ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТҰҢҒЫШЫ

Ал, бұл ретте Атырау аймағына айрықша назар аударылуда. Сайып келгенде, мұнай-газ саласына қатысты ірі жобалардың дені осы өңірде шоғырланған.

Алынатын шаралар нәтижесінде мұнай-газ саласында өнім өндіру көлемі жылына 17 млн. тоннадан 88 миллионға дейін өспек. Ол өңірде «қара алтын» мен «көгілдір отыннан» алынатын дайын өнім деңгейін көтеруге мүмкіндік бермек. Міне, еліміз бойынша бірінші рет қолға алынып отырған газ-химия кешенін республиканың өзге өңірінде емес, дәл Атырауда құру қажеттігі де осы облыста мол шикізат қорының болуына байланысты. Оған, мамандардың айтуынша, барлық алғышарт бар.  

Жалпы, газ-химия кәсіпшілігі «көгілдір отын» шикізатымен жұмыс жасайды. Қазақстандық табиғи және ілеспе газ өзінің құрамы жөнінен көршілес Ресейдің сапалы саналатын шикізатымен салыстырғанда да еш теңдесі жоқ. Біздегі өндірілетін газ құрамында этан қоспалары орташа алғанда 13-16 пайыз аралығында. Ал, ол – ең басты газ-химия шикізаты. Мамандардың айтуынша, этаннан этилен, одан соң полиэтилен алу – әрі экономикалық, әрі технологиялық тұрғыдан тиімді.

Жалпы,  мамандардың айтуынша, өңірде газ-химия кешенін қалыптастыру үш сатыда жүзеге асырылады. Оның бірінші сатысында Теңіз кенішінің ілеспе газын пайдалану көзделген. ТШО мен «Атолл» акционерлік қоғамы жылына 6 млрд. текше метр газ жеткізу жөнінде ұзақ мерзімдік меморандумға қол қойды. Соған сәйкес тасымал мерзімі, көлемі және бағасы анықталды. Бұл сатыға қатысты қолға алынар жұмыстар қатарында Атырау қаласы маңында газ-химия кешенінің және Жылыой ауданындағы Қосшағыл кенті тұсында газ айыру қондырғысының құрылысы жоспарланған. Сонымен қатар, Қосшағыл-Атырау этан құбыры тартылмақ.

Келесі сатыда Қашаған кенішінің газы пайдаланылады. Таяу уақытта бұл кен орнының алғашқы өнімі алынатындығын ескерсек, оған да мүмкіндік тумақ. Батыс Ескене маңында пайдалануға берілетін «Болашақ» зауытының қуаты осында да қолданылады.

Ақырында, Қарашығанақ кенішінің газына есептелген үшінші зауыттың тұрғызылуы да жоспарда бар. Оның да іргетасы қаланбақшы. Өйткені, Елбасының  Қазақстан халқына Жолдауында Қарашығанақ кен орнында қуаты жылына 5 миллиард текше метр газ өңдеуге жететін зауыт құрылысына кірісу керектігі айтылған. Демек, Атыраудағы газ-химия кешенінің үшінші сатысына аяқ басқанда бұл нысан да пайдалануға беріліп, оның өңделген табиғи газы қолданылады.

Елбасы тапсырмасымен әкімдік тарапынан мемлекеттік маңызды жобаны қолдау бағытында барлық шаралар алынды. Жергілікті атқарушы биліктің пәрменімен Мақат ауданының Ескене елді мекені тұсынан газ-химия кешенін тұрғызуға аумағы 400 гектарлық жер телімі бөлінді. Қазір мұнда қажетті инженерлік коммуникациялар жеткізілуде. Жылыой ауданының Қосшағыл кенті төңірегінен де құрылыс жүргізіледі.

Осы кешен қолға алынуының бастапқы баспалдағында-ақ өңірде көмірсутегі өндіру көлемін ескеріп облыстық әкімдік газ-химия кластерінің құрамы мен құрылымы туралы ұсыныстар берген-ді. Олар кезінде салалас министрліктер тарапынан қолдау да тапқан. Біздің ойымызша, қазір де құндылығын жойған жоқ. Жалпы, мұндай құжаттың қажеттігі – қосымша құн тізбегін құру негізінде газ-химия өнімдерін шығаруды қалыптастыру. Ол 2003-2015 жылдарға арналған еліміздің индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасында белгіленген міндеттерді толық шешуге және инвестиция көлемін дәл анықтауға мүмкіндік береді. Біз одан не ұтамыз?

Алдымен, тұтастай алғанда, аймақта газ-химия кәсіпшілігін дамыту полимерлік шикізатты пайдаланып, жаңа өндірісті ұйымдастыруға және жоғары қосымша құнмен бәсекеге қабілетті тауарлы өнім шығаруға жағдай жасайды. Одан әрі, инновациялық бағдарламалар негізінде газ-химия өнімдерін дайындау және өткізудің жалпыәлемдік жүйесінде интеграцияны қалыптастырады. Сөйтіп, сыртқа көмірсутегі шикізатын тасымалдағаннан гөрі жоғары технологиялық өнім шығарып, бұдан да көбірек табыс табуға болады.

Газ-химия кешені Солтүстік Каспий жобасы аясында мұнайдан ілеспе газды айыру үшін тұрғызылған «Болашақ» зауытынан небәрі тоғыз-ақ шақырым жерде. Қашаған газы о баста жер қыртысына қайта айдалуы жоспарланған-ды. Әйтсе де, кейін оны шикізат ретінде газ-химия кешенінде пайдалану шешілді.

Міне, осы шаралар аясында «Ұлттық газхимия технопаркі» еркін экономикалық аймақ құру мәселесі көтерілді. Мамандардың айтуынша, бұл аймақ бірнеше бөліктен тұрады.

Оның біріншісі Атыраудан солтүстік-шығысқа 33 км және Қарабатан стансасынан солтүстікке сегіз шақырым жерде құрылмақ. Жалпы көлемі 1267 гектар. Осы алаңның 967 гектары өндірістік, инфрақұрылымдық, әкімшілік және әлеуметтік-тұрмыстық объектілерге арналған. Ал, 300 гектары газ-химия кешенінің негізгі нысандарына бөлінген.

Еркін экономикалық аймақтың екінші бөлігі Теңіз кенішінде болмақ. Мұнда 100 га жерге жаңа газ айыру қондырғысы салынады. Осы жерден Қарабатан стансасына дейін ұзындығы 230 шақырымдық құбыр тартылмақ.

Үшінші бөлік 285 га жерімен бұрынғы химия зауытының маңында болады.

Ақырында, қала сыртындағы Атырау пластикалық құбырлар зауытының тұсындағы төртінші бөлік химреагент дайындауды жүзеге асыратын кәсіпорынға арналған.

Жалпы, бұл өз алдына бөлек әңгіме болғанымен, еркін экономикалық аймақтың кәсіпкерлерге берер пайдасы мен тиімділігі зор. Бәрін айтпағанда, олар түрлі салықтардан айтарлықтай жеңілдік алады немесе мүлдем босатылады. Тек осы аймаққа кіру үшін мемлекеттік маңызды жобаларды жүзеге асыра алатын, қуаты зор, мүмкіндігі мол таңдаулы кәсіпорын болуы шарт. Бұл – негізгі талаптардың бірі.

 …Сонымен, облыста Елбасының тікелей басшылығымен тағы бір ірі жоба басталды. Ол өңірде жұмыссыздық мәселесін оңтайды шешуге де септігін тигізбек. Мәселен, осындай жобалар нәтижесінде ғана қосымша 4000 шамалы жаңа жұмыс орны ашылмақ.  Оған алдымен жергілікті жастар тартылады. Демек, Теңіз кеніші мен «Болашақ» зауыты құрылысында толымды тәжірибе жинақтаған атыраулықтарға өздерінің шыңдалған шеберліктерін көрсетуге тағы да мүмкіндік туады. Отандық мамандарды ірі жобаларға тарту да – Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі әкімдерге беріп отырған нақты тапсырмаларының бірі.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*