепіл болады.

Қолданыстағы Конституцияда мемлекеттік тіл статусы да айқындалады.

Ең бастысы, бүгінде халық қоғамның барлық тыныс-тіршілігі заңмен ғана реттеліп, заң арқылы ғана шешілетінін түсінді. Бұл өз кезегінде Ата Заңның қоғамдағы әлеуметтік теңдік пен ұлттар арасындағы татулықты орнықтырудағы, саяси-экономикалық тұрақтылықты нығайтудағы және дамудың демократиялық  жолына батыл түскен Қазақстанның өркениетке қарай қарыштай қадам басуының алғы шарттарын жасап берген жасампаз да, өміршең құжат екенін көрсетеді.

Перизат ИМАНҒАЛИЕВА,

Индер аудандық сотының бас маманы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*