Тауқыметте тоғысқан тағдырлар

Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері  «Серпер» жастар сыйлығының иегері, жазушы Мәлік Отарбаевтың тұңғыш пьесасы –  «Баянды бақты» сахналады.

ЕАС 567

Атыраулық труппа қойылымды қазақ-түрік тілінде қойды. Автордың өзі айтқанындай, пьесадағы оқиғалар бір адамның тағдырына байланысты өрбіді. Оқиға 250 жыл  Осман мемлекетінің иелігінде, одан кейін кеңес одағының аумағында болған. Ахыска (грузинше Месхетия) жерінің тумасы Жасминнің тағдыры туралы баяндалады. Ахыска өңірі –  қазіргі Грузия аумағында, Пософ өзенінің екі жағасында орналасқан тарихи–мәдени аймақ. Қазіргі заманда Месхетияның елеулі бөлігі Грузия Республикасының  және Түркияның шекаралас аймақтарында орналасқан.

Тарихи деректерде, Ахыска аймағы 1578 жылы Сұлтан III, Мұрат хан заманында османдықтардың жеріне қосылды. Ол жерге Кония, Йозгат және Токат аумақтарынан жанұялар қоныстандырылды. 1828-1829 жылдардағы Осман-Ресей соғысында орыстар әуелі Карс, сосын Ахысканы басып алды.

Екінші Дүниежүзілік Соғыста Сталин қару ұстай алатын 40 мың түрікті соғысқа алғаннан кейін, қалған 91 мың түрік 1944 жылы 14-16 қарашада Өзбекстанға жер аударылды. Бұл айдауда 17 мың адам қаза тапты. Кейіннен Ахыска түріктері Қазақстан, Қырғызстан, Түркменістан, Әзербайжан, Түркия, Сібір сияқты елдерге дүниенің барлық жеріне тарап кетті. Қазіргі уақытта жер бетінде 300 мыңға жуық Ахыска түріктері бар екені болжануда. Олар тарихи мекендеріне қайта оралу үшін түрлі амал-әрекеттер жасауда.

ЕАС 450

Осындай қиын кезеңде бала-шаға, қариялар да жол бойындағы пойызға ентелей шығады. Бірақ, ас-су жоқ әбден аштықтан қажыған олар әрең дегенде пойызға мініп жатады. Көпшіліктің ішінен Жасмин есімді жүкті әйел күш-қуаты кемігені сонша, пойызға мінетіндей жағдайы болмай, айдалада қалып қойған. Жұбайы Әкбар болса, көптің ішінде пойызда кетті. Өкініштісі, олар мінген пойыз «азап көлігіне» айналып  жолда көбі қырылып өледі. Қойылымда Әкбардың тірі не өлі екені белгісіз. Бір ойлантатыны, Әкбардың әйелін тастап, өз басын сауғалап қашқаны несі?! Ол неге әлсіздік танытты? Сүйікті жарын неге бірге алып кетпеді?!

Қазақ жерінде айдалада жатқан Жасминді Әшіргүл әжей мен кенжесі Тасболат тауып, үйіне әкеледі. Пана болады. Тәуіпке қаратқан соң, әйелдің беті бері қарап, сауығады. Оған әжей жылы киім мен шұлық береді. Сөйтіп, айы-күні жетіп, торсықтай ұл бала дүниеге келеді. Оның есімін Қазақбай қояды. Қазақ жерінде қалған Жасминнің әр күні НКВД жендеттерінің бақылауында еді. Сәби «шығыстық емес, кеңестік тәрбие алуы керек» деген желеумен балалар үйіне өткізесің деген пәрмен алған Жасмин қарсыласып, қалайда баланы бермеуге тырысады. Сол ұрыс-керісте жендеттің бірі атқан оқ Әшіргүл әжейге тиіп, қазақтың ең мейірімді, данагөй қариясы өмірден өтеді. Сөйтіп, өзін қамқорлаған Әшіргүл әжейдің кенжесі Тасболат пен Қазақбайды адам қатарына қосу Жасминнің мойнына жүктеледі. Бас қосуға ниет білдірген жігіттердің бір де біреуінің сөзіне құлақ аспай, келіншек сол әулеттің абыройы үшін барын салады. Кейін Тасболат үлкен теміржолдың басшысы болса, Қазақбай да оның артынан ақылды, білімді бала болып ержетеді.

ЕАС 196

Жұма сайын Әшіргүл әжейдің басына барып, құран оқып, дұға бағыштайды. Түріктің әйелі өмір бойына қазақтың бір әйеліне қарыздар болып өтеді. Сол арқылы қос елдің арасындағы байланысты, терең түсіністікті көруге болады.  Таңғалдырғаны, мұсылман әйелінің қандай жағдайда да арын, ұрпағын ойлауы. Жұбайының алдындағы өз борышын, талай жыл оны көрмесе де, орындауға тырысқаны. Бар арманы – күйеуімен қайта қауышу. Өмір бойы сол Әкбарын күтеді…

Қазақ елі егемендігін алған тұста Қазақбай да елеулі азамат еді. Ол Түркиядан Қазақ-Түрік лицейін ашуға Қазақстанға келген Мәуліт деген досын үйіне әкеліп, анасымен таныстырады. Білісіп, сұрасқанда Мәуліттің атасының есімі Әкбар екен. Жасмин ананың қолындағы арнайы жасалған жүзікті көрген Мәуліт таңғалып, атасында да барын айтады. Бұл сәйкестік пе, әлде тағдыр ма? Режиссер мұны көрермендер пайымына қалдырады.

Қойылымда дінді, қазақтың салт-дәстүрін дәріптеуге шектеу қою секілді сталиндік жымысқы саясат та мейлінше көрініп отырды.

ЕАС 117

Жасминнің рөлін ҚР мәдениет қайраткері Ғазиза Бейсенова, Әкбарды – Асхат Мұсағалиев, Қазақбайды – Қанат Ізет, Әшіргүл апаны – Гүлнар Әубәкірова,  Тасболатты – Әміржан Нұрлан, орыс офицерлері мен күзетшілер – Ержан Жұматов, Шынар Рамазанова, Дастан Пышанов,  аудармашы – Нұрбек Съезхан, оператор – Бақытжан Өтеғалиев, Тәуіп кемпір – Гүлнар Айтқалиева, Мәуліт рөлін Бекет Зинуллин сомдады. Әсіресе, қойылымды бастан аяққа алып шыққан Ғазиза Бейсенованың шеберлігін ерекше айту керек. Түріктің әйелін айнытпай сомдағаны сонша, залда отырған көпшілік әсерленіп, көздеріне жас алды.

Қойылым соңында сахнаға шығарма авторы Мәлік Отарбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург, театрдың көркемдік жетекшісі Рахымжан Отарбаев, театрдың директоры Берік Жәменов және пьесаның режиссері мен суретшісі Мұқанғали Томанов, Темірбек Мұхтаров шығып, 1 сағат 40 минутқа созылған қойылым жайында пікірлерін білдірді. Автор өз кезегінде шығарманың сәтті сахналанғанына ризашылығын білдіріп, Түркиядан әкелген сыйлығын табыстады.

«Спектакль – тарихи философиялық туынды. Өйткені, қиын қыстау кезеңдегі зұлмат жылдары қазақтың топырағында пана тапқан талай ұлттың бірі түрік еді. Кешегі отызыншы жылдары тағдырдың тәлкегіне түскен қазаққа да жақсылық жасаған – осы жұрт. Бұл екі халықтың бір-біріне айтқан рахметі болса керек», – деді Рахымжан Отарбаев.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

 Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*